» » ТЫНДЫРЫП ЖҮРГЕН ӘР ІСТІ, КЕЛІНДЕР КЕШЕ САЙЫСТЫ

ТЫНДЫРЫП ЖҮРГЕН ӘР ІСТІ, КЕЛІНДЕР КЕШЕ САЙЫСТЫ

Қай саланы болсын өз маманы басқарса игі. Мәдениет бөліміне басшылық қызметке Нұршат Наурызбаева келгелі саланың сай-сүйегі қозғалып, тамырына қан жүгірді. Мұны өнер сүйер қауым біліп те, көріп те жүр. Үлкен шараға қатыспағаныма көп болыпты. Ауылдан алты жасар бала келсе, алпыстағы қария сәлем бермей ме? Жөнді, жолды білетін іскер әйел, білікті басшы жұмыс телефоныма хабарласып, өкшесін басып келе жатқан сіңлісі ретінде үзілістен кейін кіріскен жұмысыма сәттілік тіледі.
Аудандық келіндер байқауы өте­тінін айтып, жастар жылына орай ұйым­дасқан ұлықты шараға  қазылық ететіндер қатарына  жас келін ретінде мені де қосқанын айтты. Сенім білдірген саланың салмақты шарасына қазылық ету емес, шын, қатысқым келді. Бақ сы­­нап, қатар құрбы-келіншектермен тә­жірибе алмасқан да жақсы ғой. Біріміз білмегенді бәлки, біріміз білерміз.
Не керек отбасы күні Арнұр Көшеней бастаған мәдениет саласы мамандары ұйымдастырған «Қазақтың келіндері-ай» байқауына бардық. Сұлулығы бі­рі­­нен-бірі асқан, бүрмелі көйлек, төгіл­­­­діре ақ орамал тартқан аппақ жұ­мырт­­қадай ақ келіндер бәйгесі бас­талды. Табалдырықтан шаттық боп еніп, бір әулеттің үрім бұтағын көбейтіп, бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербеткен жас аналар жарысы ерекше қойылыммен түрді шымылдығын. Бұл жолғы шара бұрынғыдан өзгерек. Ай­­­тыл­­ған ән де, би де, жүргізуші қыз-жігіттің сахналық киімі бәрі-бә­рі тақырыппен үндеседі.Жігіттер анам­ның бабын тапқан, ағамның бағын жақ­қан ақ жеңешем деп әуелетіп ән салып, рет-ретімен сахна төріне шығарды бә­рін. Сайыста сыналар ана келіндерге Нұр­шат Бегежанқызы сәттілік тілеп, барша жиналған жұртшылықты отбасы күні мерекесімен құттықтады. Бірінші кезең бойынша талапкерлер өздерін таныстырды. Көмекбаев ауылынан келген Жадыра Қошманованың сахнаға шықпас бұрын бейнебаяннан ауылға келін болып түскен сәттен бастап бүгінге дейінгі кезін көрсетті. Сымбаты келіскен, бойшаң келін өзіне жарасып-ақ тұрған киім үлгісімен тиянақты болып көрінді көзге. Онан кейін Қуаңдариядан арнайы сайыс үшін ат терлеткен Гүлдерай Алдабаева көп алдына шығып, өнер көрсетіп жүрген жас екенін тосылмай сөйлеуінен-ақ аңғартты. Қызылтамдық Рауан Бегежанованың өзін Мұқағалиша таныстыруы тіпті ерекше. Ұйқасы – нық, шумағы – мығым. Аудандағы барша кі­тапхана намысын қорғап шыққан Айдана Бөгенбаеваның бойынан өзіне деген сенім байқалды. «Ертөстік» бөбекжай бақшасынан бір емес екі тәрбиеші бірден қатысыпты байқауға. Балабақша меңгерушісі Айткүл Әбжәлиева қара­ма­ғын­дағы қызметкерлерінің жоғын түгендеп, шашбауын көтеріп, жандарында жүр. Қандай жанашырлық. Ұжымның ұйытқысы деп осыны айт.Мерекеде өнер көрсетсін деп биші балапандарды ала келіпті тағы. Осы балабақша атынан қатысқан Ақмарал Тоқтарованың бойынан биязылық, нағыз келіннің келбеті көрінді. Ал екінші тәрбиеші Жарқынай Қабылованың жан-жақты екені, қолынан іс келетіні тіпті сүйсіндірді.№26 мектеп мұғалімі  Ардақ Ергашқызы өзіне жарасымды қылығымен баурап алып, жарыста жеңу мақсат емес, қатысқанның өзі жеңіс деді. Түскен әулетін түгел таныстырып, көрермен қошеметіне бөленді. №250 мектеп-лицейінің мұға­лімі Гүлмира Тұрсынбаева шаңырақ сахнадағы үй ауласында балаларын ойнатып жүрді. Адасып келген бейтаныс әжейді үйіне кіргізіп, төрге шығарып, дастарқаннан дәм ұсынды. Осылайша әлгі әжеге өзін өлең шумақтарымен таныстырып берді. Бұл таныстыру үлгісіне көрермен таңырқай қарап, тамсанып тыңдап отырды. №183 мектеп мұғалімі Жазира Жеңісбекова жас бола тұра, 3 қызғалдақтың анасы, отағасының сүйкімді жары, әулеттің адал келіні екенін көрсете алды. 
