» » АУЫЛЫМНЫҢ АРДАҚТЫ АҚСАҚАЛЫ

АУЫЛЫМНЫҢ АРДАҚТЫ АҚСАҚАЛЫ

Халқымыз «Ел іші – өнер кеніші» деп бекер айтпаған. Әрбір ауыл – тамырын тереңге жайған тарихтың куәсі, ұлттың рухани тірегі, киелі қарашаңырағы. Осындай елді мекендердің бірі – Қармақшы ауданының оңтүстігінде, Сыр бойының сулы да нулы өлкесінде орналасқан Ақтөбе ауылы. Бұл ауыл – ұрпақтар сабақтастығының, ұлттық құндылықтар мен ата-баба аманатының шырақшысы.
Осы мақаламда туған ауылының дамуына өлшеусіз үлес қосқан, өнегелі өмірімен кейінгі ұрпаққа бағыт-бағдар көрсеткен, өмір жолын ұлт болашағы – жас ұрпақты тәрбиелеуге арнаған ардақты ақсақал, қазір зейнеткерлік демалыстағы Кәрібай Байғараұлы жайлы сыр шерткім келеді.
Ол 1945 жылы 5 наурызда бұрынғы Бозарқаш атындағы колхозда, қазіргі Ақтөбе ауылында дүниеге келді. Балалық шағы соғыстан кейінгі қиын-қыстау кезеңмен тұспа-тұс келген Кәрібай ағай еңбекке ерте араласып, жастайынан қажырлы еңбек пен темірдей тәртіпке бейім болып өсті.
Әкесі Байғара – ел ішінде сыйлы, қолөнер шебері ретінде танымал болған жан. Етік, мәсі тігіп, ағаштан үйдің сүйектерін, домбыра, қобыз жасаумен айналысқан. Күй шалып, ел көңілінен шығатын өнерімен де – ерекшеленген. Анасы Зейнеп те өнерден кенде болмаған, халық әндерін нақышына келтіріп орындайтын, ауылға қадірлі ана. Осындай өнегелі, өнерлі отбасында Кәрібай, Маржан, Бағжан, Саржан, Ұлжан, Жалдыбай, Бектібай есімді балалар дүниеге келіп, әрқайсысы өмірден өз жолын тапты.
Кәрібай Байғараұлы 1951 жылы №109 жетіжылдық қазақ мектебіне барып, 1961 жылы Жосалы кентіндегі №26 мектепті бітірді. Қармақшы аудандық кәсіптік-техникалық училищесінде механизатор мамандығын меңгеріп, еңбек жолын туған ауылында күрішші болып бастады.
Жастайынан қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, сол кездегі беделді қызмет – комсомол ұйымының хатшысы міндетін абыроймен атқарды. 1965-1968 жылдары Кеңес әскері қатарында қызмет етіп, Отан алдындағы борышын өтеу барысында да тәртіптілігімен, жауапкершілігімен ерекшеленді. Елге оралғаннан кейін ауыл шаруашылығында еңбек етіп, бірнеше мәрте марапатқа ие болды. Атап айтқанда, Халықаралық ауыл шаруашылығы көрмесінің күміс медалі, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалі, Лениннің 100 жылдығына арналған мерейтойлық медалі – оның қажырлы еңбегінің нақты дәлелі.
1978 жылы өзі білім алған №109 қазақ орта мектебіне алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі болып қабылданып, жас ұрпақты отансүйгіштікке, тәртіпке, әскери-патриоттық тәрбиеге баулу жолында қажырлы еңбек етті. Саналы ғұмырын жас ұрпақты тәрбиелеуге арнаған ол талай шәкірттің жүрегіне білім мен ізгілік дәнін септі. Қайраткерлігі мен адамгершілігі үйлескен ұстаз ауылдың әрбір іс-шарасына белсене қатысып, жастардың рухани дамуына зор үлес қосты.
1979 жылы Душанбе қаласында біліктілігін арттырып, аға лейтенант әскери шенін алып келді. Оның шәкірттері бүгінде еліміздің әр өңірінде абыройлы қызмет атқаруда.
1970 жылы Кәрібай Байғараұлы өмірлік жары Шәкен Торшаевамен шаңырақ көтеріп, тату-тәтті отбасын құрды. Алты баланы өсіріп, олардан тараған 22 немере мен 8 шөберенің сүйікті атасы мен әжесі атанды. Балаларының бойына өнер құндылықтарын сіңіре отырып, 1989 жылы отбасылық «Байғараевтар» ансамблін құрды. Аталған ансамбль аудандық, облыстық фольклорлық байқауларда топ жарып, Шымкентте өткен Орта Азия халықтарының фольклорлық ансамбльдер фестивалінде лауреат атанды. Бұл – ұлт өнерін отбасылық құндылықпен ұштастырған бірегей үлгі.
1985-1990 жылдары Қызылорда қаласындағы Н.Гоголь атындағы педагогикалық институтында физика-математика мамандығы бойынша жоғары білім алып, бар саналы ғұмырын ауыл жастарын оқытуға, тәрбиелеуге арнады. 32 жыл бойы білім беру саласында табанды еңбек етіп, бірнеше буын шәкірт тәрбиеледі. Қазір ұрпақтары да әке жолын жалғап, өнер мен ғылымда елге қызмет етуде.
Кәрібай Байғараұлы – өмір жолы өнегеге толы, елдің ардақты ақсақалы. Құрметті еңбек демалысына шыққаннан кейін де бос отырмай, кейінгі ұрпаққа үлгіөнеге көрсетіп, игі істердің басықасынан табыла білді. Ауыл азаматтарын ұйымдастырып, ауыл шетінде орналасқан қорымды қоршауға атсалысты. Ауылдастары оны ақылман аға, қамқор жан ретінде ерекше құрметтейді. Ол жастарға бағыт-бағдар беріп, ұлттық құндылықтарды насихаттаудан еш жалыққан емес. Оның әрбір сөзі – тәрбиелік мәнге толы, әрбір ісі – өнеге.
Өз ісіне адал, елге сыйлы азамат жақында 80 жасқа толды. Бәйтеректей сая болып, ақсақалдық жастың асқарына абыроймен көтерілген әкелерінің мерейтойына арнап ұрпақтары Ш.Төлепова атындағы аудандық Мәдениет үйінде «Сазды ғұмыр: 80 жылдық өнеге» атты «Байғараевтар» жанұялық ансамблінің мерекелік концертін өткізді.
Кәрібай Байғараұлының еңбегі мен тәрбиесі – ұлт болашағы үшін жасалған асыл мұра. Мұндай азаматтар – ұлттың баға жетпес байлығы. Сондықтан мен ол кісіні «Менің ауылымның ардақты ақсақалы» деп ерекше мақтанышпен айта аламын. Еліне адал қызмет етіп, ұрпаққа рухани азық қалдырған Кәрібай ағай сынды тұлғалар жайлы жазу – біз үшін мәртебе.
Лаура БАҚТЫБАЕВА
13 мамыр 2025 ж. 253 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№35 (10403)

13 мамыр 2025 ж.

№34 (10402)

10 мамыр 2025 ж.

№33 (10401)

06 мамыр 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 747
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031