» » Балабақшаға бару

Балабақшаға бару


Таңғы уақыт. Анамның телефонынан күнделікті әуен қосылды. Даусы жағымсыздау. Өзім әзірге не екенін түсінбеймін, бірақ үйдегілер оны «будильник» деп атайды екен. Бұл мен үшін бұрын маңызды емес еді. Осы әуен қосылғанда анам екі ағамды оятып, киіндіре бастайтын. Ұйқысын аша алмаған олардың дауыстары мен еркеліктерінен мен оянып кетіп, алаңсыз ойынға кірісетінмін. Ал олар таңғы астарын ішіп алып, әке көлігімен кететін. Қайда баратындары да маңызды емес еді мен үшін.
Ал бүгін жағдай өзгерді. Анам аға­ларыммен бірге мені де киіндере бас­тады. Қонаққа барам ғой деп ойлағам. Бірақ маған «апайларыңды тыңда», «ол жақта ойыншықтар көп» деп папа-мама (негізі маған әке-анашым деп үйретіп жүр) екеуі кезектесіп айта берді. Көзім бақырайып, отыра бердім. Сосын бәріміз әкенің көлігімен жолға шықтық. Екі ағам маған қайта-қайта қарап қояды. Сірә, жаны ашыған болар. Неге олай қарағандарын кейін түсіндім ғой.
Осылай бір жерге келіп тоқтадық. Әкем мені көтеріп алды. Негізі өзім де жүре аламын. Әдемі жер сияқты. Мен айналама алаңдап келе жатқанда алдымнан бір апай шығып алып қалды. Ештеңе түсінбедім. Әкемнің кетіп бара жатқанын көріп қойып, қиғылық салдым. Бірақ, қанша жыласам да болмады. Мен осында қалдым. Бұл менің тіліммен «садик» екен. Үлкендер «балабақша» деп айтады. Менің әзірге оған тілім келмейді.
Айтпақшы, мен өзімді сіздерге таныс­тырмаппын ғой. Менің есімім – Бақыт. Үшке толуға аз қалды дейді үйдегілер. Алдымда екі ағам бар. Мені негізі қыз болады деп күткен-ау. Қызға деп дайындаған есімдерін, ұл болғаныма қарамастан маған қоя салыпты. Оны қойыңызшы. Анамның іші пысқанда өзінің орамалдарын тағып, қыз қылып мені әрлейтінін қайтерсіз. «Енді үйге қыз керек» дегенді де үйге келушілер көп айтады. Сонда баланың бәрі бірдей емес пе? Осындай кезде үлкендерді түсінбей кетемін.
Жарайды, садикке оралайық. Анам айтқандай мұнда ойыншықтар көп екен. Мен сияқты бөпелер де жетерлік. Олардың көбі таңертең ата-анасынан жылап қалады екен. Бірақ ол қылықтарына ешкім ұялмайды. Ал ағам сияқты үлкен балалар бізге күліп қарап тұрады. Кейде бізді ойнатқылары да келеді. Бірақ апайлар рұқсат етпейді. Бір қызығы, мұнда бір апай бәрімізге «мама» болады екен. Тамақ береді, ойнатады, ұйықтатады. Бірақ өзіміздің анамыз сияқты құшақтап жатпайды екен. Басында ұйықтау қиын болса да, қазір үйреніп келемін. Кейде жыламай қалуды да үйреніп жүрмін. Балабақшада қызық көп екен. Бұйырса оларды да жазамын. Негізі мен көп сөйлей алмаймын, сөйлесем де мені көбісі түсінбейді. Бірақ мен айналамдағы нәрсенің бәрін түсінемін. Бірақ үлкендер біздің бәрін түсінетінімізді біле бермейтіні өкінішті...
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА
01 маусым 2022 ж. 537 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 041

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031