» » ЕР МАҒЗАМАН МЕН АЙТҚҰЛДЫҢ ДОСТЫҒЫ

ЕР МАҒЗАМАН МЕН АЙТҚҰЛДЫҢ ДОСТЫҒЫ

Атам (біз оны бапа дейтінбіз) – Қожаберген өте әңгімешіл кісі еді. Жеті атасының тарихын жік-жігімен көсілте айтқанда, тыңдаушысы тамсанатын, сан ғасырлық оқиғалардан әңгіме шерткенде арқаланып кететін де әдеті бар.
Атам қолының місекері бар шебер, ұста адам. Аз ғана уақыттың ішінде шалт қимылдап, киіз үйдің киіз туырлығын кесіппішіп, тігіп тастайтын. Сексеуілді ен далаға барып өртеп, оны шала жанған кезінде су шашып, сөндіріп, кәдімгі көмір етіп, қаптап үйге алып келетін. Міне осы сексеуілдің көмірін тұтатып, қып-қызыл шоқ қылып, темірді қыздырып балқытып, үйге керекті заттар – қазбай, қос қолдық қырықтық қайшы, пышақ, шай қайнататын дүмше, әтөшкір, тағы басқа соғатын.
Шөмекей руының бел баласы Айтқұл атамыздың Мағзаман әулиемен достығы туралы әңгімені де атамыздың аузынан естіген едік.
Құм шетінде сылаң қағып аққан Сырдариядан әріде, Хорезм шаһарының уығы көк тіреген, керегесі алтын, шаңырағы күміс хандығында маңғаз мінез, маңғаз жүріс бір хан өмір сүріпті. Байлығы асып-тасқан, уәзірлері жанын аяған, сөзіне қарсы келер ешкім жоқ еді. Сол ханның шеруі бір күні даланың тыныштығын бұзып, дүбірі жер жара, дүсірі көк теңселте Мағзаман әулиенің жолына түседі.
Мағзаман әулие ол кезде қалың жұртқа беймәлім, тек ел арасын аралап, бата беріп, тілек тілеумен жүрген қарапайым адам бейнесінде еді. Ол дін оқуын оқыған молда кісі екен. Қарны бірде орта, бірде тоқ, киімі жұпыны, түрі жүдеу жүрген, бұл дүнияның рахатынан безінген жан қолына Құран ұстап, Құдай жолына тақуалыққа түседі. Өзгелерден бөлектеніп, өзгеше киінбейтін. Бүгін де сол қалпында, тозығы жеткен шекпенін жамылып, әруақ қысып бағыты базар жаққа жетелеген.
Кенет алдынан бурадай буырқанған хан шеруі тар көшені толтыра тайпала өте берген еді. Аттардың ауыздығы күрсілдеп, дулығалар күнге шағылысады. Жұрт ханнан қорыққандықтан алдында ешбір жан қалмайды. Тек Мағзаман ғана ештеңені көзі көрмей тұра берді.
Алдында тұрған Мағзаманды көрген ханның қабағы кіржие, дауысы гүр етті:
– Менен бәрі жоламай үркіп еді. Қалайша мына жаман қайыршы неғып жол тосады? Жолымнан кет, әйтпесе аямаймын! – деп аса таяғымен ішінен түртіп, атымен итеріп жібереді. Сол сәтте селт етіп есі кірген Мағзаман әулие «Хан бетеге бол!» деп, үстібасын қаққан күйі үндемей орнынан тұрып, артына бұрылмастан жай ғана кетіп қалады. Сол кеткен бойы бұрылған жоқ. Бірақ... бұрылған бір тылсым күш бар еді.
Қолайына жақпағанды жоятын, кіл содырды маңына жинаған көңілі көтеріңкі хан сарайына жетісімен-ақ денесі тызылдап, іші кеуіп бастан асады. Жан алқымға тіреліп, тіл байлана бастайды. Уәзірлері жанталасып ел ішіндегі емшілер мен бақсыларды жинайды. Бірақ ешқайсысы дерттің себебін таба алмай, шарасыз күй кешеді. Сарай іші алаң, хан төсек тартып, өлім аузында жатты.
Ақыры бір қария бақсы ханнан сұрайды:
– Жол бойында біреумен шекісіп пе едіңіз? Хан да, уәзірлері де ұялып тұрып, Мағзаманға жасаған озбырлығын айтып береді. Сонда қария күрсініп:
– Бұл ауру емес, бұл – қарғыс. Ол кісі жай пенде емес. Кешірім сұрамай тұрып жазылам деу бос әурешілік, – дейді.
Хан бірден шабармандарын жұмсап, Мағзаманды таптырмақ болады. Бірақ халық ішінен ол кісіні ешкім танымайды. Сұрастырып жүріп, бір қария:
– Ол кісі Айтқұл деген адамның досы, тек соның сөзін ғана тыңдайды, – дейді.
