» » ДІНГЕ ДЕ САУАТТЫЛЫҚ КЕРЕК, ӘЙТПЕСЕ...

ДІНГЕ ДЕ САУАТТЫЛЫҚ КЕРЕК, ӘЙТПЕСЕ...

Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Олардың алмайтын қамалы, бағындырмайтын белесі болмайды. Білімді де, білекті де осы жастан шығады. Әйтсе де, жастарымызды қолдау – бір бөлек те, сыртқы қауіп-қатерден қорғау – бір бөлек мәселе. Әсіресе, бүгінгідей жат ағымдар қаптаған аумалы-төкпелі уақытта. Жастың аты – жас. Тұла бойы от-жалын мен тың күш шарпыған жастардың еліктегіштігін ескергеніміз де артық етпейді. Жалпы, қазір жастарымыздың діни сауаты қандай? Отбасында бұл жайында насихат айтыла ма? Мектепте ше? Имамдарымыз не дейді?
Дін – кең ауқымды қамтитын тақырып. Олардың діни сауаты жайындағы әңгімені өздерінен бастағанды дұрыс таптық.
– Ата-анамды қадір тұтамын. Әкем кәсіппен айналысса, анам медицина саласында еңбек етеді. Отбасында ата-анам бізді имандылыққа үндейді. Біз де олардың осы пейіліне сабағымызды үздік оқуға, тәртіпті болуға тырысамыз. Бүгінде әлеуметтік желі барлық қоғам мүшесіне қолжетімді. Әр нәрсенің екі жағы болатыны сияқты, желідегі кейбір зиянды ақпараттан сақ болғанның артығы жоқ. Дін – ізгілік пен мейірімнің ошағы. Оны бұрмалайтын жеке басының мүддесін көздейтін арам ниетті адамдар. Сол үшін әр қадамды ойланып басу керек, – дейді №250 мектептің 11-сынып оқушысы Гүлбейне Асқарова.
Тегінде, жастардың жаза басқаны қоғамға үлкен сын. Одан мемлекетімізбен қатар, туып-өскен отбасы да азап шегеді. Тепсе темір үзетін жастардың бір ғана шалыс қадамының кесірі оны темір тордың ар жағына бірақ тоғытқанын көргенде – һакім Абай айтқандай: «қайнайды қаның, ашиды жаның». Әттеген-айдың ақыры айлар мен жылдарға бас бостандығынан айырып, өмірінің айшықты да әдемі бетіне дақ салады. Жастардың діни сауатын жетілдіруде, түсіндірме, насихаттық жұмысын жүргізуде мешіт имамының септігі мол.
– Ұлттың бүгіні мен келешегі – жастардың қолында. Турасын айтқанда, тарихын терең білетін, ұлттың рухани құндылығын бойына сіңірген ұрпақ қана ел болашағын жасайды. Бүгінде жас­тарымыз дінді рухани, мәдени байлық ретінде таниды. Десе де, қазір қоғам, білім беру мекемелері, қазақ қоғамы алдында дәстүрлі дініміздің әлеуетін көтеруде жастарды рухани-тәрбиелілікке және Отансүйгіштікке тәрбиелеу мәселесі тұрғанын да жасырмаймыз. Сондай-ақ, елімізде адамдар арасында өзара түсіністік пен татулықты сақтай отырып, жас ұрпаққа дәстүрлі дінімізді түсіндіруімізде рухани құндылықтар мен дін ғұламаларының еңбектерін оқытқанымыз абзал. Батыстық кейбір елде бұл мәселеге байланыс­ты білім ұясында діни білім беру жүйесі қалыптасқан. Адамның діни сауаты артқанда ғана қоғамдық көзқарас қалыптасып, кемелдену құбылысы жүзеге асады. Сондықтан діни сауаттылықтың адам санасына маңызы зор болмақ. Алысқа бармай-ақ, Жосалы кентін алсақ. Мешітке қадам басқан иісі мұсылман жамағаттың басым бөлігі – жастар. Имандылық үйінде қандай іс-шара болмасын, оған атсалысып, қол ұшын созатынның басым көпшілігі де – жастар. Сан ғасырдан бері келе жатқан дәстүрлі діни ұстаным – Әбу Ханифа мәзхабы және Матуруди ақидасы – қазақтың баласын қазақ қоғамының мүддесіне арқау етеді. Бұл бағытты ұстанушылар қарапайым, ізгілік сипатымен ерекше. Мұны біле білген ата-бабамыз мұсылман арасына жік түсірмей келді. Бүгінде