» » Құмалаққа тіл бітсе...

Құмалаққа тіл бітсе...


Буын сыздап бас ауырса емшіге, қорадағы мал не қолдағы бар жоғалса балгерге, әлдененің жолын тосса құмалақшыға баратын халықпыз. Әсілінде ертеден келе жатқан бұл үрдіс әлі күнге дейін өз қадірін жоймай келеді. Мұның тылсымы қандай, сиқыры неде? 
Ырым құмалақ, біртартар құмалақ секілді құмалақтың да бірнеше түрі бар. Бұрындары ақпан айының ортасында құмалақшы таңертең қар үстінде құмалақ шашып алдағы ауа-райын болжаған деседі. Сонымен қатар, 22-наурызда күн мен түн теңелген сәтте болашақты болжау үрдісі де бар. Ал шашпа құмалақты есіктен төрге дейін шашып жіберіп, келер күнді болжап отырған.
–   Көпшілік құмалақшыны «балшы», «балгер» деп атайды. Көмек сұрап келгендерге біз емес құмалақ сөйлейді. Құмалақ тартуға негізінен қойдың қырық бір құмалағы алынады. Сондай-ақ, ұсақ тастар, құрма дәні, өрік сүйегі, өсімдік дәндері арқылы да құмалақ ашуға болады. Бірақ қойдан басқа түліктің  құмалағы «сөйлемейді», –  дейді құмалақшы (есімін жасыруды өтінді). 
Бұл тақырыпта осы күнге дейін қалам тербедік. Картамен бал ашуды да, қарабайыр емшіні де, балгер-бақсыны да жаздық. Барлығы қара халықтың арасынан шыққан тылсым күш иелері. Бірақ бұларға қаншалықты сенуге болады? Жауап іздемекке фейсбук, вконтакте әлеуметтік желілерінен қысқаша сауалнама жүргіздік. Қолданушылардың 40 проценті сенсе, 60 проценті мүлдем қарсы.
–  Ол кезде студентпін. Кішкене бір мәселе туындаса балгерге барамын. Солай құмалақшы апайдың тұрақты «клиенті» болдым. Жолың болмайды дей берген соң күнделікті қайта-қайта баратынмын. Алған стипендиям да соған кететін. Бір күні «жігітің тастап кетіпті ғой, жолыңды аштыр» осындай-осындай сумма деді. Осы кезден бастап мен оған сенуімді қойдым. Себебі менде мүлдем жігіт болмаған еді, –  дейді Айжан есімді желі қолданушы.
Иә, көнекөздердің пікірінше, бұл – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, қазақ халқымен бірге жасасып келе жатқан сәуегейлік. Тек оны бизнес көзіне айналдырып алғанымыз қынжылтады. Ғаламтордың  бетін ақтара қалсаң «бал ашамын» деген жарнамадан көрінбейді.  Қалада көше бойын жағалай отырған құмалақшы, бақсы-балгерлерді көреміз. Тіпті, ауылдың өзінен де мұндай қасиет иесі табылады. Құмалақ ашу – қоғамдық пікірді екіге бөлген дүние. Бірі – қолдайды, екіншісі – Аллаға серік қосуға балайды. Негізінде құмалақ аштырған дұрыс па? Шариғат не дейді?
–  Шариғат тыйым салған бұл істермен айналысып кәсіп етуге болмайды. Себебі мұнан тапқан табысы арам болады. Ақиқатында мұсылман Алла тағаланың құдіретіне иланып, бар ісінде тек Аллаға ғана тәуекел етуі тиіс. Қиындық кездессе сабыр етіп, әр қиындықтың артынан келетін жеңілдігі мен жақсылығын күте білуі керек. Дұғаларында «Адасудың түр-түрінен сақтай гөр!» деп тілеп жүргені дұрыс. Тақырыпқа қатысты тағы бір хадистерде көріпкелдерге сенген жан Мұхаммедке  түскен кітапқа сенбеген болып есептелетіні қатаң ескертілген, –  дейді Ораз ахун мешітінің бас имамы Нұрболат Рахметуллаев. 
Қиындыққа тап болса құмалақ салдыруға жаны құмар жандар жетерлік. Сеніп барады, сынап барады, жылап барады. Бірақ одан қандай жауап алады? Абзалы алдымен Аллаға, содан соң өзіңе сенген әлдеқайда дұрыс шешім.

       Айнұр ӘЛИ,
«Қармақшы таңы».


26 наурыз 2019 ж. 3 033 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 022

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031