«Әйелдер кеңесінің» төрайымы, үл­гілі ана, сыйлы ене Гүлжауһар Раева мен ардагер ұстаз Күләш Бисенбаева төрелік еткен келіндер сайысында мықтыны анықтау оңай болмады. Себебі мұнда ешкім қарсыласынан кем түспеді. Бәрінің бойынан келінге тән болмыс пен ар-ибаны көрген көрермен тапжылмай отырып тамашалады.
Екінші кезеңде бірі ән айтса, бірі би билеп, монолог оқып, жемістер турамасы мен тәтті торт безендіріп өз өнерлерін ортаға салуға барынша тырысты. Әдет-ғұрып пен салт-дәстүрден қойған сұрақтарға да ұтқыр жауап қайырды. Ұмытылып бара жатқан тағам дайындап әкеліп, таныстырды. «Жаппа», «Жаужүрек», «Өрметөс», «Қарын бүрме», «Қаттама нан», «Сірне» деп аталатын тағамдар осы бесаспап келіндердің қолынан дайындалған. Соғыс кезінде бауырды турап, сыртын мал майымен көмкеріп, пешке қыздырып пісірген. Тағамның аты «Жаужүрек» деп аталады. Бұл ер азаматтарға қуат, жаумен қақтығыста  күш береді екен. Ал «Өрметөс» қалай жасалады дейсіз ғой? Төс еті, күріш, картоп, түрлі қоспалар араласып бүйенге тығылады. Ол 2 сағаттай қазанда қайнап, піседі. Бұл – қыз өз жұртына төркіндеп келгенде күйеубалаға ұсынылатын дәмді астардың бірі екен. Осындай ұмыт қалған тағамдарды келіндеріміз енесімен бірлесіп үйде жиі жасайтын болып шықты.
Сайыстың қызық бөлімі «Супер келін» деп аталды. Алжапқыш тағып, оқтау ұстаған келіндер сахнада бір күлшелік қамыр дайындап әкеліп, нан жайды. Мұнда олардың шеберлігі мен жылдамдығы сыналды. Соңғы бөлімінде заманауи сән үлгісін көрсетті. Заманауи деген соң келіндер сайысы болғанымен басқаша үлгі күтіп қателесіппіз. Бұл жолы да келіндер әдептен озбады. Кең етек көйлек, оған сәйкестендіріп камзол мен орамал тағып шыға келгенде әрбір үйде осындай ақылына көркі сай келін болса, біздің құндылығымыз жоғалмайды деп қуандық. Мәдениет үйінің фойесіне әр қатысушының көрмесі топтастырылып, оған қолдан шыққан бұйымдар қойылған. Мұнда да он саусағынан өнер тамған, сәні мен салтанаты жарасқан ибалы 9 келіннің өз ерекшеліктеріне тәнті болдық.
Нәтижесінде бас жүлде Көмекбаев ауылынан келген Жадыра Қыстаубай ке­лініне, І орын қызылтамдық Рауан Ра­­қым­жан келініне, ІІ орын «Ертөстік» ба­лабақшасы атынан қатысқан Жар­қынай Ибраш келініне, ІІІ орын қуаң­дариялық Гүлдерай Бегалы келініне, аудандық кітапхана қызметкері Айдана Серік келініне бұйырды. Же­ңім­паздар мен қатысушылар арнайы аудан әкімінің орын­басарының алғыс хаты, дип­лом­дарымен марапатталып, сыйлыққа ие болды.
Сәл әттегенайымыз болды көңілде. Сайысты 10-11 сыныптың оқушы қыз­дары қатысып көргенде, ақ жаулықты әжелер ақ батасын бергенде нұр үстіне нұр болар еді. Көрермені аз болғаны болмаса, шара аудандық деңгейден де жоғары өтті.
«Пай-пай қазақтың келіндері-ай,
Абысын тату болса ас көп деген
Мақалдың айтылуы тегін бе еді-ай». Осы әуен көпке дейін құлағымыздан кетпей,  көкейде сарнап тұрды.
Үлкен шара азғантай ой түйдірді тағы бізге. Рухани жаңғырудың бастауы болар жыр додаларына, мүшәй­раларға, бүгінгідей байқауларға неге ауқымды, ынталанатындай бәй­ге тікпеске? Көрі­неріміз де, көпке көрсе­теріміз де мәдениетіміз бен әдебиетіміз емес пе? Бұл салаға әлі де қолдау болса, демеуші болса біз бұдан да деңгейі жоғары дүние күтер едік. Оның рухани күш береріне, керегіне терең бойламайтын тәріздіміз. Өйткені бір сағаттық шара біраз уақытқа азық болар қымбат байлық сыйлайды. Рухани байлықтың бағасы неге басқадан арзан болуы керек?
Гүлжанат ӘМІРҚЫЗЫ,
«Қармақшы таңы».
21 мамыр 2019 ж. 2 158 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

№89 (10354)

09 қараша 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 160

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930