ЖАУ ШЕБІНДЕГІ 7 ЖЫЛ, 26 КҮН
Әлемде елді сансыратқан, анасын баласынан, ағайынды бауырынан, балаларын әке-анасынан айырған соғыс атты тажалдың атын естудің өзі қандай қорқынышты. Адамзат тарихында бұрын-соңды болып көрмеген алапат соғысты басынан кешіргендердің арасында біздің ата-әкелеріміз де болып, қан майданның ортасында оқ пен от кешті.
Қазақ тарихында 1941-1945 жылдар арасындағы Ұлы Отан соғысы қаншама елім деген ерлердің, анаәпкелердің өмірін қиып, қаншамасын соғыс салған жарақат мүгедек етті. Қаншамасы соғыс алаңында жер жастанып, қаншамасы із-түзсіз жоғалды. Елге аман-есен оралғандары соғыстан кейінгі елді қайта қалпына келтіру жұмыстарына атсалысып, еңбек майданында жұмыстарын жалғастырды. Биыл сол сұрапыл соғыстың Жеңіспен аяқталғанына 80 жыл толып отыр. Осынау жылдарда ардагерлеріміздің саны сиреп, бүгінде соғыстың тірі куәгерлері саусақпен санарлықтай ғана қалған. Ұрпақ үшін от кешіп, елі мен жерін аман сақтауда жанқиярлықпен шайқасқан майдангер аталарымыздың ерлік істері, даңқы ешқашан өшпек емес. Олардың қатарында неміс басқыншыларымен бетпе-бет келіп, ерен ерлік көрсеткен жерлесіміз, соғыс және еңбек ардагері, Қармақшы ауданының құрметті азаматы, «Қызыл Жұлдыз», «Отан соғысы» ордендерінің иегері Әбдірауық Сатыбалдиев әкемізде болған еді.
Бұл бір қиын кезеңдер болатын. Қазақ халқының қаймақтары мен оқыған зиялы қауым өкілдерін, дәулеттілерін қынадай қырған саяси қуған-сүргіннен енді есін жия бастаған еліміз үшін Ұлы Отан соғысы халықтың ауызбірлігі мен ынтымағын тағы бір сынға алды. Тарих беттеріне үңілер болсақ, қазақ атамыздың басына не келіп, не кетпеген?!
Соғыс өрті басталғанда Отан қорғау ісіне Қазақстаннан 1 миллионнан аса азамат аттанып, қолдарына қару алды. Біздің ауданымыздан 5 мыңға жуық жауынгер ел үшін жаумен шайқасты. Олардың тек 500-дейі ғана туған елге оралса, көбісі майдан даласында мерт болып, із-түзсіз жоғалғандардың қатарын құрады.
Әрине, бүгінгі ұрпақ соғыстың қандай болғанын тарихтың сарғайған беттерінен, деректі фильмдерден ғана танып, оқып біледі. Соғыс тек майданмен шектелген жоқ. Аға-әкелеріміз ұрыстарда мұздай қаруланған фашизм әскерін ойсырата жеңсе, жеңісті күндерді жақындатуда тылда да еңбек майданы қызып, бала-шаға, қарттарымыз аянып қалмады. Оты лаулаған сұм соғыстың бетін көрмесек те, сол жеңісті күнді артындағы ұрпағына сыйлап кеткен батыр бабалардың мәңгілік ерліктерін ешқашан ұмытпақ емеспіз. Қазіргідей бейбітшілік пен тыныштықта өмір сүріп жатқанымызда әкелеріміздің ерлікті іздері мен істері жатқаны анық.
