Өнерлі тұрғындар сайысы
Тұғыры биік Туған елін сүймейтін қазақ жоқ, сірә. Біздің қазақ – кіндік қаны тамған жері үшін барын беруге даяр. Өз өлкесін сүйетін жандардың өнері мен шеберлігі бір төбе. Міне, сол өнерпаздардың шеберлігін көрсететін төл шара ауылдарда іріктеу өткізуде.
8-22 қараша аралығында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы және «2019 жыл – Жастар жылы» аясында аудандық мәдениет үйі мен "Қармақшы жастары" ЖҚБ-нің ұйымдастыруымен «Аймақтар аламаны» атты ауыл өнерпаздарының өнер фестивалі өткізілді.
Төл өнерді сарапқа салған жоба ұйымдастырушылары бұл жолы Төребай би ауылына ат басын тіреді. Жергілікті мәдениет үйіне келген сәттен-ақ ауыл жұрты жылы шыраймен қарсы алды. Өнер үйіне жиылған қос іргелес жатқан Иіркөл мен Төребай би ауылының өнерпаздары қызу дайындық жүргізіп жатты.
Ең алдымен сарапшылар қолөнер шеберлері қолынан жасалған көрмені тамашалады. Көрмедегі жеміс-жидек, тоқыма және ағаштан жасалған туындыларды ауыл тұрғындарына таныстырды
Көрменің қызығын тамашалаған соң өнер иелері ән мен биден өнер көрсетті. Ауылы жайлы дайындаған бейнебаяды тамашалау арқылы көрермен ауылдың тарихы мен тыныс-тіршілігіне үңілді. Ерекше көзге түскен төребайбилік «Әжелер ансамблі» финалдық ойынға жолдаманы жеңіп алды. Сондай-ақ мың бұралған бишілер бидің көрігін қыздарса, сан аспаптың сыры мен қырын меңгерген ауыл адамдары күй тартып, халық әндерін орындады. Сахнада қойылым көрсеткен тұрғындар да актерлік шеберлігімен жұртты тәнті етті. Әділқазы алқасының шешімімен келесі кезеңге Иіркөл ауылының талантты тұрғындары өтті.
Аслан НҰРАЗҒАЛИ