» » ТЫЙЫМДАРДАН ТЫЙЫЛЫП ЖҮРМІЗ БЕ?

ТЫЙЫМДАРДАН ТЫЙЫЛЫП ЖҮРМІЗ БЕ?

Көрші ауылда Серік деген жігіт тұрды. Күні-түні көше кезіп жүретін. Сөйлемейді. Адамға тіке қарамайды. Біреулер – «жын ұрған» десе, біреуі – «су перісі қағып кеткен ғой» дегенге саяды. Әйтеуір ауыл іші у-шу. «Түнде суға барма, айдың жарығы түскен суды ішпе» деп әжелеріміз тыйып отыратын. Оны Серік елемесе керек. Кеш қайта ауыл шетіндегі дария жиегіне су алуға барыпты. Сол кеткеннен ұзақ уақытқа оралмайды. Ауыл болып іздеді. Таппады. Арада бір апта өткен соң көрші Жұмағазы ата тауып алыпты. Бірақ, жағдайы әлгіндегідей. «Не болды? Не көрді?» деген сауалдар жауапсыз қалған.
Бұл оқиға ауыл тұрғындарын біраз есеңгіретті. Кейбірі қорқып тысқа шығудан қалған. Шап-шағын ауыл болғасын қауіп қай жерден келіп қаларын білмей аң-таң. Туыстары Серіктің жағдайын көріп аудан орталығындағы мешітке апарып оқытты. Бір айда өз-өзіне келген соң жақындарына мән-жайды айтса керек. «Отыз тістен шыққан сөз, отыз рулы елге тарайды» емес пе? Кішкентай балаға дейін қорқынышты әңгіме қылып айтып жүрді. Оқиға былай басталған екен. Қонаққа кетерде Серікке әжесі ауладағы шелек-бөшкелерге су тасып, толтырып қой дейді. Жігіт онысын ұмытып кетсе керек. Әжесі келмей су тасуға бекінеді. Бірақ, кеш те батып үлгерген екен. Содан дарияға барады. Шелегін енді батыра бергенде су бетінен әдемі қыздың бейнесін көреді. Аң-таң болып біраз отырады. Құлағынан «суға түс» деп шақырған нәзік дауыс естіледі. Өз денесін өзі басқара алмаса керек. Дарияның ортасында билеп, ән салған 2-3 сылқым қол созады. Қиял әлеміне кеткен Серік ес-түссіз қолын беріп, ортаға қарай жүзеді. Одан соң не болғанын білмейді. Бірақ, есін жиғанда қорымдардың басын паналап жүр екен. Көрген көрші ата ертіп, үйіне әкеледі. Молдаға оқытпас бұрын күндіз де түнде де ұйықтай алмай сандырақтаған екен. Иә, бұл жігітті су перісі қаққан. Сенбейін десең, айналада біз білмейтін қаншама тылсым дүниелер орын алуда. Үлкендеріміздің айтып кеткен тыйымдарының өз мәні бар екеніне тамсанбай қоймайсың. «Дастарқанды, ыдысты, тамақты аттама», «Жаман әдетті үйренбе», «Етбетіңнен жатпа», «Кісі төсегіне отырма», «Түнде мал санама», «Түнде күл шығарма», «Түнде кір су төкпе», «Лас су бас­па» деген тыйымдар өте көп. Қазақта жас келін, жаңа босанған ана түнде жалаңбас далаға шығуға болмайды. Бұл уақытта «жамандар» үйір болады деседі. Бірақ бұған құлақ асып жатқандары аз. Бірде бір оқиғаны әлеуметтік желілерде жарыса айтқан болатын. Жаңадан түскен келін түнде су төгуге шыққан. Сол шыққаннан оралмапты. Арада біраз уақыт өткен соң әлгі келіншек алба-жұлбасы шығып, үйіне қайта оралса керек. Мән-жайды айтпайды. Кейде өзінен-өзі айқайлайды. Болмаған соң молдаға апарып оқытады. Сөйтсе, бірнеше жылда жындар керуенмен көшіп отырады екен. Келіншек ол керуен өтіп бара жатқанда лас суды шашса керек. Содан соң сол жындармен бірге ілесіп кетеді. Көш айналып қайта келгенде келіншекті осы жерден түсіріпті-мыс. Мұны да жын қаққан деседі. Үлкендер айтқан тыйымдардың да өзіндік мәні болғаны емес пе?
Біз кейде шаршағанда жаздыгүні далада суы күнге жылынған «душқа» түсе саламыз. Түн болсын, күн болсын. Елемейміз де. Әжелеріміз «кеш қайта даладағы суға түспе, екі кештің ортасында «жамандар» жүреді» деп отырушы еді. Бірде өзім тұрған ауылымда осы жағдайға сәйкес оқиға орын алды. Жұмыстан шаршап келген келіншек екі кештің арасында суға түседі. Әлдененің демалған тынысын естиді. Мән бермейді. Жоғарыдан аққан су өздігінен тоқтайды. Сол кезде көзін ашса алдында қап-қара сұлба тұр екен. Қатты қорыққан ол аузын енді аша бергенде ішіне кіріпті-мыс. Бір кезде келіншек енесі, атасы, балаларының дауысын салып жүгіріп жүр дейді. Молдаға апарса мұны да жын қағыпты.
Бұл тылсымға бірі – сенсе, бірі – сен­бейді. Бірақ, тыйым сөздің тереңіне бой­лаған қазекем астарында не жатқанын өз тәжірибесінен өткізсе керек. Тыйым – адам­ды жаман әдеттен тыюға, әдептілікті үйретуге, ала жіпті аттамауға тәрбиелейді. Ал, сіз әжелер айтқан тыйым сөзден тыйылып жүрсіз бе?
Айнұр ӘЛИ,
«Қармақшы таңы».
07 ақпан 2019 ж. 2 360 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 018

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031