» » АБЗАЛЫ – АУЫЗҒА АБАЙ БОЛҒАН

АБЗАЛЫ – АУЫЗҒА АБАЙ БОЛҒАН

Заманауи тілімізде «позитив», «негатив» деген сөз жиі қолданылады. Позитив – жақсылықты, арманды, үмітті білдірсе, негатив – жамандықты, дұрыс емес нәрсені меңзейді. Мейілінше, позитив – алғыс, ал негатив – қарғыс па деймін. тілші болған соң, біраз ортада боламыз. Елдегі жақсылықты, жағымды жаңалықты көбірек айтуға, оны насихаттауға бейімбіз. Бірақ, кейде қанша тырыссаң да, адамдар жағымсыз энергиядан шыға алмай жатады. Келін жұмыссыз болса – үкімет кінәлі, ауа райы қолайсыз болса – табиғат кінәлі, басы ауырып, балтыры сыздаса – дәрігер кінәлі дегендей. Дегенмен, сәл де болса ой тоқтатып, кінәні біреуден, сырттан емес, өзімізден іздеп көрсек, қайтеді. Хош, қазіргі әңгімеміз де осы тақырыптан алыс емес.


Халқымызда: «Алтын алма, алғыс ал» деген қастерлі сөз бар. Ол әдетте, біреуге жақсылық жасағанда, оның ризашылығына бөленгенде айтылады. Алғыстың алтыннан да қымбат боларын дәлелдей түскендей.  Алғыс – жаныңды жадыратады. Ал, енді оған қарама-қарсы да ұғым бар – қарғыс деген. Қарғыс әсте   адам тәнін түршіктіріп, жанға түрпідей тиеді. Расында, қарғыс тектен-текке айтылмайды.
Бірде Кенжеқара батыр жаугер­ші­лікте бір батырмен жекпе-жекке шығып, қарсы­ласын мерт қылады. Ажал құшқан өрімдей жігіт екен. Айшылық алыс жерде тұратын батырдың анасы Кенжеқараны іздеп тауып, арнайы көруге  келеді. Сонда жалғыз баласынан айрылған кейуана: «Елің саған сүйенер, батырлығыңа сүйсінер, бірақ артыңда ұрпа­ғың қалмас» деп қарғапты-мыс. Сол тұста Кенжеқара батырдың ай десе аузы, күн десе көзі бар бой жетіп отырған қызын тұрмысқа беруге қамданып жүрген кезі-тін. Сондай-ақ, батырдың басында сүйел секілді нышаны болыпты. Оны жылда түбінен қырқып, сандықшаға салып сақтайды. Әкесі ұзатылып бара жатқан қызына сандықтағы нышанға тимеуін айтып, ескертеді. Сонда қыз: «әкем біле қоймас» деп, сандықта тұрған бірінші, үшінші және жетінші нышанын ұрлап алады. Кенжеқара өзі де бірдеңе сезгендей, сандықшасын ашқанда нышаны кем болады. Ұзатылып кеткен қызының артынан адам жіберіп, ат шаптырады. Бірақ, бұл кезде бәрі кеш еді. Біріншісін алғаны – өмірде соқа басы қалып, ұрпақсыз өтетін болды, үшіншісін алғаны – үш-ақ жыл өмірі қалды, жетіншісін алғаны – жеті ұрпағыма дейін берекем кететін болды-ау, – деп қайғырыпты. Бұл әңгімені аамыздан естідік. Кенжеқараны халқы ба­тыр­лығына, әулиелігіне қарап  «Сүйінқара» атап, өле-өлгенше оған елі сүйсініп өтіпті. Қызы үш жылдан соң науқастан дүниеден өтіп, артында ұрпақ қалмапты. Жеті ұрпағыма дейін берекем қашады дегені, қазақ басынан не заман кешпеді. Сол шығар, бәлкім.
