Әкем тылда тер төккен
Соғыс… Ұлы Отан соғысына ауданнан талай боздақ аттанып, осынау сұрапыл соғыста ел мен жер үшін, бейбітшілік үшін жан берісіп, жан алысқаны белгілі. Иә, соғыс – адам баласы үшін ең үрейлі, ең қорқынышты сөз. Өйткені, соғыс атаулы адамзатты қырыпжоюға бағышталған. Қазақстанның халқы да осы тұста майдан арсеналына айналып, тылда аянбай еңбек етті. Жеңіске жетуде тыл ардагерлерінің де қосқан үлесі өте зор.
Соның бірі, мылтықсыз майданның қаһарманы, менің ардақты әкем. Қайсыбір жер бетіндегі соғыс болмасын адамзатқа тек қасірет алып келген. Қарап отырсаңыз одан көбіне қарапайым халық азап шеккенін байқайсыз. Сұм соғыстардың ішінде Ұлы Отан соғысы сол кезеңдегі Кеңес Одағы құрамындағы барлық республикаға, оның ішінде Қазақстанға да алапат шығындар алып келді.
Біздің бақытымыз, ата-бабаларымыздың, аналарымыздың жанкештілігімен осындай Ұлы күнге жетіп отырмыз. Бұл соғыста біздер жеңіске жеттік. Бірақ қандай жолмен, қандай қиындықтармен жеттік – соны бүгінгі ұрпақ білуі, жадында сақтауы керек. Себебі сұм соғыстың зардабы тек төрт жылға ғана созылған жоқ. Биыл Жеңіске 79 жыл толғалы отыр. Қасіретті де отты жылдардың жалыны басылғанымен, мылтықтың үні естілмегенімен, оның тақсіреті әлі жалғасып келеді. Соғыс зобалаңынан қаншама жүрек жараланды, қаншама жас қыршынынан қиылды, қаншама жетім мен жесірдің көз жасы көл болды десеңізші. Біздің ата-бабаларымыз бұл соғысты Жеңіспен аяқтады. Майдандағы жауынгерлер Отан үшін отқа түсіп, кеудесін оққа төсесе, тылда да жанталасқан еңбек майданы қоса жүріп жатты. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін уақытпен санаспай, өлшеусіз еңбек етті. Қолында қаражаты бар азаматтар майданға қаржылай да көмегін аяған жоқ.
Жеңіс – қайтпас қайсарлықтың, ержүректілік пен бүкіл халықтың майдан мен тылдағы жаппай ерлігінің жемісі. Жеңіс мерекесі тағылымы, тәлімі жағынан үлкен мәнге ие. Жеңіс күнін жыл сайын ерекше тебіреніспен қарсы аламыз.
Осы орайда, менің есіме Расул Ғамзатовтың: «Егер сенің еліңде қуаныш болса – оны еңбек адамынан сұра, ол қалай еңбектенеді екен. Егер сенің жеріңде қайғы болса – оны жауынгерден сұра, ол қалай соғысты екен» деген жолдары есіме түседі. Еңбек адамынан сұра демекші, еңбектің көркін қыздырып, қазанын қайнатқан жанның бірі – тыл ардагері, әкем Төлеген Раев.
Ол 1912 жылы Жосалы кентінде әкесі Рай мен анасы Күнжанның отбасында дүниеге келген. Әкеміз 10 жасында әкеден жетім қалып, анасының тәрбиесінде болған. 1938 жылдан 1969 жылға дейін «ПЧ-12» мекемесінде ұста болып жұмыс атқарған. Темір ұстасы болуына байланысты «Қызыл билет» беріліп, Ұлы Отан соғысынан қалдырылған. Соғыс кезінде пойыздардың бөлшектерін жасап, күндіз-түні еңбек еткен. Майданда жауынгерлер қарумен күрессе, әкеміз тылда еселі еңбегімен сұм соғысқа қарсы тұрды. Ол өмірінің 31 жылын осы еселі еңбекке арнап, маңдай терін төкті.
Теміржол саласы басшылығының Алғыс хаттарымен марапатталған. Хадиша Иманбердиевамен бас қосып, өскен-өнген отбасының басшысы болды. Көзі тірісінде 1 ұл, 3 қыздың әкесі, 4 немеренің атасы атанды. Ол бейбіт өмірде өз тәжірибесін жастарға үйретті. Қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүріп, өмірінің соңына дейін көше комитетінің төрағасы болды. Имандылықты, саламаттылықты, адамгершілікті дәріптейтін. Шаңырағымызда бірлік пен мейірім ұя салды. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, мейірімді отбасын көріп өстік. Асқар тау әкеміз 1991 жылы дүниеден өтті.
Өңірінен тараған балалары бүгінде әр салада жемісті еңбек етуде. Бақыты токарь болды, Гүлжауһары білім саласында, партия қызметінде абыройлы қызмет жасады. Ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып өз үлесін қосып келеді. «Қармақшы ауданының Құрметті азаматы», Қазақстан Республикасы «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісінің иегері. Гүлнары кен байыту саласының инженері болса, ал мен ауданымыздың кітапхана саласын дамытуға үлесімді қосып, зейнет демалысындамын. Қарағанды қаласында тұрамын. Төлегеновтер жанұясының саны көбейіп, 4 баладан 8 немере, 18 шөбере, 2 шөпшек қосылып тамырын тереңге жаюда. Отбасымыздың қорғаны, әулетіміздің басшысы бола білген әкеміз Төлеген Раев қашанда үлкенге – құрмет, кішіге – ізет көрсете білетін ақжарқын мінезді, ыстық ықыласты, қарапайым да кішіпейіл жан еді. Әке – тамырын жайған ағаш. Әкеміз бізге таза жүруді, өтірік айтпауды, адал болуды, адамгершіліктің алтын ережелерін үйретіп отыратын. Бала үшін әке бейнесі – асқар тау, үлгі, мақтаныш. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс, тылдағы қажырлы еңбек – жас ұрпақтың патриоттық тәрбиесінің негізі.
Гаухар ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