ҚОЖАБЕРГЕННІҢ ҚАРАГЕРІ
Бұдан бұрынғы әңгімелерде айтып, жазып жүргендей, бапам (атам) – Қожаберген тегін адам емес. Қолының місекері бар шебер, ұста адам еді. Аз ғана уақыттың ішінде шалт қимылдап, қараша үйдің киіз туырлығын пішіп, тігіп тастайтын. Сексеуілді ен далаға барып өртеп, оны шала жанған кезінде су шашып, сөндіріп, кәдімгі көмір етіп қаптап үйге алып келетін.
Міне, осы сексеуілдің көмірін көрікке салып, тұтатып, қып-қызыл шоқ қылып, темірді қыздырып балқытып, үйге керекті заттар – қазбай, қос қолдық қырықтық қайшы, пышақ, шай қайнататын дүмше, әтөшкір, тағы басқа соғатын. Сонымен бірге аң аулап, қақпан құрып, бала-шағасын асырайтын. Жеті атасының тарихын жік-жігімен көсілте айтқанда, сан ғасырлық оқиғалардан әңгіме шерткенде арқаланып кететін де әдеті бар еді.
Атам кәсіп қылған істің тағы бірі – бәйгеге ат жаратып, аламанға ат қосу еді. Нашар бала болған соң көп нәрсеге мән бере бермейміз ғой, бірақ есімде қалғаны кішкентай кезімізде жаратып жатқан тұлпардың алдынан әйел затының өтуіне қатаң тыйым салынатын біздің үйде. Қыз баласы болсақ та, атқа мінуге қызығатын едік. Бірақ бәйге аттың маңайынан жүруге бізге әсте болмайтын.
Сонау қызылдың қиясы аталып кеткен, қазірде ел-жұрт тұрмайтын мекен – Шаңырақ, Ақтам, Қарақыз деген жер атауларын естісек елең ете қаламыз. Себебі – бұл жерлер біздің кіндік қанымыз тамған туған жеріміз. Бір кездері бұл ауылдарда Малбике руынан бір қауым ел тұрған еді.
Осы өңірде шамамен бір мың тоғыз жүз жетпісінші жылдары «Қожабергеннің Қара аты» деген атпен бір жүйріктің болғанын сол өңір жұрты жақсы біледі. Көптен бері осы Қара ат туралы әңгіме жазбақ ниетте едім. Жақында үйге үлкен әкем – Толыбек көкем келді. Кеңес дәуірі тұсында кеңшардың қойын бағып, төл басын өсіруден жыл сайын чемпион болған көкем бүгінде зейнеткерлікте. Қазалы ауданына қарасты Сарыбұлақ ауылының ақсақалды қариясы. Ол жасы сексеннің жетеуін алқымдаған ақсақалды қария болса да, әке жолымен ораза, намазын қаза қылмай таза жүруінің арқасында бүгінде тың күйінде.
Мен көкемнен Қара ат туралы айтып беруін өтінгенімде ол әңгімесін бастап та кетті.
– Әкем Қара атты әр жерде қосып жүрді. Бірақ Қара ат онға келмей шапқан жоқ. Бірінші Тағай деген жерде Иманша деген кісі қызын ұзатып той берді. Сол тойдағы бәйгеге Жаңақала кеңшарының біраз атымен бірге Қара атты да қосты әкем. Ол кезде ат бәйгесі тіке шабыс қой. Он бес шақты атты жіберді. Төбенің басында тұр едім, Машарап деген кісі:
– Мына бір қара атты әкеп қосып тұр екен, осы Қара аттан қауіп бар. Қожабергеннің аты дейді, ай осы келеді-ау, алдынан, – деді. Содан дереу әкеме барып, Машарап сөйдеп тұр дедім.
– Тілеуі келгірдің ат танитыны бар ма екен? – деп күлді.
Содан әйда күттік. Бір жарым-екі сағаттың шамасында аттың қарасы көрінді. Мырқының аты мен біздің Қара ат ұстасып келе жатыр екен. Қарақшыға жақындаған кезде Мырқының аты қалып қойды да, Қара ат бәйгеден алдымен келді. Сол күні күн өте ыстық еді. Мамырдың аяғы, маусымның басы ма, сол шама. Содан Мырқының аты сие алмай кездіріп жүр екен. Біздің әкей айтты:
– Мына атыңды көлеңкеге байлама, анау ыссы құмға байла деп еді, содан ыссы құмға байлап, жаңағы ат топыраққа жатып еді, жатқаннан кейін аты сиіп, аман қалды. Сол Иманшаның тойында Қара аттың алдыңғы бәйгесіне шапқан атшабар бала – інім Нұрлыбек еді. Бас бәйгеге түйе тігіп, әкем сол түйені алып елге қайтқан едік.
