» » Мысықты пысық алдаған күн

Мысықты пысық алдаған күн

Ауылдың кіттәй кемпірі, үйдің үлкен әжесі, біздің арқалаушымыз бүгін тағы бүлінді. Көңілі болмаса бәрімізді бір сызықтың бойына тізіп қоятыны бар. Ондайда біздің қулық тыныш жатсын ба, әйтеуір ебін тауып Сырдарияның бойына тұра қашамыз. Әрине, басты миссия – бізге қатал көрінген кіттәй кемпірді ұйықтату.
Одан соң бірімізден соң біріміз аяққа ештеңе ілмей көне үйден сытыла шығамыз. Ол кездегі терезеден адамның бар болмысы көрінуші еді ғой? Солай көрініп қаламыз ба деп белді бүгіп, аяқтың ұшымен ұрылардай жүріп өтеміз. Сондағы бойымыз терезеге де жетпейтінімен шаруамыз жоқ. Асыр сала ойнап, қызығымыз қанған соң кештелетіп үйге келеміз. Ондайда есік алдында отырған атамыздың екі қолында дәу-дәу кірпіш болады. Жақындай бергенде көздеп тұрып бір "атады". Бұқсаң үлгердің, бұқпасаң өзіңнен көр. Ол сынақтан өтесің ғой, үй ішінде енді тұрмастай ұйықтатып кеткен әжеміз отырады. "Тұқымың жайылғырдан" басталған ұрыс "тұқымың өскірмен" аяқталады. Әкеміз түзде нан табудың қамымен жүрсе, анамыз суық көзбен бір қарайды. Болды, сол оқ жүрекке қазықтай қадалады да қалады. Бірақ қайда-а-а, бір ұйықтап тұрған соң кешегі сөгіс естен шығып қайта ойнап кетеміз. Әжеміз көше-көшеден бізді іздеймін деп-ақ әбден шаршайды. Бірде үйге келсек есік алдында дәу мысық отыр. Қап-қара. Ала көзімен бір сүзгенде барлық ырымың ойға оралады да тиылып қаласың. Дәп-дәу қып оны неге әкелді десек, туыс апамыз әбден мезі бопты. Тамаққа тоймағаны соншалық өздерін жеуге келген ғой жаңағың. Содан не керек, әлгі мысық бізге тұсау болды. Дүңкиіп есік алдына жатып алады. Үйден қашқан бізді көрсе болды ысылдап-пысылдап әрең ұйықтатқан кіттәй кемпірді оятады. Бір күн өтті, екі, үш... Дария жиектен "бақыт" тапқан біздің мүлдем өмірге деген құлшынысымыз қалмаған. Сөйтіп басымыз бірігіп, жоспар құрдық. Ол – әлгі қара дәудің көзің құрту еді. Алдайын десең көнбейді, сипайын десең тырнап алады. Болмаған соң пырылдап ұйықтап жатқан жерінен үлкен қапқа салып алдық. Шаңды бұрқырата жүгіріп келеміз, жүгіріп келеміз. Сөйттік те ауылдағы СПТУ-дың ауласына тастап кеттік. Үйге келсек мысық бізден бұрын жетіпті. Не істемек керек? Қайта жоспар құрдық. Бұ жолы үйдің үлкені бар жауапкершілікті мойнына алды. Ұйықтап жатқан жерінен тағы алып қаштық. Келе жатырмыз, алы-ы-ыстап кеттік үйден. Енді таппайды-ау деген оймен ауылдың шетінде тұратын, мысықтардың апасына айналған Люданың қорасына тастадық. Содан бері мысық жоқ. Күніміз шаттыққа толы өтіп жатыр, әрі-бері шапқылап жүрміз. Бірақ бұл ұзаққа созылмайды деп ойламаған едік. Бірер күннен соң әлгі дәу қайта келді. Түрінен-ақ шошып жүрміз. Түнде келіп қылғындырардай еді. Көнбеске амал қалсын ба?
Әулеттің кенжесі болған соң көбі миссияны сеніп тапсыра бермейтіні бар. Әлі жас деп "ефрейтор" шенін беріп қойған. Бұртиған түрдің артында пысық қыздың жатқанын кім білсін?! Қош. Бірде жүк көлікті тізгіндеген жиен ағамыз жолға шығыпты. Жолай бізге де соқпай кетпеді. Үйде тәтті шайды сапырып отырғанын пайдаландым да есік алдында құмға аунап жүрген қара мысықты ұстап алдым. Әл бермейді өзі. Батырсынып басынан сипап қоямын. Оның алдында ауылда хит болған итімді босатып жібергем. "Мойнақ" дей бергенім сол ед арпылдай алдымнан шықты. Оны көрген мысық тырмалай-тырмалай басыма шықты. "Мойнақ, ізімнен қалма" деп қоям. Солай арпалысқан үшеу жүк көлігіне келдік. Абырой болғанда жүк салатынның есігі ашық екен. Ішіне әлгі дәуді тұра лақтырдым да есігін жаптым. Қалды. Үнсіз. Аяп кеттім, көзге жас та келді. Бірақ бала ойының қиялы шексіз ғой. Бар ойым еркін ойнауымыз болатын. Шайға тойған ағам да шықты. Бізбен қоштасып, ұзақ сапарға аттанды. Қара мысықты сол кезде көргеніміз соңғы рет еді. Одан кейін оның қалалық жерде «бақытты» болып кеткенін естідік. Ағамыз дәу мысықты көріп талып қала жаздапты. Бірақ біздікі екенін естіген соң үйінен жайлы орын беріпті. Ал біз... Ал біз тапа тал түсте қашуымызды доғармадық...

Айнұр ӘЛИ

24 сәуір 2021 ж. 880 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 019

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031