» » » ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСАЙ ЖҮРІҢІЗ

ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСАЙ ЖҮРІҢІЗ

Өмір – бумеранг деп жүрміз. Өңі өзгергенмен өзегі сол бұрынғы. Сөз төркіні жалған дүниеде жасаған әр іс-әрекетің өзіңе қайтып ораладыға саяды. Оны Абай атамыз:
«Жақсылық көрсем өзімнен,
Жамандық көрсем өзімнен.
Құдай қылды деулерді,
Шығарамын сөзімнен», – деп әсерлі оймен өрнектесе, дана халқымыз: «Жақсының жаны – жәннат», «Жақсының соңынан көп ереді», «Жақсы сөз – жарым ырыс», – деп жақсы сөздің парқын көтереді.
Асыл дінімізде «Ешкімге зияның тимесін, сонда ол, өзің үшін берген садақа болады» немесе «Әрбір тіршілік иесіне жасалған жақсылық сауап ретінде жазылады» деп тарқатса, ойшыл Жан Жак Руссо: «Шынайы жақсылық – адамдарға деген шексіз мейірімділіктен көрінеді» деп бағамдайды. Жақсылықты сатуға болмайды және оны сатып та ала алмайсыз. Ол жүрек қалауымен болатын нәрсе. Біреуге жасаған жақсылықты пұлдап айтатын болса – оның сауабы болмайтынын үлкендер жиі айтады.
Көшеде жоқ іздеген, жөн сұраған жанға жол көрсету де жақсылық жасау болып табылады. Сырттың адамына жөн сілтеудің орнына басқа жақты көрсетіп, кері жіберген талай келеке етушілерді де өмірде кездестірдік. Қарақан бас қамы үшін біреуге ор қазып жүріп, оған өзі түскен жайт та жетерлік.
Жақсы сөйлеу, жақсымен жолдас, жақсы көңіл-күйде болу, жақсылық жасауға тырысу, жақсы тілек айтуға ықыластану да ниеті ізгі, пейілі тазаның ісінен. Мұндай сәттерде адам жаны жадырап, жылылықты сезінеді. Бойға ерекше қуат пайда болады. Адам өмір сүруге құлшынады, арман-мақсатқа ұмтылады. Одан жақсы ой, жақсы пікір қалыптасады. Қоғамға жақсы көзқараспен қарайды. Ертеңгі күннен үміт күтеді, бүгінгі күніне шүкірлік етеді. Қарап отырсақ, жақсылықтың алмас қамалы, шықпас биігі жоқ. Бір жақсы адамды көрсек – сол адамдай болуға тырысатынымыз, үлгі-өнеге ететініміз де тегін емес. Бұл жақсылық атты құдіреттің тартылыс күшінің басқа күштерден әлдеқайда жойқын, мықты екенін көрсетеді. Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ. Сүрінгеннен сабақ алуға, бойымызды қайта тіктеуге қақымыз бар. Бүгін қиналсақ, ертеңгі күннің қуаныш әкелеріне және сенімді болуға тиістіміз. Бүгін бар болсақ, оған масаттанбай, жаныңдағылармен жарты нанды жарып, бүтін нанды бөліп беруге қарекет етсек қандай ғанибет болар еді?
Алланың берген әр күні – жақсылықтың, жаңалықтың бастауы. Күніңіз көңілді, өміріңіз мәнді болсын десеңіз – жақсы іс жасауға, оның игілігі мен жемісін көруге мақсат қойыңыз. Өйткені ол, міндетті түрде өз жемісін береді. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында ұлттық код жайында айтылды. Осыған орай, елімізде саналуан пікірлер білдірілуде. Әркім өз ойын ортаға салуда. Мейілінше, Ұлттық код негізі – рух, ой тазалығы. Ал, оның негізі – көркем мінезділік пен адами адалдықта, адамдардың бір-біріне деген жылы қарым-қатынасында, шүбәсіз сыйластықта, қайырымдылық жасай білуінде деп есептеймін. Себебі, қайсыбір адам қадамында обал, сауап деген биік тұғыр тұр. Қамшының сабындай қысқа ғұмырда ешкімнің обалына қалмай, жақсы іспен сауап іс жиған жан елінің нағыз патриоты, жанашыры, азаматы болмақ.
Елім мәңгілік, тәуелсіздігім берік, ұрпағым көктеп-көгерсін, болашағы жарқын, ұйқым тыныш, қоғам бақытты болсын, денсаулығым мықты, көңіл-күйім көтеріңкі болсын десеңіз – айналаңызды, жүрген ортаңызды жақсылықпен қоршаңыз, жақсылық жасай жүріңіз және оны көктен іздемей, өзіңізден бастаңыз. Сонда ғана біз рухани қуаттанған, мәңгілік өркениетті мемлекеттің шаңырағын биік ұстар, керегесін кеңінен керген ұлттың шынайы перзенті бола аламыз.
Сәрсенкүл АҚКІСІ.

04 мамыр 2018 ж. 3 526 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 023

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031