» » Ақ қарғыс

Ақ қарғыс

Жалғыз өскен Санжардың тек әжесі ғана бар. Ата-анасы қалада, жұмысбасты. Айына, жылына бір рет келеді. Нағима апа – Санжардың нағашы әжесі. Түрі суық, мінезі қатал. Немересінің аңдамай басқан қадамы үшін сөзбен де іспен де жазалайды. Мұны көршілері де білетін еді. Себебі күнделікті таң атқаннан кеш батқанға дейін Нағима апаның қарғыс айтқан дауысы ғана ауылда жаңғырып тұрады.
Бүгін тағы Санжардың бір нәрсені дұрыс жасамағаны үшін «Өй, тұқымың құрғыр» деп Нағима апа жекіп жүр. Жекіп жүр. Айтатыны тек осы сөз. Күнделікті қайталанатын да сол бір оқиға. Уақыт өтті. Санжар да ер жетті. Енді ғана айналасына қарап, етек-жеңін жиғанда қайғылы оқиға мұны айналмай өтпеді. Ата-анасының жалғыз тұяғы кісі қолынан қаза тапты. Нағима апа айтпақшы, «тұқымы құрыды». Әрі қарай өмірінің мәні, ұрпағының саны жалғаспады. Бұл бір ғана мысал. Аңдамай сөйлеп, ашу үстінде қарғап-сілейтініміз бар. Сөздің киесі де ұратынын білген жөн. Ең жаманы – қарғыс. Егер бірнәрсенің байыбына бармай, өзгені қарғаса ол өзіне келіп тиеді. Ал біреудің ала жібін аттап, қатты ренжіткенде алғыс емес қарғыс алсаң ол да алдыңа келеді. Бірақ біздің айтпағымыз кәнігі қарғыс емес, ақ қарғыс жайында болмақ. «Бал тамған тілден у тамар» деген қазақпыз. Егер осы оқиғаны керісінше саралап көрсек. Мәселен әлгі Нағима апаның «тұқымың құрғырының» орнына «тұқымың өссін», «тұқымың жайылсын» деген сөзді алайық. Бұл әрі ашу үстінде, әрі оған айтылған бата іспеттес. Айтылғанда қаттылық еседі. Бірақ мағынасы оң. Бір қызығы қарғыс та, алғыс та – шешендік өнердің бір саласы екен.
Неге? Ауыз әдебиеттің шұрайлы саласы шешендік сөздің кенже зерттелгені былай тұрсын, ел аузынан жыйыла бастағанына да ұзақ болған жоқ. Олай дейтініміз бір-екі журнал жариялаған бата, тілек, алғыс сөзі болмаса қарғыс сөздер атымен жазба бетін көрмепті. Іздедік, кітап бетін ақтардық, қарадық. Бірақ, қарғыс туралы тереңіне бойлай алмадық. Шешендік сөздерді арнайы зерттеп, осы салада кітап шығарған мамандар былай дейді: шешендік арнау (сәлем, әзіл, бата, елге, жерге, малға айтылатын сын); шешендік толғау (аманат, ақыл, өсиет-насихат); шешендік дау (ар-намыс, есе-тендік, алашақ-ақы, жер, жесір, мал, құн дауы) деп бөлсе, енді бірде шешендік толғау, шешендік арнау, шешендік дау деп топтастырады. Кей ғалымдар алғыс пен қарғысты екіге бөліп, талдау жасау керек дейді. Қазақ тіліндегі алғыс пен қарғыс адам өміріндегі жақсы мен жаманды парықтандыратын сара сөздер. Әсілінде мұны «жаман сөз» деп санамызға тоқымадық. Ал оның мәніне, мағынасына тереңіне бойлап көрдік пе? Айнала мистикаға толы. Түрлі оқиғалардың да куәсіміз. Егер тереңіне бойласақ оның да өзіндік шығу тарихы бар. Сөздің астарына үңілсек мұның да өзіндік сыры бар. Бұл жәйдан-жай қолданысқа енген жоқ қой. Уақыт ағымымен жылжып, табиғат өзгеруімен қатар ілесіп келе жатқан сөздер.
Ақ қарғысқа қандай сөздерді жатқызамыз? Мұны өтірік қарғау десек те болады. Балаға айтылған бұл қарғыс түрі шын ниетімен, жамандық тілемейтін, зілсіз, кексіз, тек кейіс түрінде айтылған реніш сөз. Мәселен, «Жолың болғыр, басқан ізің артыңда қалғыр». Таңдаулы хадис шәрифте бұл туралы: «Өздеріңе, бала-шағаларыңа және мал-мүліктеріңе бетдұға (қарғыс) етпеңдер! Дұғалардың қабыл болатын уақытқа тура келіп бетдұғаларың қабыл болады» деген екен. Мұның мәні қарғыстың қабыл болатынында. Иә, қазақ «он күнәнің тоғызы тілден» деп бекер айтпаса керек. Бастысы адам кек қуыспай, кешірімді болса нұр үстіне нұр болар еді.
Айнұр ӘЛИ,
«Қармақшы таңы».
07 наурыз 2019 ж. 2 400 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 060

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031