» » » Баба ісі өнеге зерделіге

Баба ісі өнеге зерделіге


«О, туған жер киелі бақ тұрағым,
Қанат беріп ұшырған жақсыларын.
Бабалардың өшірмей өнегесін,
Оқы ұрпағым, білімнің жақ шырағын.
Бұл ауыл жырдан өрген өнегені,
Сыр бойының сырға бай өрелі елі.
Бірі батыр, бірі ұста, бірі жыршы,
Тұнған тарих бабамның көгені еді».
Иә, Тұрмағамбет ауылы деп өзім кіндік қаным тамған осы мекен жайлы әңгіме өрбісе, қанаттанып шаттыққа бөленемін. Сыр Елі өнердің өрісті елі. Сол өрістің  өркенінің бірі – біз тұрған мекен. Кеңестік дәуірде Ленин совхозы атымен белгілі. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан Дауылкөл ауылдық округі, Тұрмағамбет ауылы болып өзгертілді. Бұл ауылда жыршы-термешілер, еңбек ерлері, батырлар, балуандар, билер, ұсталар өмір тарихында үлгі болар тұлғалардың сара жолы сайрап жатыр. Осындай өнегелі тұлғалардың бірі де бірегейі мен сөз еткелі отырған өнері өмірлік өнеге болып қалған ұста, зергер – Мұратов Жанділда атамыз.
«Ел қадірін ер білер,
Зер қадірін зергер білер» деген халық даналығында.
Ж.Мұратұлы 1896 жылы дүниеге келген. Жастайынан еңбекшіл, тиянақты, бастаған істі үлкен жауапкершілікпен аяқтай білуге дағдыланып, 15-16 жасында ерекше қызығушылықпен зергерлік бұйымдар жасауға ден қойған. Сақина, білезік, түрлі шашбаулар жасап, ел ішінде қызығушылық туындап, жас баланың бойындағы зергерлік қасиетті үлкендер байқап, үлкен үмітпен бағалай білген. Әкесінен 7 жасында қалған Жанділда әкеміз жастайынан еңбекке бейім болды. Анасы да көп ұзамай қайтыс болғаннан кейін өзінен үлкен апасының қолында тәрбиеленді. Апасы белгілі шайыр Шораяқтың Омарының жары болған. Жанділда әкемізге үлкендердің айтуы бойынша зергерлік өнер нағашыдан дарыған. Нағашысы Қожабай деген кісі, руы Есен Кете. Ұжымдастыру кезінде ауылда белгілі ұста болған екен. Атамыздың бойындағы өнерге деген қызығушылық ұсталық қабілетін аша түседі. Үлкен атасы Мұрат атамыздың әкесі Шауар деген кісі ауқатты жан болған деседі. Шауардың баласы Мұрат үлкендердің айтуы бойынша қолында бесатар мылтығы, астында пайтон арбасы, қасында нөкерлерімен жүреді екен. Мұрат атамыз бірінші әйелі қайтыс болғаннан кейін, қасына нөкерлерін ертіп, ауыл-ауылды аралап қалыңдық таңдап жүріп, Қожабайдың ауылына келеді. Аттан түсіп, үйге бет бұрса, киіз үйдің көлеңкесінде бір қыз жүн түтіп отыр екен. Келген кісілерді көріп дереу жүнді жинастырып, үйге көрпеше жайып, қонақтарға ишарат білдіріпті. Сол кезде Мұрат атамыз, болды осы қызға құда түсіңдер, бірақ өзіме тартып ұл-қызым тумас деген екен. Әке балаға сыншы демей ме, шындығында балалары нағашыға тартып, шетінен іскер қыздары, шебер ұлдары ұста болыпты. Нағашысы Қожабайдың ел аузында жүрген ұсталығы бөлек болған. Киіз үй құрастыратын шеберлігі көпті таңқалдырған. Жанділда атамыз колхоздастыру кезінде ұсталық қызмет атқарып, 1932 жылы ашаршылық басталғанда Ресейге, Кировский крайға жанұясымен қоныс аударған. Ол жақта да ұсташылық қызмет атқарады. Онда төрт жыл тұрақтап, 1936 жылы елге қайтып оралады. Атамыз да екі некелі болған екен. Бірінші жары Райхан әжеміз. Ол кісі елдің белгілі азаматы Ұзынжасов Қаппар әкейдің апасы болған. Бес құрсақ көтеріп, үшеуі қайтыс болып Қалмақан, Оңғарбай әкелеріміз қалған. Бұл кісілер де өте танымал шебер ұста болған. Ағаштан түйін түйген Қалмақан әкеміздің оюлап жасаған шкаф, сандық, жүк аяқ сияқты бұйымдарын бала кезімізде көзімізбен көрдік. Оңғарбай ағай да ұсталықпен қатар радиотехниканы терең меңгерген өнертапқыш еді. Ағай күнде кешке ауыл клубында кино қоятын. Сол уақытта халықтың кино мәдениетіне деген көзқарасы өте жоғары болатын. Клубта күн сайын түрлі киноларды хабарлап, халықтың жиналуын күтеді. Клубта ине шаншар жер болмайтын. Күлән апамызбен Оңғарбай ағамыздың шаңырағынан атаға тартар шебер ұл-қыздар өсіп, елге қызмет етуде.
