» » Басыңды иіп, көк өрім құрақ, тәжім ет

Басыңды иіп, көк өрім құрақ, тәжім ет

Бейбіт елдің тыныштығын бұзып, астан-кестеңін шығарған сұм соғыс. Ананы баласынан, баланы әкесінен, бауырды бауырынан айырған қасіретті жыдар ұмытыла ма? Еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін тылда ауыр еңбек етіп, соғыс майданындағы жауынгерлерге қолдарынан келген көмегін аямады.
Елдің басына қара бұлт үйіріп, қан қақсатқан, миллиондардың өмірін жалмап, тозаққа айналдырған сұм соғыстың жеңіспен аяқталғанына да 80 жылға жуықтапты. Уақыт төрелігімен тән жарасы жазылса да жан жарасы әлі жазыла қойған жоқ. Майданнан келген үшбу «қара қағазға» сенбей, осынша жыл өтсе де, сол ұрыс даласында шейіт болған немесе із-түзсіз жоғалып кеткен әке-ағалардың артында қалған ұрпақ, бауырлары бір хабары шығып қалар ма екен деп, бүгінгі күнге дейін үмітін үзбей келеді.
Осыбір аты жаман, жан дүниені түршіктірер алапат соғысқа 15 республикадан құралған Кеңес одағы құрамында Қазақстан да қатысты. Оның ішінде біздің облыс, ауданымыздан да мыңдаған азамат соғысқа аттанып, жау шебінде болашақ ұрпағы жолында жан алысып, жан берісіп ерен ерліктің үлгісін көрсетті.
Қасіретті жылдары майданда да, тылда да бүкіл ел болып бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ұйымшылдықпен «Бәрі де майдан үшін! Бәрі де жеңіс үшін!» ұранымен жұмылған жұдырықтай бірігіп, жауға тойтарыс берді. Кейбір мәліметтерге сүйенсек, Кеңес әскерінің қатарына шақырылған 1 млн 200 мың қазақстандықтың қатарында Қармақшы ауданынан 5 мыңға жуық жауынгер сұрапыл соғысқа аттанған. Олардың 2507-сі хабарсыз кетсе, 1205-і соғыстан оралмаған боздақтар қатарына енген. Елге аман-есен оралғандары соғыстан кейінгі елді қайта қалпына келтіру жұмыстарында бейбіт заманның еңбеккерлеріне айналды.
Майдан даласында қиян-кескі ұрыстар жүріп жатса, еңбек майданында да бала-шаға, қариялар мен аналар тынымсыз жұмыс жүргізді. Соғыстың алғашқы жылдарының өзінде-ақ ауыл шаруашылығы саласында жұмыс қолының тапшылығы байқалды. 1941 жылы қазанда қалалық Пионерлер үйінде Қызылорда еңбекші әйелдерінің фашизмге қарсы митингісі өтті. Онда майданның негізгі тірегі саналатын тылдағы еңбекті күшейту, ауылдарға көмекке баруға үндеу жасалды. Түрлі мамандықты игерген қыз-келіншектер ерлермен бірдей иін тіресіп, Отанның игілігі үшін маңдай терлерін төкті. Қызылорда қаласы қыздарының бастамасымен ашылған шоферлар курсының алғашқы түлегінің бірі, трактор мен комбайн тізгіндеген Ұлбосын Қосымова соғыс жылдары Ақжар МТС-інде жұмыс істеді. Майданға аттанған ер азаматтардың орнын жоқтатпай, тылдағы тірліктің түтінін түтеткен трактор тізгіндеуші – қармақшылық қыз-келіншектер қатарында Боршан Бексебаева, Күлән Жахатаева, Балтай Тасманбетова, Болшан Жанәділова және Күлпаш Ізбасқанованың болғанын мақтанышпен атай аламыз. Ауданда темір тұлпар – трактор тізгіндеген, отар-отар қой баққан, бейнеттің ортасында жүріп те ұрпақ бойына ілім-білім таратудан тартынып қалмаған кітапханашы, мұғалім қыз-келіншектердің бір шоғырын халық «Бозарықтың қырық қызы» деп құрметпен атағаны баршамызға мәлім.
1943 жылы майдандағы қазақ жауынгерлеріне хат жазып, рухтандырған сырбойылық аналардың арасында Жосалы механикалық зауытының стахановшысы Қ.Жүзжасарова да болды. «Қазақстанның ардақты ұлдары! Құрметті балаларымыз, ерлеріміз бен туысқандарымыз!» деген мейірім сөздеріне толы хатта қазақ жауынгерлерінің сырбойылық аналар мен әпке-қарындастары жауды күйрете жойып, елге аман-есен жеңіспен оралатындарына сенім білдірген еді.
Басқа қанша қайғы-қасірет түскенімен қармақшылық әйелдер аналар мен балаларға, отбасыларына ғана емес, сонымен қатар ауыл-аймақ, еліне де иелік етіп, бас-көз бола білді. Олардың қатарында «Ақбел» ұжшарының төрағасы болған Ақорын Тілеубаева, Тән Түменбаева, Әлима Наурызбаева, Әлия Оразбаева, Жұмагүл Әділова, Дәме Жұбаеваның есімдерін құрметпен атауға болады. Ақын Пал Баймаханова халықтың рухын жырмен көтерсе, Рабиға Шалабаева партия ісіне белсене араласты. Ауданның саяси-қоғамдық дамуына атсалысты.
