ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ҚАЙ ІСТІҢ ДЕ БАСТАУЫ
Біз қандай ел едік бұрын? Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған, ана сүтін ардақтап, ата салтын салмақтап өскен елміз. Ежелден Ислам дінін қабылдаған халықтың біріміз. Сауапты да жауапты амалдың бірі жетім-жесірге, жоқ-жұқаға қарайласуды абырой санап, барынша қамқор болған аталар ұрпағымыз.
Ел болып, қоғам болып тағдыр тауқыметіне түскендерге көмектесуді мақсат тұтқан ағалар ізбасарымыз. Ағайындары қайтыс болса, жесірін қаңғыртпау үшін әмеңгерлікпен туыстарына алып беріп, өзгеге кіріптар етпеген, жөн-жосықпен жүретін, тегін сақтай білетін ұлтпыз. Себебі қарақан басын, ішер асын емес, халықтың қамын, жетім мен жесірдің зарын, соның бәрін ойлайтын, терең бойлайтын, елге тұтқа болар ержүрек азаматтарымыз көп еді.
Қазір қандаймыз? Жетімдер үйін жалғаймыз. Ата-анамызды қарттар үйіне апарып, ертең алып кетемін деп алдаймыз. Бірақ. Бірақ дейміз тағы. Жоғарыда айтқан ағалар ізін жалғағандар да, қайырлы іске бармағандар да жоқ емес арамызда.
Алланың сүйіспеншілігіне бөленуді, ризашылығын алуға балаған, жұмақтан үміт етуді қалаған мұсылман жоқ деуге әсте болмайды. Мәселен, еңбектің ебін, кәсіптің көзін тапқан ерлі-зайыпты Сақтапберген Медеуов пен Жанар Бұқпанова тапқан табысының бір мөлшерін жоққа санап, сауапты қалап тұрмысы төмен отбасылары мен мүгедектерге көмек қолын созды. Рамазан айынан кейінгі айт мерекесінде «Малике ана» мейрамханасының жанында өткен шарапаты мол шараға біз де қатысып, қайырымдылық қадамының куәгері болдық. Кәсіпкер 10 отбасына әрқайсысының құны 10 мың теңге болатын, бір қап ұн, қант, май, шай үлестіріп, алғыс арқалады. Бұл игі істі олар бірінші рет жасап отырған жоқ. Жоғарыда айтқанымыздай халық жүгін арқалаған азамат бірнеше жылдан бері осындай сауапты іс жасауды міндеті санайды. Көмек сұрап алдына келгендердің қолын бос қайтармайтынын құлақ естіп, көз көрген. Жасаған қайырымды ісін жария етпейтін кәсіпкер бізді көре сала газетке жазбаңдар деумен болды. Бірақ бүгінгі ұрпақ – алдыңғы аға буынға қарап бой түзейді. Әрбір ісінен өнеге алады. Өзгенің қайғысын жеңілдету – адамдық қасиеттің ең ұлысы. Басты мақсат – біреудің біреуден төмен екенін көрсету немесе жасаған амалынан абырой табу емес, адамдардың жүрегіне имандылық пен мейірімділік, адамгершіліктің нұрын себу. Сол күнгі қайырымдылық шараға қатысқандар абыройлы да сауапты істі жасап жатқан азаматқа разы болысып, «сұрағаның мен тілегенің Алладан еселеп қайтсын» деп алғыс жаудырып жатты.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА,
«Қармақшы таңы».