Соғыс ешкімді де аямады. Барша халықтың басына қара бұлт үйірілгенде жас та, жасамыс та қарап жатпады. Ел қорғауға қолына қару алып, басқыншыларға өр рухымен, айбатымен төтеп берді. Олардың қатарында өзінің жастығына қарамастан талай ерлікті істер жасаған Әбдірауық атамыз 1925 жылы Қармақшы ауданына қарасты Бозарғаш ауылында дүниеге келген. Бидайкөл ауылында мектеп есігін ашып, 2-5-сыныпты Қызыл әскерде, 6-8-сыныпты Бозарғашта, 9-сыныпты Бестам мектебінде оқиды. 9-сыныпты бітірген соң 1942 жылы Кеңес әскері қатарына шақырылып, соғысқа аттанып кете барады. Эшелондарға тиелген солдаттарға іріктеу жасалғанда 9-сынып оқимын деген Әбдірауық атаны Саратов қаласындағы командирлер дайындайтын әскери мектепте 3 айлық курсқа қалдыруға шешім қабылданады. Онда түрлі тактика мен соғыстың әдіс-тәсілдерін үйретіп шығарады. Әсіресе, зеңбіректерді қалай ату керектігін үйретеді. Оқуды бітірген бозбалаға сержант шенін беріп, қайтадан эшелонға мінгізеді. Ленинград қаласының шетіндегі қалың тоғайдың арасына апарып, 76-артиллерияның бір бөлімшесіне командир етіп тағайындайды. Ондағы мақсат – Ленинград қаласын аман алып қалу еді. Бірақ олардың бұл жоспарын немістің 3 ұшағы біліп қойып, төбеден бомбылай жөнеледі. Сол жердегі қанды қырғында солдаттардың бәрі жарақаттанады. Атамыз да басынан ауыр соққы алып, үш мәрте ота жасалады. Мұнан соң Балтық бойы, Латвия, Литва, Молдавия елдерін жаудан босатып, 1945 жылы Воронеж облысында атты әскер қатарына қабылдану үшін ат ойнының небір тәсілдерін үйреніп, ат үстінде ату, атты қару-жарақпен судан өткізу жаттығуларына қатысады. Осы сынақта атамыздың аты сын сәтінен мүдірмей өтіп, «аға сержант» шеніне көтеріледі. Осы жылдың шілдесінде сайдың тасындай іріктелген 25 мың жауынгерді аттарымен қоса қызыл вагонға мінгізіп, қайда бара жатқандарын да жасырып жолға шығарады. Бірнеше күннен кейін Кеңес үкіметі мен Жапон арасында соғыс басталады. Әскерлердің міндеті Моңғолиядағы Хайлар қаласын босату еді. Жапондарды жеңу оңайға түспеді. Әскердің көбі қазаға ұшырады. Жапондарды жеңген жауынгерлер Түркіменстанның орталығы Ашхабад қаласына орналасады. Командирден Әбдірауық атамызға 37 солдатымен қала ішіндегі тәртіпті ретке келтіру тапсырылып, ол өзіне жүктелген жауапты міндетті абыроймен атқарады. «Ол кездегі көрген қиындықтар әлі күнге көз алдымыздан кетер емес. Ол жайларды көз алдымызға елестетудің өзі қорқынышты. Бізді не көрмеді дейсің. Сендер осы бақытты күндеріңе шүкіршілік етіңдер» деген-ді сұрапыл соғыстың ауыр күндерін еске алғанда.
Атамыз 1950 жылы, 7 жыл, 26 күн дегенде туған елге оралып, туысқандарымен сағынысып қауышады.
Намысты ту еткен батыр бабамыз соғыс жылдарынан кейін де түрлі салада еңбек етіп, ауданымыздың гүлденіп-көркеюіне атсалысты. Сол уақыттағы аудан басшылары Сейділда Оспанов, Сүлеймен Айтмағанбетов, Көмекбай Қаракөзов, Әмзе Әлжанов, Исатай Әбдікәрімов, Ахметжан Жанпейісов, Елеу Көшербаев және аймағымызға белгілі азаматтармен қатар жүріп, бірге қызмет жасайды.