Одан кейін Ештай деген Кете келін алып, ат шаптырып той берді. Әкем сол тойға Қара атты бәйгеге қосуға Нұрлыбекті атына мінгізіп алып кетті. Мен бірақ бара алмай қалдым. Ауылда бие байлап, бие сауып отыр едік. Сол тойға тау жақтан он шақты ат қосушы келген. Кәңгелді Қаралбай-Шалман деген кісі бар еді. Оның аты да бәйгені бермей жүрген ат еді. Солар қосылған. Сонымен ат жарысы басталып, аттарды жиырма бес-отыз шақырым жерге айдап әкетеді. Ат айдаушы герой Әділбек бәйге аттардың соңынан мотоциклмен ереді. Сол аттарды қайтарып жіберіп, жарты сағаттай уақыт отырып, артынан бәйге аттарға келсе, ішінде Қара ат жоқ екен.
– Ау, бұл Қара ат қайда кеткен? – деп із кессе, жалғыз аттың кеткен ізі жатыр екен. Содан Әділбек аттың ізіне түсіп, мотоциклмен әрібері қырық-елу жылдамдықпен жүреді, онда да аттың қарасы көрінбейді. Болмаған соң елу-алпыспен жүреді, сонда ғана Қара атқа жетеді. Ат сонда жетпіспен бара жатқан екен.
– Әй бала, сенің ізіңнен келетін жақын маңда ат жоқ, аттың бәрі он шақырым артта қалды, атыңның басын тартып, шаба бер, – дейді Әділбек герой.
Содан Қара ат мәреден жалғыз өзі бірінші боп өтіп, келген соң атты біраз уақыт кездіріп жүреді. Бәйгеге қосқан қалған аттың қарасы әзірге көрінетін түрі жоқ, сонда ҚаралбайШалман айқайлапты:
– Мына ат жолдан қосылған, я ұрланып қалған, – деп. Сонда атқосшы Әділбек ортаға түсіп, өзінің атты мотоциклмен әрең қуып жетіп, басын іркіп шаптырғанын айтып түсіндіреді. Әкем сол тойдың бәйгесіне тігілген бір сиырды қанжығаға байлап ауылға қайтты.
Келер жылы Майтұрба деген жерде өзіміздің ағайынымыз Байғабыл, Сәдуақас, Ұзақбайдың қызын ұзатып, үлкен той беріп, әкем сол тойдағы ат бәйгесіне Қара атты алып барды. Әрі сол жақта шешемнің Серікбай деген өкіл әкесі бар еді, әкем шешем Орынкүлді де алып барды сол тойға. Сол тойда да Қара ат алдымен келді. Осындай шабысты көрген Қара атты он сегіз жасқа дейін бәйгеге қосып жүрді. Сосын өзіміздің әкеміз Иса деген кісі ат шаптырып ас берді. Оған отыз бестей ат қосылды. Бұл да тіке айдау. Қарақшы мен мәре – Борғақ пен Шаңырақтың арасы отыз шақырымдай жер. Сол аста алдымен Қазалының аты келді, сол бірдің ізімен Қара ат келді. Үшінші болып Кемпіртөбедегі Кедейдің аты келді.
Біздің шал өзі алдына жіберуді қолайламаған екен, «өзіміздің тойдың алдын алмай-ақ қояйын, бәйгеге таласпайық, бірдің ізі болса болады» деп жараттым деді.
Қара атты құнан кезінде бас үйреткен өзім. Асау кезінде сулыққа қайтпайтын бұл ат. Бір күні Қалдыбек жылқы айдап келді. Жылқы қораға кірмейді. Мен Қара атпен ізінен қуып жетіп, қайтарып, қалай қашса да, жібермей, қақпайлап қораға қамадым. Қораға әкеп қамаған кезде үлкен бапам (Иса) көріп:
– Балам, мына аттан айырылма, мынау ат көзіме түсті, шабатын ат екен, – деді. Сонда Қара ат құнан кезінде үлкен әкемнің көзіне түскен еді.
Бұл аттың тұқымы Түрікменстаннан он бесжиырма мыңға сатып алынған Торы арғымақ деген аттың баласынан түсті. Қара ат еді. Оны шешеміздің өкіл әкесіне берді әкем. Ол ат та сол жақта бәйгеден біреу жарым алдын алып жүрген екен.
Қара аттың бір қасиеті – алдындағы үйірдегі жылқыға жаз бойы шашау шығармай қарап, ал желтоқсан айы туысымен ауылға үйірін топырлатып айдап келеді, сосын «жылқыңа өзің еге бол» дегендей, өзі қораға кісінемей кіріп қала беретін еді. Бұл аттың тұқымы – Торы ат пен Қасқа ат еді. Олар Қара аттай шаппады. Қара ат шамамен он тоғыз-жиырма жасында үйірде жүріп «жамал тартып» өлді, – деп әңгімесін аяқтады Толыбек көкем.
Қымбат МОЛЫБЕКҚЫЗЫ