» » Алыста қалған ауыл

Алыста қалған ауыл

qarmaqshy-tany.kz Әр адамның туған жері – жәннат мекені іспеттес. Туып өскен жеріңді, ағайын – туысты аңсау әр пенденің қиялындағы арман ба деп қаласың кей сәттерде. Қызылдың ыспа құмының ортасындағы Ақтам, Қарақыз, Шаңырақ ауылы Алмастың кіндік қаны тамған жері. Алмастың ауылы жазда – Шаңырақты, күзде – Ақтамды, қыста – Қарақызды мекендейтін. Малдың жайымен көшіп-қонып күнелткен ауыл адамдары тек бала-шаға қамы деп азын-аулақ мал баққан ел еді.
Кеңес үкіметі кезінде өмір сүрген олардың негізгі кәсіптері – Қарақалпақстанның жылқысын бағу және бірлі-жарым қой, түйе, сиыр секілді өз малын өсіру еді. Басы-аяғы он бестей үй болатын бұл ауылдың тұрғындары Шөмекейдің Аспан аталығының Малбике анамыздан тарайтын бір аталығының балалары. «Ауыл аралас, қой қоралас» болып отырған малшы ауылдың балалары ферма орталығындағы (Сарыбұлақ елді мекеніндегі) интернатта жатып, білім алады. Тек демалыс кездерінде ғана ауылға келеді. Оқушы балалардың ауылға келуінің өзі үлкен бір той. Бұл да Алмастың басында болатын жағдай.
Күндегісіндей тәп-тәтті ұйқы құшағында жатқан ол таңертең апасының «Тұра ғой, құлыным» деген мейірімді, әрі құлаққа жағымды естілетін дауысынан оянды. Жылы төсекті қимай біраз жатқан ол өздерінің бүгін көшетіндігі ойына сап ете түскенде ұйқысы шайдай ашылып, төсектен тұрды. Қараша үйден есік алдына шығып еді, әкесі атын ерттеп жатыр екен. – Әке, шыныменен бүгін көшеміз бе? – деді ол бала көңілмен ауылын қимай.
– Иә, балам, «басқа түссе баспақшыл» деген. Енді қайтеміз, көнбеске ылажымыз жоқ, – деді әкесі.
– Онда мен осы жақта интернатта жатып, оқи берсем қайтеді, – деді достарына деген қимастығын білдіріп.
– Ой-й, балам, олай бола қоймас. «Көшіңдер» деп күнде зіркілдеп келетін бастықтың жандайшаптары маза берер емес. Бүгінертеңнен қалмай көшуіміз керек. Ал, оқуыңның бір сыласы болар, тәуекел, – деді әкесі.
Осыны есіткен Алмас ой әлегімен болып кетті. Шыр етіп дүниеге келген, кіндік қаны тамған туған жерінен алысқа кететіні ойына түссе оның көңілінде ауылына деген қимастық пайда болатын. Себебі, ауылдан бұрын-соңды ұзап шығып көрмеген ол өзінің интернаттағы достарын, ауылдың ақ құмында бірге ойнайтын бала кезгі құрбыларын, тіпті ауылының иісіне дейін қимайды. Оқиғаның мән-жайын түсіндірер болсақ, ол мынау еді. Алмастың мекен еткен ауылы – Ақтам, Қарақыз, Шаңырақ деген жерлер негізінен қазақ жері болатын, бірақ тіршілік көзін тапқан ауыл тұрғындары Қарақалпақтың малын бағып күн көретін. Кешегі жер бөлісу науқаны кезінде ауылды басқа елдің малшыларына бермейміз деген ниетпен осы жерден көшіруге мәжбүрледі. Орталықтан келген бастықтың жандайшаптары қаны қазақ ауыл адамдарының мұң-зарын тыңдамады. Сөйтіп біртұтас ауылды шекара асырып көшіріп жіберуге шешім қабылдаған еді. Өзінің өскен ортасы қазақ топырағы бола тұра елінен аластатылып бара жатқаны Алмастың көңіліне кірбің ұялатты. Ол қара көздерін көсілген кең далаға қарай тастап ой үстінде келеді. Көз алдына балауса бала кезі, құлынтайдай тебісіп, төбе-төбенің, бұтабұтаның арасында бірге ойнаған құрбылары, ауыл аралас отырған ағайындары келе берді.
Ауылдан аттанарда бұлақ басынан ат суаруға бұрылды. Бұлақ суын «шөлімді бір басайыншы, енді бұл суды ішемін бе, ішпеймін бе?», – деп бал татыған бұлақ суын сіміре берді, сіміре берді. Астындағы жануар да осы сәтті сезгендей, оқыранып, кісінеп қоя берді.
Туған жерін қимай тұрған Алмастың ойына мына бір өлең жолдары орала кетті:
Шаңырақ, Ақтам, Қарақыз,
Сенде тудым, сенде өстім.
Өзіңе қайтып енді есен
Келермін, бәлкім келмеспін.
Бала Алмастың көзіне жас үйірілді. Ол өзін есейіп кеткендей сезінді.
...Арада біраз жылдар өткен соң туған жері Ақтам, Қарақызға әжесінің басына Құран оқытып, құлпытас қоюға барған еді. Ескі жұртта тек қаңыраған үйлер, қоқырсыған қора орны ғана қалған. Бұлақ көзін қиыршық құм бітеуге таяған. Ұшқан құс, жүгірген аңнан басқа тіршілік атауы байқалмайтын осы ауылда бір кездері бір рулы ел тұрды дегенге ешкім сенбес еді.
Үлкен төбе қойнауындағы ауылына ат басын тіреген ол келгендегі шаруасын бітіргеннен кейін, ауылды, өзі отырған үйді аралады. Қала өміріне араласып, күйбең тіршілікпен жүрген ол балалық шағын, өмірден өткен әкешешесін сағынышпен еске алды. Төбе-төбенің арасында «Ақсүйек», «Жасырынбақ», «Қызыл жалау», «Ләңгі», «Асық», «Бес тас» ойындарын ойнаған кездері, достары, бауырлары ойына түсіп, жымиып қояды.
Алыста қалған ауылына бір барып қайтуды мақсат еткен Алмас үстінен ауыр жүк түскендей кең тыныстап, туған жердің жұпар иісі аңқыған саф ауасын мейірлене жұта берді.
Қымбат МОЛЫБЕКҚЫЗЫ
27 наурыз 2023 ж. 578 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031