Сол сәт Айтқұл атамызға адамдар аттандырылып, өтініш айтылады. Айтқұл да сөзге келместен жолға жиналады. Досына келгенде Мағзаман әулие оған қарап жымиып:
– Иә, досым, сен келдің ғой, бармасқа амал қалмады, – дейді.
Солайша досының көңілі үшін ғана, өзіне қастық жасаған ханды кешіріп, сарайға келеді. Мағзаман аса таяғымен ханның ісінген ішін түртіп қалады.
Сәлден соң хан денесінен қара тер ағып, дертін жеңіп, есін жинай бастайды.
Хан есін жиған бетте тізерлеп Мағзаманның аяғына басын тигізіп:
– Кешір мені! Мен көр соқыр тәкаппар едім..., – дейді. Мағзаман жұмсақ үнмен:
– Адам баласының ең ауыр дертінің бірі – менмендік. Одан айығудың жалғыз жолы – тәубе, – депті.
Осылайша хан да тәубеге келеді, Мағзаманның да рухани биіктігі, Айтқұл досының адалдығы, ел ішінде тарай бастаған қасиетті достық тарихы осылай басталады.
Содан Бұқара ханы Мағзаман әулиеден тәубе тілеп, тәкаппарлықтан қайтқан соң, жүрегіне өзгеше жұмсақтық, жан дүниесіне бір тыныштық орнай бастады. Сол кезде ханның көз қуанышы – жалғыз қызы Дәулетбике он жетіге енді толған кезі еді.
Ауру мен ажалдан аман қалған хан қуанғаннан Мағзаманға өзінің тағын ұсынып, өзі оған уәзір болуды өтініпті. Мағзаман бұл ұсынысын қабылдамайды. Хан қазынасынан алтын, күміс, құнды заттар, мал-мүлік деген сияқты дүниелерді ұсынады. Мағзаман бұлардан да бас тартады. Ең аяғында болмаған соң хан өзінің жақсы көретін қызы Дәулетбикені әйелдікке ұсынады. Мағзаман бұған да көнбеген көрінеді, бірақ хан: «Осы қызымды сізге Құдай үшін, нәзірге беремін» (Құдай жолына арнаймын дегені) депті. «Құдай жолына» дегені үшін амалсыз қалған Мағзаман бұған келісім береді.
Мағзаман ата хан қызы Дәулетбикені алып еліне қайтады. Жолда, ат үстінде келе жатып Мағзаман ата қамшысын жерге түсіріп алса керек. Сонда Мағзаман қызға: «Әй, балам, қамшымды әперші, менен гөрі жассың ғой» деген құсайды. Бұл сөзге Дәулетбике де қарай қоймайды. Сөйтіп бір сөзді екі айтады. Сонда Дәулетбике былай дейді:
– Тағдыр сені маған күйеу деген еді. Ал сен болсаң, «Әй балам, әй балам» деп қақсай бердің, баласын кім әйел ғып ала алады, шариғатта «балам» деген адамды бір-біріне қоспайды. Киеңді қалай бұзасың? – дейді.
«Ойламай сөйлеген опық жейді» демекші, қыздың айтқан сөзін саралап келе жатқан Мағзаман ата: «Япырым-ай, балам деп қойдым ғой! Бұны өзіме некелеу обал және күнә ғой!..» деп шошып кетіп, не істерін білмей біраз ойға қалады. Ойлана-ойлана тапқан ақылы: Дәулетбикені досы Айтқұлға некелеуге ұйғарады. Бұл ойын Айтқұлға айтқанда ол: «Атамағын, ақиреттік дос бола тұра, досымның жарын қалай құшып жата аламын», дейді.
Сонда Мағзаман:
– Менің қыз үшін ел ішінде дінбұзар атанар жайым жоқ, мені шайтан азғырды. Сен үшін басымды бәйгеге тіктім. Шын досым болсаң тілегімді қабыл аласың, – дейді ол.
Айтқұлдың Малбике, Қарабас дейтін (бәйбіше және ортаншы) екі әйелі болады. Дәулетбике үшінші әйел, яғни тоқал боп некеленеді.
Айтқұлдан хан қызы Дәулетбикеден Есім және Жәнібек деген екі ұл дүниеге келеді.
Сөйтіп Айтқұл атамыз бен Мағзаман әулиенің достығын ел біледі. Шөмекей еліне келген соң Мағзаман әулиені алты аспанға Пір сайлап, байрағы биікке желбірей береді.
Қымбат БЕРДЕШ
26 маусым 2025 ж. 69 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№47 (10415)

28 маусым 2025 ж.

№46 (10414)

24 маусым 2025 ж.

№45 (10413)

20 маусым 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 985
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031