» » ТӘРБИЕ – ТАЛ БЕСІКТЕН

ТӘРБИЕ – ТАЛ БЕСІКТЕН

Қазақ халқының ұлы жазушысы, ғұлама ғалым М.Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген ұлағатты сөзінің мәнмағынасына ой салсақ, тәрбие ұрпақты дүниеге келтіруден басталады. Сол тәрбиенің дәстүрлік, салт-саналық бастауы мен бағдарламаларын әрбір ұстаз, ата-ана жан-жақты пайдаланып, әрбір жас буынның бойына даналықпен дарыта білуі керек. Сонымен бірге халқымыздың рухани қазына байлықтарының бірі – салт-дәстүрлеріміздің кейбір түрлерін бүгінгі жаңарған өмір салтына енгізу арқылы жастар санасына құя білуіміз қажет.
Дана халқымыз ертеден бала тәрбиесіне бесігінен бастап үлкен мән бергеніне, бүгінгі таңға дейін жеткен осы бір асыл мұрасының шоқтығы биік мүлкінің бірі – бесіктің өміршеңдігі дәлел бола алады. Бесік – атабабамыздан қалған, ғасырлар бойы қолданып келген ата мүлкі болып саналады.
Бүгінгі күні әрбір ата-ана бесікті қазақи тәрбиемен бала-шағасын, немере-шөберелерін бөлеп, қолдана білгенімен тамыры терең бесіктің тәрбиелік мәні мен тарихын біле бермейді. Бесікті дүниеге әкелген аттың жалы, түйенің қоңында өткен көшпелі тіршілік екені белгілі. Көшкен кезде бала бөленген бесікті арбаға салады, не түйенің қоңына орнатқан шомға отырғызады, салт атқа мінген анасының алдына өңгертеді. Бесік – үйренген балаға өте ыңғайлы, әрі жайлы болған. Бұл мүлік бала денсаулығына өте пайдалы. Атап айтқанда бала бесікте жатқанда асты таза, жылы, оянып кетпей тыныш ұйықтайды. Бүгінгі күнге дейін қазақ бесігі талдан, қайыңнан иіліп жасалады. Иіп жасалған бесік қазақ бесігінің негізгі түрі, ең әуелі бесіктің екі жақ басы тұтас қайыңнан, талдан иіп, не төрт бөлік қарағай ағаштан қиыстырып доға тәріздендіріп жасайды. Сирақтарының аралығын бір-бірімен шабақпен жалғастырады. Бесіктің екі жақ жақтауының да табаны дөңгелектеу болып келеді. Бұл бесіктің тербетіліп тұруына ыңғайлы. Доға тәрізденген бесіктің екі басын бір-біріне қарама-қарсы қойып, араларын екі қатар ұзын шабақтармен біріктіреді. Шабақтар үстінен тұтас тақтай төсеп, оның орнататын жерін дөңгелектеп тесіп ояды. Бесіктің доға тәрізденген екі басы, дәл ортасынан оқтаудай жұмыр аралықпен біріктіріледі. Бөлшектері бір-бірімен ағаш желіммен, ағаш шегелер арқылы берік қиыстырылатындықтан, тербетіп қозғалған уақытта сықырлаған бөтен дыбыс шықпайды. Бесік арқылы оның үстіне жапқан жабу көрпені баланың бетіне түсірмеуге, бесікті тербетуге, оған әртүрлі сылдырмақ, ойыншықтар іліп, тұмаршалар тағуға аса қолайлы. Бесіктен бала оянған кезде екі қолын шешіп бос қояды. Оянған бала алғашқы рет көзге түсетін ойыншық сылдырмақтармен ойнауға әуес келеді. Бесікке бөленген нәрестенің кіші дәреті шүмек арқылы, ал үлкен дәреті бесік тесігі арқылы түбекке жиналады. Түбектің түбіне күл салынады. Шүмек өте әдемі етіліп қойдың асықты жілігінен жасалады. Айрықша аппақ болу үшін сүтке қайнатып та алады. Шүмек ұл не қыз балаға арналуына қарай екі түрге бөлінеді. Балаға арналған шүмектің аузы дөңгелек тесікті болып келсе, қыз балаға арналған шүмектің тесігі қиық болады.
Бесік жабдықтары – доға жабу, тор жабу, құрақ көрпеше жабу, түбек, шүмек, тартпа баулар (қол, аяқ баулары оюланып жасалынады), жастық, үкі, көз моншақ. Анасы бесікті жайлап тербетіп отырып, бойындағы бар мейірімін баласына төге, ой арманын, тілегін білдіреді, оның ертеңіне жақсы адам болып өсуін жырмен армандайды.
«Әлди, әлди ақ бөпем,
Тәтті ұйқыға бат бөпем.
Әнін тыңдап анаңның,
Уілдей жат бөпем.
Ел намысын қорғайтын,
Батыл болшы бөпешім.
Ер намысын қорғайтын,
Батыр болшы көкешім» деп бесікті тербей отырып бесік жырын әндетеді. Жайлы да, жылы бесікке жатқан нәресте мейірімді ән ырғағымен тербеліп, тәтті ұйқыға батады. Нәрестені шомылдырғанда, сылап-сипап, майлап, аяқ қолын созып, «Өс-өс» жасағанда да айтылатын тілектер бар. Ананың жылы дауысымен айтылған әуенді дыбысы құлағына естілгенде бесікте жатқан нәресте анасына қарап езу тартып шаттанады, әуезді ырғаққа елтіп маужырап қайта ұйықтап кетеді. Сондықтан да әрбір ана тал бесікте жатқан баласын тербетіп отырып ыңылдап «Бесік жырын» айтады. Бесікте жатқан нәресте ана сөзіне түсінбесе де құлағына сүтпен бірге ана тілінің әсем сазы, қоңыр әуені, ойлы, мұңды мақамы сіңе береді. Егер кез келген аналар «Бесік жырын» бес саусағындай жатқа біліп өз сәбиінің құлағына ана сүтімен қоса сіңіріп отырса, ана тіліміздің тағдырына бейжай қарамағаны болар еді.
Қорыта айтқанда, қазақ халқының санасында құйылып бүгінге дейін өз жалғасын тауып келе жатқан «Бесік жырының» негізгі мақсаты – баланы ұйықтату, жұбату. Баланың санасына сіңген ананың сазды әуені сәби құлағында мәңгі сақталып жан дүниесіне нәр бітіріп, оның келешегіне рухани азық болады. Сондықтан халқымызда бала тәрбиесі бесіктен деп айтады.
Қымбат БЕРДЕШ
11 шілде 2025 ж. 106 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№51 (10419)

12 шілде 2025 ж.

№50 (10418)

09 шілде 2025 ж.

№49 (10417)

05 шілде 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 1 027
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031