» » Қарғыстың да ағы бар

Қарғыстың да ағы бар

Көрші әже бар еді. Ірі денелі, қап-қара. Түсі өте суық. Есік алдына ойнарда алысқа қарай қашатынбыз. Ұстап алса болды, анау ата-бабаңнан бастап түгіңді қалдырмайды. Бізбен қатар өскен ұлы күн-түн демей әжесіне қарайласатын. Мал бағып, үй тірлігін жасаумен-ақ арамызға қосыла алмады. Ал өткен күні...
Оның қасында болмасақ та күнде бір жанжалдың шығып жатқанын еститінбіз. Әжесі жер-жебіріне жетіп қарғап жататын. «Иттің баласынан» басталған теңеу «Тұқымың құрғыр», «Жер тартқыр» деп жалғаса беретін. Жігіт есейді. Алайда ғұмыры қысқа болып, кісі қолынан қаза тапты. Әжесі айтпақшы, қара жер өзіне тартып, тұқымы құрыды. Әке-шешесінің жалғыз тұяғы еді...
Біздің үйде де әжеміз болды. Бірақ ол «нашар баласың» деген тыйымдарымен қатар «Тұқымың көбейгер», «Тұқымың өссін», «Тұқымың жайылсын» деп жекіп отыратын.
Аңдамай сөйлеп, ашу үстінде қарғап-сілейтініміз бар ғой. Сөздің киесі ұратынын білмей жатамыз. Ең жаманы – қарғыс. Қарғасаң, ол өзіңе келіп тиеді. Біреудің ала жібін аттап, қатты ренжіткенде алғыс емес қарғыс алсаң ол да алдыңа келеді. Ал ақ қарғыстың барын біліп пе едіңіз? «Бал тамған тілден у тамар» деген қазақпыз. Мәселен, әлгінде әжем айтқан «тұқымың өссін», «тұқымың жайылсын» деген сөзді алайық. Бұл әрі ашу үстінде, әрі оған айтылған бата іспеттес. Айтылғанда қаттылық еседі. Бірақ мағынасы оң.
Қарғыс та, алғыс та – шешендік өнердің бір саласы. Ауыз әдебиетінің шұрайлы саласы шешендік сөздің кенже зерттелгені былай тұрсын, ел аузынан жыйыла бастағанына да ұзақ болған жоқ. Олай дейтініміз бір-екі журнал жариялаған бата, тілек, алғыс сөзі болмаса қарғыс сөздер атымен жазба бетін көрмепті. Іздедік, кітап бетін ақтардық, қарадық. Бірақ қарғыс туралы тереңіне бойлай алмадық. Шешендік сөздерді арнайы зерттеп, осы салада кітап шығарған мамандар былай дейді. Шешендік арнау (сәлем, әзіл, бата, елге, жерге, малға айтылатын сын), шешендік толғау (аманат, ақыл, өсиет-насихат), шешендік дау (ар-намыс, есе-теңдік, алашақ-ақы, жер, жесір, мал, құн дауы) деп бөлсе, енді бірде шешендік толғау, шешендік арнау, шешендік дау деп топтастырады. Кей ғалымдар алғыс пен қарғысты екіге бөліп, талдау жасау керек дегенді айтады. Қазақ тіліндегі алғыс пен қарғыс адам өміріндегі жақсы мен жаманды парықтандыратын сара сөздер. Әсілінде мұны «жаман сөз» деп санамызға тоқымадық. Оның мәніне, мағынасына тереңіне бойлап көрмедік.
Ақ қарғысқа қандай сөздер жатады? Мұны өтірік қарғау десек те болады. Балаға айтылған бұл қарғыс түрі шын ниетімен, жамандық тілемейтін, зілсіз, кексіз, тек кейіс түрінде айтылған реніш сөз. Мәселен, «Жолың болғыр, басқан ізің артыңда қалғыр». Таңдаулы хадис шәрифте бұл туралы: «Өздеріңе, бала-шағаларыңа және мал-мүліктеріңе бетдұға (қарғыс) етпеңдер! Дұғалардың қабыл болатын уақытқа тура келіп бетдұғаларың қабыл болады» деген екен. Мұның мәні қарғыстың қабыл болатынында. Иә, қазақ «Он күнәнің тоғызы – тілден» деп бекер айтпаса керек. Бас­тысы адам кек қуыспай, кешірімді болса құба-құп.
Бірде көрші әжейдің үйіне бардым. Сондағы менің әжем тамақ апарып бер деп жұмсағаны еді. Қорықсам да үйіне келіп, әжем берген дәмді асын ұсындым. Төсек тартып жатып қалған әжей баяу үнімен «Өркенің өссін» деп сыбырлап жатыр. Мүмкін осындай сөздерді немересі құлағына құйып өскенде, ұзақ жасар ма еді, кім білсін?!

Айнұр ӘЛИ

02 шілде 2022 ж. 6 005 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 009

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031