Тәрбие тамыры тереңде
Бала тәрбиесі ата-ана үшін күрделі әрі жауапты іс. Қай халық болсын ұрпағының тәрбиесіне терең мән беріп, болашағына үнемі алаңдаушылықпен қарайды. Бала тәрбиесінде бірінші білімнен бұрын тәрбие беру маңыздырақ. Адамгершілік негізі имандылық пен ізеттілікте. Осы ұранды үнемі жадында тұтқан қазақ халқы жастарды кішіпейілділікке, ізеттілікке, инабаттылыққа тәрбиелеуді міндет деп санаған. Дана халқымыз ұл әкеге қарап оқ жонар, қыз шешеге қарап тон пішер деп бекер айтпаған. Ер бала отбасында әкеге қарап, ал қыз бала анаға қарап өседі. Сондықтан да әр ата-ана баласының алдында өзін дұрыс ұстап, ғибраты мол әңгіме айтып, жүріс-тұрысымен, киім киісімен, іс-әрекетімен үлгі бола білуі керек. Ешқашан өз баласын біреудің баласымен салыстырмау керек. Бұл ең үлкен қателік.
Бүгінгі бәсекеге қабілетті қоғамда жас ұрпақты сол қоғам мүддесіне сай, елін, жерін, халқын көзінің қарашығындай қорғайтын ұлтжанды, шыншыл, кісінің ала жібін аттамайтын иманды, саламатты азамат етіп тәрбиелеуіміз қажет. Бүгінгі ұрпақ еліміздің келешегі. Біздің алға қойған мақсатымыз – қазіргі қоғам мұратына сай жан-жақты жарасымды тұлға тәрбиелеу. Баланың өмір сүруге құштарлығының оянуы, жақсы мен жаманды, обал мен сауапты ажырата білуі өзін қоршаған ортасына, ата-анасына, бауырларына, құрбы-құрдастарына, олардың іс-әрекеттеріне және басқа да қасиеттеріне байланысты.
Өткенге көз жүгіртер болсақ, халқымыз тамаша салт-дәстүрлерді ұстанған. Сонау құрсақ тойынан бастап, отау тігіп, шаңырақ көтергенге дейін сан алуан ғұрыптарды жасаған. Ал қазір қандай?
Қазір баланың сана сезімін улайтын айғақтар әлеуметтік желіні ашып қалсаңыз жетерлік. Мұның барлығы бала психологиясына кері әсерін тигізбей қоймайды. Неше түрлі видеороликтер және ойындар. Сондықтан да балаларға кітап оқытып, оның берер тәрбиелік мәні өте зор екенін ұғындыруымыз керек. Бала бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп өсу қажет. Жат қылықтан аулақ болуға, тәрбиелі де салиқалы ұрпақ болуын отбасында үнемі айтып отырған абзал.
Бүгінгі таңда нарықтық экономикаға сай ұлттық сана сезімі, рухани ойлау қабілеті жоғары, мәдениетті, еңбекқор, іскер, бойында игі қасиеттер қалыптасқан Қазақстан азаматын тәрбиелеу ата-ана мен мектеп ұстаздарының парасатты парызы. Педагогтарымыз жүйелі жоспар құрып, шәкірттер мен олардың ата-аналарымен бірлесе жұмыс істегенде ғана үлкен нәтижелерге қол жеткізе алады.
Қорыта келе айтарымыз, баламыздың болашағы өз қолымызда. Қоғам болашағының баянды болғанын қалаған ел ұрпағының ұлағатты болуына әрдайым мүдделі.
Құралай КӨКЕЕВА