АЛТЫН БЕСІК


Жақында бір ақсақалдан: «Азаматтың үш құбыласы болады. Бірі – Меккедегі Қағба, екіншісі – өзінің жүрегі, ал үшіншісі – туған жері», – деген сөз естідім. Шынында да осы үш құбыла адамның қасиетті бағыты екені анық екен.


Мекке – Пайғамбарымыз Мұхаммед мәңгі орын тепкен орны болса, жүрек-әркімнің тіршілігіне бағыт берер қайнар күш.Сол сияқты «Туған жер – алтын бесік», «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» деген халқымыздың туған жерге арналған әр даналық сөзі кім-кімді болса да тебірентері сөзсіз.
Балалық шағымнан бастап бүгінгі ақсақалдық жасқа жеткенше материалдық, әлеуметтік, рухани қуат берген туған жерім – Тұрмағамбет ауылы. Бұл ауыл менің өмірімнің бастау бұлағы, мәңгілік құбылам, қасиетті атамекенім.
Бұл ауыл Сыр сүлейлерінің атасы Ешнияз салды даңғайыр ақын Тұрмағамбет пен Кете Жүсіп бастаған жүзден астам ақын-жырау­лармен бірге, қалмақ-жоңғар шапқын­шылығы кезінде елін қорғап, қазақ тарихында есімдері алтын әріппен жазылған батырлар Текей Қарпықұлы, Қарақисық Қосұлы, Есетбай Айбасұлы, Қарба Қайрақ, Қубатыр, Бостыбай Жабай бастаған он бестен астам тарихи тұлғаларды, кешегі Ұлы Отан соғысының батыры Тәйімбет Көмекбаевты, еңбек майталманы Сәлима Жұмабекованы, жауырыны жерге тимеген, үш жүзге есімі танымал Көмекбай, Балжай, Әләу, Асан мақсұм, Молдабай, т.б балуандарды, мемлекеттік сыйлықтын иегері Далабай Ешпанов пен Раушанбек Әбсаттаров бастаған он бестің үстіндегі ғалым-профессорларды өмірге әкелген қасиетті топырақ, киелі мекен.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағ­дар­ламалық мақаласының бір тарауы туған жерді сүю, оның құрылу, даму жолын зерделеуге арналса, «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында: «Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болу кепілі деген осы», – деп атап көрсетті және көптеген деректердің, құжаттардың әлі де болса ғылыми айналымға түспегені, сондықтан барлық кезеңді қамтитын зерттеулер жүргізу, оның деректерінің қолжетімді болуы үшін жеті жылдық «Архив-2025» бағдарламасын жүзеге асыру жөнінде нақты тапсырмалар берген еді.
Осы құжаттарды пайдалана отырып, туған ауылымның негізі қаланғаннан қазіргі кезеңіне дейінгі тарихын қамтитын деректердің толық жинақталмауы себепті өз архивтерімде сақталған және көнекөз қариялардан естіген деректерімнің негізінде осы танымдық мақаламды оқырмандарға ұсынып отырмын.
Әні мен дәні қатар өрлеп, құт-береке дарыған, Сыр елін жырдың елі деп атандырған сүлейлер туып-өскен, бұл күндері экономикасы мен әлеуметтік жағдайы, мәдениеті қатар дамыған аудандағы іргелі елді мекеннің бірі де бірегейі Тұрмағамбет ауылы. Ауыл 1928 жылы «Талап», «Алға», «Екпінді», «Ұмтыл», «Жұлдыз» деп аталатын бес серіктестік болып құрылды. Әр серіктестікте жүз қаралы түтін, 60-70 гектар егіс егетін еді.
1930 жылы қазан айында №10,11,12,13 ауылдық кеңестердің қарамағындағы серіктестіктер ірі­леніп, Ленин атындағы ұжымшар болып құрылды. Міне, осы кезден бастап ауылдың тарихы басталады.Ұжымшардың алғашқы төрағасы, марқұм, шежіреші Үбісұлтан Аяпов, партком хатшысы Молдабек Қалдыбеков болса, кейін Бержікей Ешов, Жарылқасын Тайбосыновтар төрағалық етті. Ұжымшарда алғашқы кезде малдың басы шамамен 6 мың бас қойға, 2 мың бас түйеге, 400 бас жылқыға, 300 бас сиырға жеткен еді. 1935 жылы ұжымшар таратылып, ТОЗ-дар құрыла басталды.
1950 жылы шашыраңқы болып жүрген «Ленин», «Ақжар», «Өндіріс», «Каганович», «Томар­бөгет» ұжымшарлары іріленіп, Ленин атындағы ұжымшар болып құрылған соң, оның төрағасы Омар Қошаманов, партком хатшысы Әнтәй Құланбаев, ауылдық кеңестің төрағасы болып Дәме Жұбаева, кейін Ысқақ Дәлібеков, Әбілдә Тансықбаевтар сайланды.
