Барақ батырдың сарықұсы
qarmaqshy-tany.kz АТАМ – ҚОЖАБЕРГЕН ӨТЕ ӘҢГІМЕШІЛ КІСІ ЕДІ. БІЗ ОНЫ «БАПА» ДЕЙТІНБІЗ. БЕС УАҚЫТ НАМАЗЫН ҚАЗА ҚЫЛМАҒАН АТАМНЫҢ ӘҢГІМЕШІЛДІГІМЕН ҚАТАР ҰСТАЛЫҒЫ ДА БАР ЕДІ. КҮШ-ҚАЙРАТЫ ҚАЙТАМ ДЕГЕНШЕ, КӨРІК ҰСТАП, ЕР, ЖҮГЕН, ҮЗЕҢГІ, АШАҚ, ҚАҚПАН, ПЫШАҚ, ШЕЛЕК, ҚАЛАҚ ЖӘНЕ ТАҒЫ БАСҚА ҮЙ ТҰРМЫСЫНА ҚАЖЕТТІ ЗАТТАРДЫ ТЕМІРДЕН СОҒА БЕРЕТІН. СОСЫН ЖАСАҒАН ЗАТТАРЫН ЕШҚАШАН АҚШАҒА САТПАЙТЫН. «КӨЗІМДЕЙ КӨРІП ҰСТА» ДЕП ТЕГІН ТАРАТАТЫН.
Өз кіндігінен тараған балаларына, немерелеріне «Әрқайсысы бөлек отау болғанда пайдаланады» деп жасаған пышақты үлестіріп берген еді. Ол кісіні бүкіл Қазалы ауылы құрмет тұтып, өнеге қылатын. Тоқсан жасқа таяған шағында өмірден өткен атам шөбересін де көрді. Сонау Қызылқұмның құм белдерін кешіп, менің кіндік қаным тамып, балалық шағымның куәсі болған Ақтам, Қарақыз, Шаңырақ деген жерлерде мал бағып, сайын даланың көне тарихымен сырласып өскендіктен бе, жоқ әлде біздің Елқонды, Айтқұл, Сайдақ аталарымыздан қалған көнекөз жыр-әңгімелерді көңілге түйіп, жадына берік тұтқанынан ба, әйтеуір көненің көп әңгімесін көсілте айтқанда тыңдаушысын тамсандырып-ақ тастайтын. Қара танымаса да жеті атамыздың шежіресін жатқа біліп, өзінен кейінгі ұрпаққа ата-баба тарихын тарқатып, Малбике аталығының «Шежіресін» жазуда да түйгендері мен білгендерін ауызекі тілде айтып, үлесін қосып кетті.
Атам бірде маған мына бір қызықты әңгімесін айтып берген еді. Қызылқұм өңірінде аты елге жайылған өзі батыр, өзі аңшы Барақ деген кісі өтіпті. «Аштықта жеген құйқаның дәмі тәтті» дегендей, Барақ батырды ауыл халқы ашаршылық жылдарында елін аң аулап, құс атып аман алып қалғандықтан өте қатты құрметтейді екен. Сол есімі елге мәлім Барақ батырдың Сарықұс атты атышулы бүркіті болыпты. Сарықұсты батырдың әйелі өзі баптап, өзі жемін беріп күтеді. «Қансонарда бүркітші шығады аңға», деп Абай атамыз жырлағандай, сол Барақ батыр құсымен сан мәрте аңға шығып, талай қызықты қансонарды басынан кешіреді. Сірә, аңшылық, саятшылық өнер біздің қазақи қанымызға ықылым заманнан бері сіңіп қалған-ау деген ой келеді осындайда. Қош. Барақ батыр аңға шыққан уақытта батырдың қосшысы қасында үнемі қалмай ереді. Кейінгі кезде батырдың жолы болмай, аңнан ренжіп қайтып жүреді. Бұған батыр да өзінше қауіп қылатын болса керек. Барақ батыр бір күні аңға шықпақшы болады. Алайда әйелі келіп:
– Бүгін аңға шықпай-ақ қой, әуеде құстардың ойнағы болып жатыр, құсыңның соған кетіп қалуы мүмкін, – дейді.
Бірақ батыр: «Әйелдің айтқанын қылғаным – өлгенім» дейді де, бүркітін алып, аңға шығып кетеді. Аңға шығып жүргенде, әйелінің айтқаны айдай келіп, Барақ батыр бүркітінен айрылып қалады. Батыр үйіне келіп, болған оқиғаны әйеліне айтады. Осыдан кейін әйелі Сарықұсты іздеуге шығады. Әйелі бір ауылға келіп:
– Уа, ағайындар! Осы ауылға Барақ батырдың Сарықұсы келді ме? – деп сұрайды. Оған ауыл адамдары:
– Келген жоқ, – деп жасырып, айтпайды. Мұны батырдың әйелі сезіп:
– Сарықұс осы жерде болса, менің дауысымды естіп, белгі беруі керек еді ғой, – дейді. Сол сәтте бүркіт ауылдың арғы шетіндегі бір үйден шаңқылдап қоя береді. Батырдың әйелі бүркітті алып, ауылына келеді. Арада біраз күндер өтеді. Бір күні батыр әдеттегідей тағы да аңға шықпақшы болады, сонда әйелі оған: – Батыр, бүгін аңға шықпай-ақ қой, бүркіттің көзіне қан көрініп тұр, әлдебір жазым болар, – дейді.
Батыр бұл жолы да әйелінің айтқанына көнбей, құсын алып аңға шығады. Бүркітке ешбір аң, құс кездеспей келе жатса, ол ұшқысы келіп талпынады. Мұны сезген батыр ойында еш нәрсе жоқ бүркіттің томағасын алып, ұшырып жібереді. Бүркіт сол кезде аспанға шарықтап ұшып, иесіне қарай құлдилап төніп береді. Батыр өзіне тықырдың таянғанын біліп, атының астына барып тығылады. Бірақ бүркіт көзіне қан көрініп, атты бар пәрменімен қағып жібереді. Сөйтіп өзінің иесіне түседі. Батыр кешіккен соң, әйелі бір нәрсенің болғанын біліп, кісі жібереді. Келсе, бүркіт өз иесінің жүрегін суырып алып жеп, тояттап отыр екен. Оны көрген ауыл ақсақалдары «бүркітті өлтіру керек» деп шешім қабылдайды. Бірақ бұған Барақ батырдың әйелі көнбейді.
– Тегеурінін кесіп, ұшырып жіберіңдер, мен терегім деп жылайын, ол тегеурінім деп жыласын, – дейді.
Сөйтіп бүркіттің тегеурінін кесіп ұшырып жібереді. Бүркіт ұшып батырдың бейітінің күмбезіне қонады. Содан тамақ жеместен үш-төрт күн отырып, сол жерде өледі. Осы бүркіттің неге өз иесіне түскендігі туралы сұрағанымда:
– Аңға шыққанда бүркітке жемтігі кездеспесе, өзі ашығып, ашулы болып тұрған бүркіт көзіне қан толып, өзінің иесіне түседі. Бірақ бұл рабайда бір кездесетін жайт. Мұның алдын алу үшін бүркіттің қанатының астында екі ақ талшық болады, соны алып тастау керек,– деп жауап берген еді атам.
Иә, бұл да бір біз білмейтін табиғаттың тылсым сырларының бірі болса керек.
Қымбат БЕРДЕШ