» » » ӘН ТЕРБЕГЕН ӘУЛЕТ

ӘН ТЕРБЕГЕН ӘУЛЕТ

Әуелеген ән мен жырдың кеніне айналған аудан жұртшылығы «Байғараевтар» отбасылық ансамблін айрықша құрмет тұтады. Құрылғанына 36 жылға жуықтаған ансамбль құрамында бүкіл бір әулеттің мүшелері өнер көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп келеді.
Адал еңбек пен асқақ рухты өмірлік мұрат еткен аға буын өкілдерінің өнегелі жолы – кейінгі ұрпаққа тағылым болары сөзсіз. Осыған орай, аудандық мәдениет үйінде қазақ өнерінің дамуына өзіндік үлес қосқан ардақты азамат, ұлағатты ұстаз Кәрібай Байғараұлының 80 жылдық мерейтойына арналған «Сазды ғұмыр – 80 жылдық өнеге» атты салтанатты кеш ұйымдастырылды.
Мерекелік іс-шараға келген қонақтарға аудандық өнер мектебі оркестрі күмбірлеген күйменен көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Кешке ардагердің замандастары мен әріптестері, балалары және аудан тұрғындары қатысты.
Салтанатты кеш мерейтой иесінің өмір жолы, отбасылық ансамбльдің өнер жолы туралы видеороликтен басталып, айтыскер ақын Сырым Әділбековтің арнау жырымен жалғасты. Алғашқы құттықтау сөз аудан әкімінің орынбасары Самат Қыдырбекұлына беріліп, ол Кәрібай Байғараұлының өнер саласындағы ғана емес, білім беру бағытындағы ұзақ жылдық еңбегін ерекше атап өтті. Сондайақ мерейтой иесіне Қызылорда облысы әкімінің және Қармақшы ауданы әкімінің Құрмет грамоталары табысталды.
«Бұлақ басынан тұнады» демекші, ансамбль жетекшісі, отағасы Кәрібай Байғараұлының ерен еңбегінің, тынымсыз ізденісінің арқасында отбасылық ансамбльдің ән қоржыны жылданжылға түрленіп, шырқата салған әсем әндері жүректерден жылы орын алуда. Осы уақыт аралығында түрлі деңгейдегі байқауларда бағын сынап, жүлделі орындардан көрінген жетістіктерін саусақпен санамалап тауыса алмасымыз анық. Еңбек еленіп, мерей тасытқан түрлі дәрежедегі дипломдар мен Алғыс хаттар, Құрмет грамоталары елеулі жылдардың жемісі дер едік.
Кеш барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков ардагер-ұстаздың ауыл шаруашылығы мен ұрпақ тәрбиесіндегі сүбелі үлесін тілге тиек етіп, облыстық ардагерлер кеңесінің Құрмет грамотасын табыстады.
Өмір жолы өнегеге толы тұлғаны ұлықтау мақсатында ұйымдастырылған бұл шара «Байғараевтар» жанұялық ансамблінің концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты. Мерекелік кеш барысында ардагердің бауырлары, балалары мен немере-шөберелері ұлттық музыкалық аспаптардың сүйемелдеуімен жүрекжарды әндер мен күмбірлеген күйлер тарту етті. «Жүректен шыққан ән жүрекке жетеді» демекші, әуезді ән көптің қошеметіне бөленді. Халқымызда «Әу демейтін қазақ жоқ» десе, бұл жанұяда «әу демейтін адам жоқ». Таланттар тоғысқан отбасыға түскен келіндер де өнерден құралақан емес. Әнмен әрленген әулеттің әрбір мүшесі өнер үшін жаралғандай. Өмірлері өнермен өрілген ана мен қыз, әке мен бала, ағайын-бауырды көргенде көңіл шаттанатыны рас. Аудан халқы осы бір шығармашылық кештен өнер мен өнеге үйлесімін көріп, рухани қуат алғаны сөзсіз.
Салтанатты кештің соңында сахна төріне көтерілген мерейтой иесі – еңбектегі ерлігі үшін бірнеше медальмен марапатталған Кәрібай Байғараұлы сөз алып, шараны ұйымдастыруға мұрындық болған аудан басшылығына шынайы ризашылығын білдіріп, жүрекжарды лебізін арнады.
Бүгінде өнер мен білім саласында аянбай еңбек еткен Кәрібай Байғараұлы 22 немере мен 8 шөбере сүйіп отырған ақылман ата, ұрпақ тәрбиесіне елеулі үлес қосып келе жатқан ардақты азамат. Қазіргі таңда ұрпақтары еліміздің әр түкпірінде мәдениет және әскери салаларда табысты еңбек етуде. Әулетін әнмен тербеген Кәрібай Байғараев 80 жасқа толуына орай осылайша құрмет төрінен көрініп, өнердің жарық жұлдызына айналған «Байғараевтар» отбасылық ансамблінің келешегі кемелденіп келеді. Өнер атты өміршең саланың тамырын тап басқан отбасының саз өнеріне қосар үлесі еселей берсін дейміз.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
30 сәуір 2025 ж. 95 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№31 (10399)

29 сәуір 2025 ж.

№30 (10398)

26 сәуір 2025 ж.

№29 (10397)

22 сәуір 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 658
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930