1950-1955 жылдары қол жеткен табыстары үшін күрішші Бодық Шәдиев «Құрмет белгісі», қойшы Зәріп Байболатов «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен марапатталып, ауыл тарихына есімдері алтын әріппен жазылды. Жоғарғы органдардың нұсқауына және заман талабына сәйкес 1957 жылдың ақпанында бұрынғы ірілендірілген Карл-Маркс, Ленин ұжымшарлары біріктіріліп, Ленин атындағы қаракөл қой кеңшары болып құрылды. Кеңшардың №1 бұйрығына алғашқы кеңшар директоры Әлімбет Ардабаев қол қойып, кеңшардың бас зоотехнигіне Қожабай Исаев, бас аграномдығына Шамшабек Баймұратов, ал бас есепшілігіне Тұрман Қалымбетов, директордың шаруашылық жөніндегі орынбасарлығына Омар Қошаманов бекітілсе, кеңшар тарихында алғашқы партия ұйымының хатшысы болып Қаратай Қуаңбаев, ауылдық кеңестің төрағасы болып Әубәкір Салықбаевтар бекітілген болатын.
Алғашқы құрылған жылы кеңшарда 1564 гектар егіс, 27 мың 628 бас қой, 440 бас жылқы,1245 бас сиыр, 555 бас түйе, 14 трактор, 18 автокөлік, 700 ден астам жұмысшы, 300-дің үстінде қожалық болды.
Осы ауыл негізінде 1964 жылы қазіргі Т.Көмекбаев ауылы, 1980 жылы қазіргі Алдашбай ауылы бөлек шығып, бұл күнде іргелі ауылға айналды.
Жекешелендіруге байланыс­ты 1996 жылы кеңшар тараты­лып, серіктестік болып қайта құрыл­ды. Қармақшы ауданы әкім­дігі жанындағы ономастикалақ комис­сиясының 24-сәуір 1996 жылғы №3 хаттамасымен серіктестікке Т.Ізтелеуовтің есімі берілді және 23-желтоқсан 1997 жылы аудан әкімімен мәслихатының №578-ші шешімімен бұрынғы «Ленин» ауылдық округінің атауы Дауылкөл ауылдық округы деп өзгертілді.
Киелі ұсталықты кәсіп еткен Жәнділдә Мұратов, оның шәкірттері Б.Шәдиев, Ж.Арыстанов, М.Наурызымбетов, ағаш ұсталары Омар, Торта, Жаппар, Қалмақан, Оңғарбай, тігінші Әніштердің есімі әлі күнге ел арасында құрметпен аталады. Кезінде егіс үшін «Қурайлы», «Аю», «Үбіс» каналдарын қолмен қазған әкелеріміз бен апаларымыздың есімдері зерттеуді қажет етеді.
Отан соғысы, асыра сілтеу кезіндегі шаруашылықтың жағдайы өзінше бір тарих.
Қазіргі Тұрмағамбет ауылының негізін қалап, өсіп, өркендеуіне еңбек сіңірген Ә.Ардабаевтың, Ы.Ысқақовтың, М.Алдамжаровтың, С.Байболовтың, Е.Байсалбаевтың, А.Сералиевтың, Ж.Бердімұратовтың, К.Қалдашбаевтың, Б.Жайсанбаевтың, М.Құланбаевтың, 2008 жылдан бері шаруашылықты бас­қарып келе жатқан Нұржан Пірман­таев­тың ауыл экономикасы мен әлеуетін, мәдениетін көтеруде лайықты қол таңба қалдырғаны сөзсіз. Әсіресе, Ж.Бердімұратовтың тәртіппен үнем­­шілдігін, К.Қалдаш­баетың жаңа­шылдығын, М.Құлан­баевтың ыждағаттылығын ел мақтан етіп есіне сақтауда.
Биылғы жылы мерейтойын өткіз­гелі отырған шаруашылық ауылды абаттандыру мақсатында Тұр­мағамбет ақын ескерткішін күрделі жөндеуден өткізсе, көктем басталған бойдан орталықтан демалыс алаңын, «Тағзым алаңы» мен «Сүлейлер аллеясын» және шаруа­шылық әдіспен жүз орындық бала­бақша салуды жоспарлауда. Кәсіп­кер Д.Нұртаев комплексті күрес ғима­ратын пайдалануға бергелі отыр. Мұнан басқа да әлеуметтік мәдени шараларды іске асыру жос­парлануда.
Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында «Өз тарихына деген мақтаныш сезімін ұялатып, Отаншылдық тәрбие беру мектеп қабырғасынан басталуға тиіс.Сондықтан мектептер мен барлық өңірлердегі өлкетану музейлер жанынан тарихи археологиялық қозғалыстар құру маңызды», – деп атап өткен болатын. Олай болса туған жердің даму деректері мен киелі географиясын зерттеп, жұршылыққа ұсыну – кейінгі ұрпақтың басты міндеті.

Сұлтанбек Мырзабаев,
білім саласының ардагері.
07 наурыз 2019 ж. 1 411 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 056

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031