Екінші әжеміз Есентаева Лайық әжеміз еді. Бұл кісі Абақан Кете руынан. Лайық әжеміз үш ұл, алты қыз баланы дүниеге әкелген. Екі ұл, екі қыз бала қайтыс болған. Қазір бір ұл, төрт қызынан ұрпақтары тамыр жайып өсіп өркендеген. Несібелі, Бақыт, Фатима, Сәлима атты қыздары, Яхия атты ұлы өсіп-өніп ата кәсібін жалғастыруда. Жанділда атамыз Киров өлкесін елге оралғаннан кейін Ворошилов колхозында ұста болады. 1942 жылы әскер қатарына алынып, саперлық жағында мина көміп, мина тазалайтын батальонда болған. Үш жыл соғыста болып, ерен ерлік үлгісімен жан аямай Жеңіске жетуге атсалысты. 1945 жылы соғыс аяқталғаннан кейін елге оралып, ауылда ұсташылық жұмыстар атқарады. Күмістен зерлі сақина, білезік, алқа, сырға, қарсы ілгектер жасап, көп көңілінен шыға білді.
Бала кезімде әжеме еріп Жанділда атамның үйіне сақина, білезік жасатуға баратынбыз. Әжем көрші ауылдарға тойға барарда арнайы күмістен сақина, білезік соқтыратын. Жанділда ата бізге аталас туысқан болып келеді. Үй арасында 4-5 үй болса да, біз барып ұста атамыздың үйіне қонып, ертеңіне қайтатынбыз. Лайық әжеміз өте ақкөңіл, баладай аңқылдаған жан еді. Әжеме арнап ет асып, қонақ қылып күтетін. Ол кісінің арнайы ұстаханасы бар, оның ішінде төс, көрігі, ұсталық құралдары жинаулы тұратын. Өмірінің соңына дейін ұсташылық жұмыстар атқарды. Ұстаханасында бір тыным жоқ балғаның, тұтыну құралдарының дауысы естіліп жататын. Шебер ұста ізінен шәкірт ерте білді. Шәкірттері: Жаппар Тасымов, Бодық Шәдиев, Серікбай Шамшатов, Жәрімбет Арыстанов, Торта Ибрашов тағы басқа Жанділда атадан тәлім алған ұсталар өз шеберліктерімен даңқы шығып, ел алғысына бөленген жандар еді. Шебер ұстаның келіндері «Ұста ата» дейтін. Балалар «Ұста көке» дейтінбіз. Еңбегі еленіп әрқашан халық алғысына бөленген жан еді. Соғыс уақытында да бірнеше медальдармен марапатталған. Соның ішінде «Ерлігі үшін» медаліде бар.
«Атым шықсын десең,
Жақсы істің маманы бол.
Даңқым шықсын десең,
Көпшіліктің адамы бол» деген екен халық даналығында. Жанділда атамыз өз ісінің маманы да болған, көпшіліктің адамы да болған даңқты тұлға. Зерделі зергер. Әр өскелең ұрпақ бабалар тарихын танып өсуі керек. Қасиетті киелі шаңырақта атамыздың ізін жалғастырып, отын жағып  Яхия ағамыз бен Айсұлу жеңгеміз отыр. Ұрпақ өсуде, өнер жалғасуда. Яхия ағамыз «Әке көрген оқ жонар...» дегендей шебер ұста. Немерелері Ғалымжан, Серік те ұста. Өнер өлмейді бағалай білсе. Міне, ата өнерін бағалайтын ұрпақ өсуде. Яхия ағамыздың балалары, Жанділда ата немерелері қасиетті шаңырақта өрген, өрісін кеңейткен қыздары Гүлзинат, Айзат, Нұршат өз аталарын мақтан етеді.
«Шебердің қолы ортақ» деген осы емес пе? Ұста атамыз даңқты өнерін ұрпағына тарту етіп, 88 жасында дүниеден өтті.
  «Баба ісі өнеге зерделіге,
  Ұрпақтар сабақтасты елде міне.
  «Рухани жаңғыру» бағдарымен
  Қуанамын кешегі күн ұрпақ үшін
  Тәлім боп қайта айналып келгеніне!»
З.ЖАППАРҚЫЗЫ
21 қыркүйек 2021 ж. 583 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 047

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031