Ауыл азаматтарының өз қолымен салынған Абыла жел диірмені қиын-қыстау кезеңде халықтың игілігіне асты. Сонау сұрапыл жылдардың естелігіндей болған жел диірмені бүгінде тарихи орынға айналып, мемлекет қорғауына алынған. Сонымен қатар мемлекеттік қорғаныс комитетінің қаулысына сай, Жосалы механикалық зауыты 82 миллиметрлік шойын миналар жасайтын болды. Зауыт түсті металл шығарудан жылдық жоспарды 1943 жылы 110 пайызға, 1944 жылы 130 пайызға орындаса, ұжымнан 30-ға жуық стахановшы-озат еңбеккер шықты. Одан бөлек, аудан халқы майданға деп, астық, жылы киімдер жөнелтіп отырды. 1943 жылы облыстық «Ленин жолы» газетінде Қызыл әскер қорына өз есептерінен артығымен астық өткізген колхозшылардың есімдері жарияланды. Олардың арасында ауданымыздың «Бидайкөл» ұжшарының төрағасы Ысқақ Дәлібеков, «Қызыл әскер» ұжшарының төрағасы Қали Бексебаев, «Бозарқаш» ұжшары бастауыш партия ұйымының хатшысы Байғабылова, Жаңажол ұжшарының төрағасы Тәжібаев, Энгельс атындағы ұжшардың төрағасы Шәди Түйімбетов және Ленин ауылдық кеңесі атқару комитетінің төрағасы Табынбаев, Чапаев атындағы ұжшардың төрағасы Ыбырай Сейтеновтің есімі аталады.
Сындарлы уақытта майданға жіберілген азық-түлік өнімдерін дайындауда қармақшылық диқандар мен шопандардың жанқиярлық еңбектерін атап айтпай кету мүмкін емес. Олардың қатарында қарт диқан Бисенбай Кеңесбаев, шопандар Адамқайыр Бисенбаев, Айсұлтан Отарбаев, Әбдібай Есіркепов, Омар Сүлеев ет, сүт дайындау жоспарын асыра орындап, ерен еңбек өнегесін көрсетсе, тылдағы аудан халқы майданда қаза болған, соғыстан мүгедек болып оралған майдангерлердің отбасыларын назардан тыс қалдырмады. Қара жамылған отбасыларына, мүгедек, жетім-жесірлерге қамқорлық қолын созды.
КСРО Халық Комиссарлар Кеңесінің 1943 жылдың 25 қыркүйектегі No1049 қаулысы негізінде Еңбекші депутаттардың облыстық атқару комитетінің No207 өкімімен еңбек резервтері желісінде трактор механиктерін дайындау үшін облыс аудандары мен МТС-нен 10 трактор жүргізушісі мен бригадирлерді Оңтүстік Қазақстан облысының Еңбек резерві басқармасының қарауына берілді. Аталған 10 тракторшының арасында біздің аудандағы Ақжар МТС-нің 1 тракторшысы болды. Қазақстандағы мұнай өңдеу кәсіпшілігіне жұмылдырылған 300 адамның 30-ы қармақшылық болатын. Одан өзге Еңбекшілер депутаттарының облыстық атқару комитетінің 1943 жылдың 22 маусымындағы қала және ауылдарда жұмыс істейтін тұрғындарды Қарағанды көмір бассейнінің шахталары мен құрылыстарына жұмыс істеуге мобилизациялау туралы No15 қаулысына сай, облыс бойынша 950 адам жұмылдырылса, оның 150-і біздің ауданнан қамтылды. Осы жылы Свердловск қаласындағы электростанса құрылысына ауданнан 45 адам жіберілді.
Айта берсек, өңірдің жеңіске қосқан үлесі ұшан-теңіз. Соғыс майданында аудан азаматтары ерлік істерімен көзге түсті. Облыс бойынша Кеңес Одағының Батыры атағын алған 20 қаһарманның қатарында қармақшылық Тәйімбет Көмекбаев болса, жерлестеріміз Смағұл Ысқақов, Тиыштыбай Ешмұратов, Әбдірауық Сатыбалдиев, Ідіріс Тұрмағамбетов, Сәдібек Әйекенов, Қалмырза Жарманов, Әлімбай Әлиасқаров, Әбзали Егізбаев, Шәкіман Бектібаев соғысқа бастан-аяқ қатысып, жеңісті жақындатқан ержүрек батырлар болды.
Сөз түйінін қазақтың аяулы ақын қызы, жерлесіміз Сәнімкүл Желдербаеваның «Отан үшін от кешкендер» атты өлең жолдарымен қорытсақ.
«...Елімнің бірлік, елдігін,
Кемдігүн болған ел мұңын.
Жиырма миллион құрбандықпен қайғылы,
Жеңіс атты жер бетіне келді күн!
Мәңгілік жанған қасиетті алау бұл,
Басыңды иіп, көк өрім құрақ, тәжім ет,
Мәңгілік алау – жер бетіндегі әділет!
Дайындаған Сәрсенкүл АҚКІСІ
09 мамыр 2024 ж. 201 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 338

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 422

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930