Жақын сыйласатын апайым бар.  анасы он екі құрсақ көтерген. Алайда, соның тоғызы екі жастан асқанда шетінеп кеткен екен. Бала тоқтамаған соң әке-шешесі жаңа туылған сәбиді ағайын-жұртына асырауға беріп, тек анда-санда сыртынан көріп тұрып­ты. Сөйтіп, үш перзентін сақтаған. Мұның не сыры бар дегенімде: «Үйде ата­мыз­дың қылышы болатын. Ол қылыш қанша адамды о дүниеге аттандырғанын кім біліпті. То­ғыз бауырымның екі жастан асар-аспас өмірі қиылды. Анам адамның қаны мен қарғысы жібермейді ғой деп налып отыратын. Оның рас, өтірігін білмеймін. Білетінім – тылсымның бар екені» деген. 
Карапайымда кей кісі: «аузымның дуасы бар» деп айтып жатады. Тілде  құдірет бар. Әйтсе де, ауызға келгенді былапыттап айта беру жарамас. Жалпы ғылым да қарғысты жоққа шығармайды. Атамыз қар­ғысқа сақтықпен қарауға тырысқан. Оның кесірінен бір әулет түгелімен жойылып кеткен оқиғалар бар өмірде. Әрине, оның қан­ша­лықты шындыққа жанасатынын бір Алла біледі. Дегенмен: «Қара жерді жамандама, қайтып сонда барарсың, қауым елді жамандама, қарғысына қаларсың» деген де қанатты қағиданы есте ұстаған абзал. 
Қарғыс дегенде, бәрін жамандыққа ысыра салу дұрыс емес. Әжелердің бала-шаға айтқанын қылмай, ашуын тудырғанда: «тұқы­мың жайылғыр», көбейгір», «мың жаса­ғыр» деп те кейіп жататыны бар. Ал, енді «тұқымың құрғыр», «тұздай солғыр», «демің өшкір», «өліп қалғыр», «қара нанға қақа­лғыр» секілді жаман сөзден ауызды тыйған жөн сияқты. Қарғыс туралы әркім әртүрлі пікір айтады. Біреу – кек, біреу – теріс бата дейді. Енді бірі – зәбір көрушінің ашу-ызасы деп те айтады. Бір ерекшелігі, ырымшыл қазекем адамды айтпағанда, аң-құстың өзін ретсіз аулауға тосқауыл қойған. Бөлтірікті өлтірсең, ұлып қаласың, құс атаулының киелісі – аққуға, балапан басып жатқан торғайға да ұрпағын тиістірмеген. Себебі, оған қарғайды деп сенген. Құстың ұясын бұзған баланың бетін сепкіл басады деп тәрбиелеген. Жалпы дініміз қарғыс жайында не дейді?
– Қарғыс, лағнет – Алланың рахме­тінен, мейірімінен алыстау дегенді біл­дір­еді. Ол жақсы емес. Хадис шарифте: «Бір адам лағынет айтқанда, лағынет айтылған адам бұған лайықты емес болса, ол лағынеті өзіне қайтады» делінген, – дейді имамдар. 

Түйін:
Негізінен қарғыс – жаза ұғымында сипатталады. Адамның жолына бөгет болу, кедергі келтіру. Қарғыстың жақсысы жоқ. Жақсылыққа жетелегені де жоқ. Сол себептен де айналамызға жақсылық жасауға, мейірімділік көрсетуге ұмтылайық. «На­ғыз мұсылман біреуге пайдасы тимесе де, біреуге зияны тимеген адам» демекші, игіліктің ұрпаққа тигізер пайдасы мол, ал қарғыстан келер жаманшылық  қана. Жалған дүниеде заң жазасы мен ар жазасы бірге тартылған. Заң жазасынан құтылуға болар-ау, ал ар жазасынан қайтіп құтылмақ керек.

Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК,
«Қармақшы таңы».      
27 қараша 2018 ж. 1 576 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 018

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031