» » Ауылым – алтын бесігім

Ауылым – алтын бесігім

Бал дәурен балалық зейнет жасына жеткенше рухани қуат берген туған жерім Тұрмағамбет ауылын өмірімнің бастау бұлағы, қасиетті атамекенім деп білемін.

Қармақшы ауданындағы бұл ауыл – Сыр сүлейлерінің атасы Ешнияз салды, даңғайыр ақындар Кете Жүсіп пен Жиенбай жырау, ақын Тұрмағамбет бастаған жүзден астам ақын-жыраулармен қатар, қалмақ-жоңғар шапқыншылығы кезінде елін қорғап, қазақ тарихы бетіне есімдерін алтын әріппен жазған батырлар – Текей Қарпықұлы, Қарақисық Қосұлы, Есетбай Айбасұлы, Қарба руынан шыққан Қайрақ пен Құл батыр, Бостыбай руынан шыққан Жабай сынды тарихи тұлғаларды, кешегі Ұлы Отан соғысының батыры Тәйімбет Көмекбаевты, Еңбек Ері Сәлима Жұмабекованы, жауырыны жерге тимеген, Үш жүзге аттары белгілі Көмекбай Қоңқаұлы, Балжай, Әләу, Асан мақсұм, Мырзабай және Рахметулла Сақтағанұлы сынды палуандарды, мемлекеттік сыйлықтын иегері Далабай Ешпанов пен Раушанбек Әбсаттаров бастаған ғалым-профессорларды өмірге әкелген киелі мекен.

Әні мен дәні қатар өрлеп, құт-береке дарыған, Сырдың елін жырдың елі атандырған сүлейлер туып-өскен, бұл күндері экономикасы мен әлеуметтік жағдайы, мәдениеті қатар дамыған аудандағы іргелі шаруашылықтардың бірі осы Тұрмағамбет ауылы. Ол 1928 жылы «Талап», «Алға», «Екпінді», «Ұмтыл», «Жұлдыз» деп аталатын бес серіктестік болып құрылды. Әр серіктестікте жүз қаралы түтін, 60-70 гектар егіс егетін еді.

1930 жылы қазан айында №№10, 11, 12, 13 ауылдық кеңестердің қарамағындағы серіктестіктер іріленіп, Ленин атындағы ұжымшар болып құрылды. Міне, осы кезден бастап ауылдың тарихы басталады десек, қателеспейміз. Ұжымшардың алғашқы төрағасы, шежіреші Үбісұлтан Аяпов, партком хатшысы Молдабек Қалдыбеков болса, кейін Бержікей Ешов, Жарылқасын Тайбосыновтар төрағалық етті. Сол жылдары малдың басы шамамен 6 мың бас қойға, 2 мың бас түйеге, 400 бас жылқыға, 300 бас сиырға жеткен еді. Бірақ, 1935 жылы ұжымшар таратылып, орнына ТОЗ-дар құрыла басталды.

1950 жылы бұған дейін шашыраңқы болып жүрген «Ленин», «Ақжар», «Өндіріс», «Каганович», «Томарбөгет» ұжымшарлары іріленіп, Ленин атындағы ұжшар болып құрылды және оның төрағасы Омар Қошаманов, партком хатшысы Әнтәй Құланбаев, ауылдық кеңестің төрағасы болып Дәме Жұбаева, ал кейіннен Ысқақ Дәлібеков, Әбілдә Тансықбаев сайланған еді.

1950-1955 жылдары қол жеткен табыстары үшін күрішші Бодық Шәдиев «Құрмет белгісі», қойшы Зәріп Байболатов «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен марапатталып, ауыл тарихында есімдері алтын әріппен жазылды. Жоғарғы органдардың нұсқауына және заман талабына сәйкес, 1957 жылы бұрынғы ірілендірілген «Карл Маркс», «Ленин» ұжымшарлары біріктіріліп, Ленин атындағы қаракөл қой кеңшары болып қайта құрылды. Кеңшардың №1 бұйрығына алғашқы кеңшар директоры Әлімбет Ардабаев қол қойып, кеңшардың бас зоотехнигіне Қожабай Исаев, бас аграномдығына Шамшабек Баймұратов, бас бұхгалтерлігіне Тұрман Қалымбетов, директордың шаруашылық жөніндегі орынбасарлығына Омар Қошаманов, кеңшар тарихында алғашқы партия ұйымының хатшысы болып Қаратай Қуаңбаев, ауылдық кеңестің төрағасы болып Әубәкір Салықбаев бекітілді.

