» » ЕРЛІК – ЕЛГЕ МҰРА, ҰРПАҚҚА – ҮЛГІ

ЕРЛІК – ЕЛГЕ МҰРА, ҰРПАҚҚА – ҮЛГІ

Бейбіт елдің тыныштығын бұзып, астан-кестеңін шығарған сұм соғыс. Ананы баласынан, баланы әкесінен, бауырды бауырынан айырған қасіретті жылдар ұмытыла ма? Еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін тылда ауыр еңбек етіп, соғыс майданындағы жауынгерлерге қолдарынан келген көмегін аямады. Елдің басына қара бұлт үйіріп, қан қақсатқан, миллиондардың өмірін жалмап, тозаққа айналдырған Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына да 80 жыл.
Уақыт төрелігімен тән жарасы жазылса да жан жарасы әлі жазыла қойған жоқ. Майданнан келген үшбу қарақағазға сенбей, осынша жыл өтсе де, сол ұрыс даласында шейіт болған немесе із-түзсіз жоғалып кеткен әке-ағалардың артында қалған ұрпақ, бауырлары бір хабары шығып қалар ма екен деп бүгінгі күнге дейін үмітін үзбей келеді.
Осы бір аты жаман, жан дүниені түршіктірер алапат соғысқа 15 республикадан құралған Кеңес Одағы құрамында Қазақстан да қатысты. Оның ішінде біздің облыс, ауданымыздан да мыңдаған азамат соғысқа аттанып, жау шебінде болашақ ұрпағы жолында жан алысып, жан берісіп ерен ерліктің үлгісін көрсетті.
Қасіретті жылдары майданда да, тылда да бүкіл ел болып бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ұйымшылдықпен «Бәрі де майдан үшін! Бәрі де жеңіс үшін!» ұранымен жұмылған жұдырықтай бірігіп, жауға тойтарыс берді. Кейбір мәліметтерге сүйенсек, Кеңес әскерінің қатарына шақырылған 1 млн 200 мың қазақстандықтың қатарында Қармақшы ауданынан 5 мыңға жуық жауынгер сұрапыл соғысқа аттанған. Олардың 2 мың 507-сі хабарсыз кетсе, 1 мың 205-і соғыстан оралмаған боздақтар қатарына енген. Елге аман-есен оралғандары соғыстан кейінгі елді қайта қалпына келтіру жұмыстарында бейбіт заманның еңбеккерлеріне айналды.
Сол сұм соғыстағы майдан шебінде жүрген біздің жерлесіміз Қаратай Қуаңбаевты атап өтетін болсақ, 1922 жылы қазіргі Дауылкөл ауылдық округіне қарасты елді мекенде дүниеге келген. Еңбекке енді араласа бастағанда Ұлы Отан соғысы басталып, 1941-1947 жылдары қан майданның бел ортасында болып Германия мен Жапонияның жеңілісіне тікелей үлес қосады. 1945 жылы Забайкалье миномет атқыштары жоғарғы училищесін үздік бітіреді. Соғыс кезіндегі ерен ерліктері үшін «Қызыл Жұлдыз», «І дәрежелі Ұлы Отан соғысы» ордендерімен наградталған. Туған жерге келісімен қызу еңбекке араласады. Қосарық ауылдық кеңесі атқару Комитетінің нұсқаушысы, сектор меңгерушісі, Қармақшы аудандық кеңесі атқару комитетінің жауапты хатшысы, Ақжар МТС-інде партком хатшысы, Ленин атындағы совхозда жұмысшылар комитетінің төрағасы, партком хатшысы қызметтерін 1964 жылға дейін абыроймен атқарды. Осы жылдың басында Үкіметтің арнаулы қаулысымен Қызылқұмның мамырап жатқан елсіз өңірінен облыс бойынша 69 қой кеңшары құрылып, соның бірі – Жаңақала кеңшарына Қаратай Қуаңбаев директор болып тағайындалады. Қолында бұйрығы мен қалтасында мөрінен басқа ештеңе болмаса да аудан орталығынан 160 шақырым Қызылдың қиясындағы «Қарақ» деген төбенің етегінен алғашқы қазықты қағып кеңшардың орнын белгілейді. Міне сол күннен бастап елді жаңадан құру, мал шаруашылығын өркендетудің қым-қиғаш қиын проблемаларын шешу жолында ол тынымсыз еңбегінің елге, әрбір адамға деген жанашыр қамқорлығының арқасында халықтың сеніміне бөленіп, абырой биігінен көріне білді. Ол Жаңақала ауылын үздіксіз он алты жыл басқарды. 1980 жылы денсаулығына байланысты ауылдық кеңестің төрағасы қызметіне ауысады. Осы қызметтен 1984 жылы «Республикаға ерекше еңбек сіңірген зейнеткер» болып еңбек демалысына шығады. Ол 1988 жылы 13 тамызда 66 жасында дүниеден озды.
Ауыр күнде атқарған адал еңбектеріңіз бен табандылықтарыңызға алғысымыз шексіз. «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – үлгі». Ендігі жерде сіздерге құрмет көрсету, жас ұрпаққа өнеге ету бізге парыз. Кешегі тарихын ұмытпаған елдің ғана болашағы жарқын болады. Бүгінгі бейбіт күнге жеткізген майдангерлеріміздің ерлігі ешқашан ұмытылмайды.
Гүлмира ӨТЕГЕНОВА,
аудандық тарихи-өлкетану музейінің
ғылыми қызметкері
09 наурыз 2025 ж. 463 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№27 (10395)

15 сәуір 2025 ж.

№26 (10394)

12 сәуір 2025 ж.

№25 (10393)

08 сәуір 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 611
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930