«Самаурыным қайнасын»
qarmaqshy-tany.kz ҚАЛАДАН КЕЛГЕН БАУЫРЖАН АҒАМ АЗАНЫ МЕН ШӘЙЛӘ МЕН ҮЙДІҢ АРАСЫН ЖАЛҒАП ЗЫР ЖҮГІРІП ЖҮР. АРСЫҢ-ГҮРСІҢ ЕТІП, ТАРСЫЛДАҒАН АЯҚТЫҢ ДЫБЫСЫНА ТЕЗ ОЯНЫП АЛДЫМ. БІР КЕЛГЕНДЕ ТЕРЕЗЕНІҢ АЛДЫНДА ЖИНАУЛЫ ТҰРҒАН ГАЗЕТТІҢ БІРЕУІН ҰСТАЙ КЕТТІ. ТЫНЫШТЫҚ ПА ДЕП ҚОЯМ ІШТЕЙ. ДАЛАҒА ШЫҚСАМ БІР ҚОЛЫНДА ШЫМШУЫР, БЫҚСЫП ЖАНҒАН САМАУРЫННЫҢ ТҮТІНІНЕ ТҰНШЫҒЫП ШАЛА БҮЛІНІП ЖАТЫР.
Әлгі газетті ортасынан бір бөліп, умаждай оттығына қайта салды. Сырттай іс-қимылына қарап бір күліп алдым. Қаланың баласы болған ағам-ай! Негізі ауылдың баласы, бірақ қалаға ерте кетіп сол жақта тұрақтап қалғаны бар. «Көмек керек пе?» дедім қылжақтап. Бағанадан бері менің келгенімді байқамаған ол шошығандай жалт қарады. Екі көзі түтінге жасаурап, қызарып кетіпті. «Жоқ, араласпа. Өзім тұтатамын» деп ісін жалғастырды. «Мейлі, өзіңіз біліңіз» деп көлеңкедегі орындыққа жайғастым. Бірақ маған әрі қарайғы шаруасы қызық болып тұр. Жинап терген майда шөпшектерін үстін-үстіне салып әйтеуір тұтандырды. Артынан ірі сексеуілдің екі-үшеуін тыққыштап, қайтадан шәйлаға жүгіріп кернайын салды. Будақтаған ақ түтін аспанға көтеріліп жатыр. Арасында желдің екпінімен жан-жаққа тарап, мұрынға да жетті. Шала сезілген сексеуіл иісі тынысымды кең сарайдай ашып жібергені. Самаурынды тұтатқанына ағам мәз болып қасыма келіп «Қарашы, сексеуілдің иісі деген е?! Мен қалада жүріп, ауылдың осы иісін сағындым ғой» деді. Оның мына сағынышына қарап самаурыннан шәй ішкісі келгенін түсіндім. Әйтпесе шәйнекке шәй қоям десе тез қайнататын газ бар емес пе. Сексеуілдің түтініне иістеніп сонша не көрініпті. Өзі бірақ түтіннен қашар емес. Үстіме сіңсін, иіскеп жүрейін дегендей самаурынға жақындап, ауық-ауық астын ұзын таяқпен шұқылап, кернайын көтеріп қояды.
Қорадан апам да сиырын сауып, сүт шелегін көтеріп келді. Ошаққа өзі дайындап кеткен отынын тұтатып, үстіне қазанын қойды да сүтін сүзіп құйды. Ауланы көк түтінге толтырған баласына қарап «Бүгін ағаң «газға шәй қойма, самаурынмен ішеміз» деп азанымен дегбірімді алды. Сарайда шаң басқан жерінен тауып, енді бәрімізді түтінге тұншықтырып отырғаны мынау. Әй, бірақ менің де самаурыннан шәй ішпегеніме көп болыпты. Мынаған жан бітіргенің де дұрыс болды» деді ұлын мақтай. Біраздан соң самаурынның бүйрегінен буы бұрқырап сала берді. Қайнағаны сонша суы қақпағын көтере жерге сыздықтап төгілді. «Апа, самаурыным қайнады, жүріңіз!» деп қақпақтың бетіне қонған күлді үрлеп-үрлеп жіберді де үйге қарай көтере жөнелді. Апам да піскен сүтінен тостақанға құйып әкеліп, кесеге бөліп құйып берді. «Ал, ішіңдер. Балам сен де іш, қалада жүріп ауылды сағынғаның көрініп тұр» деді маңдайын сипай. Осылайша дастарқан басында азанғы шәй мен сүтті жақсы көңіл-күймен іштік. Самаурынның да сырты жылтырап, шүмегінен су тамып, үстінен буы бұрқырап тұр. Оған қосылған сексеуіл шоғының иісі тағы бар.
Сарайдағы қолданыстан шыққан самаурынды қайта шығарып, сүртіп оны тұтатып, иісіне терең демалтып, балдай шәйға қандырған бұл ерекше көріністі біраз жыл өтсе де киноның лентасындай көз алдымнан қайта жүргізіп отырмын. Бойға қуат, көңілге жылу сыйлайтын сондай сәттерді сағынасың, әрине. Бұйырса шәй үстінде әрі қарай жалғастырамын. Қазір самаурыным қайнасын...
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