Алғашқы құрылған жылы кеңшарда 1564 гектар егістік жер, 27 мың 628 бас қой, 440 бас жылқы, 1245 бас сиыр, 555 бас түйе, 14 трактор, 18 автокөлік,700 ден астам жұмысшы, 300-дің үстінде қожалық болды. Осы ауылдар негізінде 1964 жылы қазіргі Т.Көмекбаев ауылы, 1980 жылы қазіргі Алдашбай ауылы бөлек шығып, бұл күнде іргелі елдерге айналып отыр.

Одақ тарап, еліміз егемендік алғаннан кейін ауылдарды жекешелендіруге байланысты 1996 жылы кеңшар таратылып, серіктестік болып қайта құрылды. Қармақшы ауданы әкімдігі жанындағы ономастикалақ комиссиясының 24-сәуір 1996 жылғы №3 хаттамасымен серіктестікке соңына мол мұра қалдырған ұлы шайыр Тұрмағамбет Ізтелеуовтің есімі берілді. Ал келесі жылы Қармақшы аудан әкімі мен мәслихатының №578 шешімімен бұрынғы «Ленин» ауылдық округінің атауы «Дауылкөл» ауылдық округы деп өзгертілді.

Ауылдан шыққан өнегілі, өнерлі тұлғаларымыз – біздің құнды алтын қазыналарымыз. Киелі ұсталықты кәсіп еткен Жәнділдә Мұратов, оның шәкірттері Б.Шәдиев, Ж.Арыстанов, М.Наурызымбетов, ағаш ұсталары – Омар, Торта, Жаппар, Қалмақан, Оңғарбай, тігінші Әніштердің есімі әлі күнге ел арасында құрметпен аталады. Кезінде егіс үшін «Қурайлы», «Аю», «Үбіс» каналдарын қолмен қазған әкелеріміз бен апаларымыздың есімдері зерттеуді қажет етеді. Ұлы Отан соғысы, асыра сілтеу кезіндегі шаруашылықтың жағдайы өзінше бір тарих.

Қазіргі Тұрмағамбет ауылының негізін қалап, өсіп-өркендеуіне ерекше еңбек сіңірген Ә.Ардабаев, Ысмайл Ысқақов, М.Алдамжаров, С.Байболов, Е.Байсалбаев, А.Сералиев, Ж.Бердімұратов, К.Қалдашбаев, Б.Жайсаңбаев, М.Құланбаевтың, ал, 2008 жылдан бері шаруашылықты басқарып келе жатқан Нұржан Пірмантаевтың ауыл экономикасы мен әлеуетін, мәдениетін көтерудегі лайықты қолтаңбалары бар.

Әсіресе, Ж.Бердімұратовтың тәртіп пен үнемшілдігін, К.Қалдашбаевтың жаңашылдығын, М.Құланбаевтың ыждағаттылығын ел мақтанышпен еске алады.

Биылғы тамыз айының үшінші онкүндігінде 60 жылдық мерейтойын өткізгелі отырған шаруашылық ауылды абаттаныру мақсатында Тұрмағамбет Ізтілеуов ескерткішін күрделі жөндеуден өткізсе, көктем басталған бойдан орталықтан демалыс алаңын салу, онда «Тағзым алаңы» мен «Сүлейлер аллеясын» және шаруашылық әдіспен 100 орындық балабақша салынып пайдалануға берілді. Сондай-ақ, шағын сүт өнімдерні өндіретін цех жақын арада қолданысқа берілмекші. Бұдан басқа да әлеуметтік мәдени шараларды іске асыру жоспарлануда. Сыр сүлейлерінің қара щаңырағы атанған алтын бесік ауылымның одан әрі гүлдене беруіне тілектеспін.

Елбасы «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында «Өз тарихына деген мақтаныш сезімін ұялатып, отаншылдық тәрбие беру мектеп қабырғасынан басталуға тиіс. Сондықтан мектептер мен барлық өңірлердегі өлкетану музейлер жанынан тарихи археологиялық қозғалыстар құру маңызды» деп атап көрсеткен еді.

Олай болса, туған жердің даму деректері мен киелі географиясын зерттеп, жұршылыққа ұсыну кейінгі ұрпақтың міндеті болып қала беруі тиіс.


Сұлтанбек МЫРЗАБАЕВ,

еңбек ардагері.

Қармақшы ауданы,

Жосалы кенті.
15 тамыз 2019 ж. 1 618 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 052

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031