Соғыста орысша хат жазу мен оқуды үйренген жасты аудандық атқару кеңесі жалпы бөлімінің меңгерушісі етіп жұмысқа қабылдайды. Мәскеуден, Алматыдан келген қаулыларды тіркеу, оның орындалуын қадағалау жас маманның жауапкершілігіне жүктелді. Ол кезде ауданда 38 ұжымшар, 12 ауылдық кеңес болатын. Ұжымшарлармен қатынас алу қиын, көлік жоқ. Осылай жұмыс жасап жүргенде аудандық партия кеңесінің бірінші хатшысы Сейділда Оспанов қоңырау шалып, өзіне шақырады. Сөйтіп оған 38 ұжымшардың малын санап өзіне көмектесуін сұрайды. Атамыз бұл жұмысты орындауға да білек сыбана кіріседі.
Әбдірауық ата өзінің еңбек жолында аудандық статистика басқармасында 41 жыл тапжылмай еңбек етіп, басшылық қызметті абыройлы атқара білді. Төрт рет республикалық жиналысқа қатысып, үш рет аудандық Кеңеске депутат болып сайланады. Отанды қорғағаны үшін бірқатар орден, 19 медальмен, 30-дан аса мақтау қағазымен, орталық статистика басқармасының басшылары Старовский мен Волдарскийдің алтын әріппен жазылған екі төсбелгісімен марапатталған.
«Аудандық статистика басқармасында еңбек еткен Нина Россинская, Ордабек Тайбағаров сынды шәкірттері ұстаздарының жақсылығын ешқашан ұмытқан емес. 41 жыл оңай өткен жоқ. Небір қиындықтарды көрді. Мекеменің баспанасы болмай әр жерге көшумен жүрді. Ұжымшар, кеңшарларды аралайтын көлік жоқ, кейде су, жанар-жағармай таситын машиналардың төбесіне мініп баратын. 1960 жылдан бері қарай жағдай жақсарды. Әуелі велосипед берді, онан кейін 1972 жылдары жеке көлікпен тексеру жұмыстарын жүргізе бастады. 1982 жылдан бастап штат көбейіп, аудандық статистика басқармасы қайта құрылды. Менің бір орында тапжылмай 41 жыл қызмет етуім – адал еңбегімнің арқасы. «Статистика – мемлекеттің айнасы. Осы айна арқылы мемлекеттік жоспар жасалады. Мемлекет басшылары, облыс, қала әкімдері осы статистикалық есептермен баяндама жасайды. Сол себепті есеп жұмысында қосып жазу, жалған ақпарат беру қате. Барлығы да қол қойылған, мөр басылған ақпармен жүру керек» деген еді ол бірде саланың жауапкершілігін сөз етіп.
Атамыз зейнетке шыққан соң да 7 жыл аудандық мұрағатта І санатты мұрағатшы болып қызмет етті. Сол уақытта аудандық мұрағат жұмысының бір ізге келуіне, құнды құжаттардың сақталуына айрықша мән беріп, нәтижелі де жемісті жұмыстар атқарды.
«Дарақ бір жерде көктейді» дегендей, ол өзінің өңірінен өрбіген ұрпақтарының ортасында бейбіт күн аясында асқар тау әке, ардақты ата болып бақытты ғұмыр кешті, қиын уақыттағы көргені мен көкейге түйген ақыл-парасатын кейінгі буынға беруге тырысты. Асыл әкелеріміздің даңқты жолдары біздер үшін әркез ерліктің, өрліктің өнегесі болып қала бермек. Адамзат баласына орасан зор орны толмас шығын әкелген сұрапыл соғыстың аяқталғанына 80 жыл толса да, болашақ ұрпағына тыныш өмір сыйлап кеткен ата-бабаларымыздың жарқын бейнесі ешқашан ұмытылмақ емес. «Тау алыстаған сайын еңселене түседі» дегендей, Отан үшін от кешіп, басын бәйгеге тіккен батырларымыздың асқақ тұлғасы арада жыл өткен сайын биіктеп, ерліктері ұрпақтан-ұрпаққа аңыз болып айтыла береді. Ерлік пен елдікке мың тағзым!
С.АҚКІСІ