елімізде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар мен әлемдік тілдер университеті, А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті, «Нұр» Ислам мәдениеті Египет университеті«дінтану» және «теология» бойынша мамандар даярлауда. Мұнан басқа ЖОО-да дәстүрлі дінді терең оқытып, кеңінен қанат жаюына септігін тигізетін бірнеше пәндер енгізілсе деген ұсынысым бар. Сөз соңында айтарым, елімізде жалпы халық пен жастардың рухани-танымдық тәрбиесі мен діни сауатын арттыру көптің аузында жүр. Осы тұрғыда қоғамның діни өмірі мен ахуалын ескере отырып, оны әркез жастарға ақпараттандырып отыру қажет. Кез келген мемлекеттің жарқын болашағы жастардың болмысы мен санасына, мәдени дамуына, білімі мен тәжірибе деңгейіне байланысты. Сол себептен жастардың заманға сай діни білім деңгейін нығайтып, дәстүрлі құндылықтарымызды дәріптеп отыру – барлығымыздың борышымыз, – дейді «Қармақшы ата» мешітінің бас имамы Асхат Жарқынбеков.
Жастарды діни сауаттандыруда білім ұясының рөлі жоғары. Елімізде жасөспірімдердің діни сауатын жетілдіруде 2009 жылдан бастап «Зайырлылық және дінтану негіздері» атты факультативтік курсы жұмыс істеуде.
– Дін мәселесі мемлекет негізін құраушы ең маңызды фактордың бірі болған соң, оны сақтауда ішкі тұрақтылық кепілі саналады. Еліміздегі ортақ ауызбіршілік, елжандылық, адамды сүю мен бейбітшілік дәстүрі діндердің басты ұстанымы. Ал, ұлттық қауіпсіздікте қатер төндіретін жат ағымдардан бойымызды аулақ ұстап, жас­тарды Отансүйгіштікке тәрбиелегеннен ұтарымыз анық. Мемлекеттің саяси тарихында қазақ халқының патриотизмі ерекше орынға ие. Өз елінің мүддесіне қызмет етуден көрінетін Отанға деген сүйіспеншілік сезімі қоғам дамуы мен ұрпақтар сабақтастығының өзекті құрамдас бөлігі және солай болып қала бермек. Еліміздегі «Зайырлылық және дінтану негіздері» факультативтік курсының мақсаты – бала бойына рухани адамгершілік сәулесін сеуіп, оның жеке сенімін қалыптастыруда ықпал ету, – дейді №183 мектептің тарих және дінтану пәнінің мұғалімі Индира Талкиева.
ТҮЙІН:
Ертеректе бір ұста болыпты. Оның шеберлігіне ешкім шәк келтірмейді екен. Күндердің күнінде дәулеті тасқан байдың әйелі қайтыс болып, оған әдемі күмбез орнатуды ойласа керек. Шеберді тауып алып, оған шарт қойыпты: «Күмбез бітісімен екі қолыңды кесемін. Себебі, сен басқа біреуге менің әйелімнің күмбезінен де керемет күмбез соғу мүмкін. Кедей адамды жұрттың бәрі жалдайды. Есесіне өміріңе жететін алтын берем» депті. Байдың шартына ұста амалсыздан келісіпті. Күмбез де бітіп, шебер ғұмырына жетерлік алтынын алыпты. Келісім бойынша екі қол да кесіліпті. Бай бірде әйелінің басына келсе, оның беткі жағына күмбез төбесінен жауын тамып тұрған көрінеді. Бұған ашуланған бай кедейді алдына алдырып, тесікті қайта бітеуін бұйырады. Сонда шебер: «Менің қолымды кестің. Ол – өмірім болатын. Сен менің сол қуанышымнан айырдың. Тесікті бітей алмаймын. Өйткені, енді қолым жоқ. Ал, ағып тұрған тамшы жауын емес, менің мәңгілік көз жасым» деген екен. Бұл мысал – Отанын, ата-анасын, ұстазын сыйлайтын әрбір жасқа сабақ болмақ.
Сәрсенкүл АҚКІСІ,
«Қармақшы таңы».
21 қыркүйек 2018 ж. 1 123 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 240

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 343

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930