» » ЕҢБЕК ЕРДІ ӨСІРЕДІ

ЕҢБЕК ЕРДІ ӨСІРЕДІ



«Еңбек еткен емеді» дейді дана қазақ. Осы ұғымды санасына сіңіріп, саналы өмірін еңбекке арнап келе жатқан жандар өңірімізде аз емес. Сондай жандардың бірі – замандасымыз, киелі Қармақшының тумасы Ғалымжан Досниязов.

Әрбір қазақ отбасына тән, бар саналы өмірін туған елінің өсіп-өркендеуіне арнап, ел құрметіне бөленген еңбек азаматы Абылай мен он баланы өмірге әкеліп, әрқайсының қоғамнан орнын табуына еңбек сіңірген батыр ана Сәнияның отбасында өмір есігін ашып, ата-анасының тағылымға толы тәрбиесін алып өскен Ғалымжан бала жасынан электрик мамандығын өміріне серік етіп өсті. Оған себеп? Доснияз ақсақалдың інісі, көп жыл аудандық байланыс мекемесінде электрик болып жұмыс істеген Жүсіп ағайы еді. Ол кісі жұмысқа кете салысымен Ғалымжан оның коктиін аяғына байлап алып, қолына ағасының құрал-жабдығын алып, аула ортасындағы бөренеге шығуға талпынатын. Немересінің бұл қылығын көптен байқап жүрген әжесі Әуез сарайдағы бұзылған шәйнек, үтік, тағы басқа да істен шыққан тұрмыстық заттарды әкеліп беріп, жөндеуді тапсыратын. Әрине, ананың мұнысы немересінің көңілін аулау еді. Кім біліпті, бұл алдау Ғалымның өсе келе машықтанар ісіне айналарын?
Иә, қазақ даналығында «Баланы жастан...» деген ұғым бар. Мүмкін бұл ұғым Ғалымжанға үлкен әсер берді ме екен? Оны Жаратқанның өзі ғана біледі. Жүсіп те інісінің ісіне сүйсініп, жұмыстан кейін қолы бос уақытта «Жарығымыз өшіп қалды, қосып бер, Шәйнегім, үтігім өртеніп кетті, жөндеп бер» деп үйге келген көрші-қолаң, ағайын-туыстың өтінішін орындауға қасына ертіп жүретін. Ондағысы інісінің бұл іске талабы бар екенін ұққаны еді. Тіпті, сүйсінетін.
Міне, Ғалымжан баста ермек, кейіннен сүйікті ісіне айналған электрик мамандығының қыр-сырын меңгеруде аудандық №149 кәсіптік-техникалық училищесінде үш жыл бойы «Ауылшаруашылығы техникасын электрмен жабдықтау» бөлімінде тәлім алып шықты. Отан алдындағы әскери қызметін өтеген жылдары әскери бөлімде, кейіннен елге оралған соң, механикалық зауытта, содан кейінгі жылдары аудандық «Сельхозэнерго» мекемесінде электрик болып еңбек етті. Ол уақытта аталмыш мекемені Асқар Мереков басқаратын-ды. Ол сол жылдары бүгінде о дүниелік болған Бектұрсын, Орынбек, Ғани, Төрехан сынды ардақты ұстаздарынан тәлім алып, әрдайым қасынан тастамай, ертіп жүріп, осы мамандықтың қыр-сырына қанықтырған ағасы Мақсұт Көкеев пен өзінен бірер жас үлкен Мирамбек пен Назар сынды сол уақыттағы жас, тәжірибелі мамандармен бірге елді мекендердегі электр желілерін, ауылшаруашылық техникаларын желіге қосу, ажырату сынды жұмыстарды істеуге баратын. Бұл мекемедегі 15 жылғы еселі еңбегі де еленбей қалған емес. Бірнеше рет марапатқа ие болды. Аудандық аурханада еңбек еткен жылдарында да оның еткен еселі еңбегін аурухана ұжымы мақтанышпен еске алады.
Ғалымжан бүгінде «Казгермұнайгаз» мекемесіне қарасты май және газ құю стансасында қызмет етеді. Шағын ұжымда жасы үлкені, ақылшысы. Ол жақында аталмыш кәсіпорын басшысының құрмет грамотасымен марапатталды. Бұл да болса тәжірибелі маманның ел-жұрт алдындағы елеулі еңбегіне берген жоғарғы бағасы деп білеміз.
«Тектілік тұқым қуалайды» деген сөз бар қазақ даналығында. Бұл ұғым бекерге айтылмаса керек. Ғалымжанның ағасы Жүсіптен аманатқа алған мұраны ұрпақтары Асылхан мен Сабыржан жалғастыруда. Екеуі де электрик мамандығын меңгерген. Бірі – Қызылорда қаласында, ал екіншісі – аудандық әуез мектебінде әке салған сара жолмен жүріп келеді. Жас та болса, өз ісінің білгірі атанған мамандар.
Расында, еңбек – әлем әміршісі. Еңбекпен өмірін өрнектеген отбасы қашанда бақыттың құшағында, Алланың назарында болады. Міне, сондай еңбек адамының бірі – біздің ауылдың тумасы Ғалымжан.
Ғалымжанның үйі біздікінен сәл ғана қашықтау жерде. Кейде жұмысқа шыққанымда жолдан тоқтап, ала кететіні бар. Өйткені, ол өзі қызмет ететін жұмыс орнына біздің редакцияның үстімен өтеді. Міне, жақында жұмысқа бірге бара жатқанымызда бір қызықты әңгіме айтты. «Көлігіммен үйден жұмысқа қарай Абай көшесімен зулап келе жатқанмын. ЦОН жанындағы бағдаршамның қызыл көзі жанған соң тұрдым. Ойымда ештеңе жоқ. Жан-жағыма қарап отырғанмын. Бір кезде көзім жол жиегіне түсті. Анадай жерде әмиян жатыр екен. Көліктен түсіп, әмиянды алдым. Жан-жағыма қарасам адам жоқ. Содан әмиянды ашсам, ішінде жеке куәлік, банкомат, басқа да құжаттар мен бірге 30 мың теңге бар. Не істерімді білмей, біраз уақыт ойланып тұрдым. Содан кейін Халық банкіне тартып кеттім. Онда кызмет істейтіндерге мән-жайды айтып, банкомат картасының егесін, тұрақты мекен-жайы мен телефонын біліп алдым. Содан хабарлассам, әмиянның егесі жас қыз екен. Оған «Казгермұнайгазға» келіп, әмиянын алып кетуге болатынын айттым да жұмысыма кеттім. Бірер уақыттан соң манағы бойжеткен келіп, разылығын білдірді, – деді басынан өткерген оқиғасын есіне түсіріп.
Ұлағатты сөз бар «Әуелі маман емес, адам бол» деген. Адамдықты биік қойған бүгінгі еңбек адамы тап осындай.
Нұрбай ӘБІЛАХАТҰЛЫ,
«Қармақшы таңы».
13 ақпан 2019 ж. 1 316 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 260

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 359

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930