» » Ерлердің даңқы өшпейді

Ерлердің даңқы өшпейді

1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы еліміздің тарихындағы ең ауыр да күрделі кезең болды. Қазақстаннан миллионнан аса қан майданға аттанған жауынгерлердің арасында біздің қармақшылық жерлестеріміз де от пен оқтың ортасында шайқасып, ерлік істерін көрсетті. Олардың қатарында ауданымыздың қадірменді ақсақалы, соғыс және еңбек ардагері, менің атам Жұмабай Шүйтенов те болған еді.
«Есімде сол бір қаралы күндер, қан майдан,
Ел дүрлікті тұтқиыл, тосын жағдайдан.
Бейбіт елдің, береке құтын қашырып,
Фашист сұмдар, сұрапыл соғыс салды ойран.
Опасыздар, ойыншық етіп, отты ермек,
Арпалыс айқас шегініп шығып кетті өрлеп.
Отанды, елді қорғауға қармақшылықтардан,
Аттанды ерлер, көкіректерін кек кернеп» деп ақын жырлағандай, атамыздың соғыс жылдарындағы да және соғыстан кейінгі елді қалпына келтіру уақытында да еліне жасаған ерлігі мен еңбегін, біздер ұрпағы мақтаныш етеміз.
Атам 1920 жылы Киров атындағы ұжымшарда дүниеге келген. 4 жылдық білім алып, 1934 жылдан бастап шаруашылықта еңбек етті. 1940 жылы әскер қатарына алынып, 1942 жылы майданға аттанады. Мәскеуде 50 әскери бөлімнен оны Владивостокқа жібереді. 1943 жылы Ленинград майданына қатысып, 252 дивизияның қатарында жаумен шайқасып, жарақат алады. Шамалы уақыт госпитальда емделіп, қайта соғысқа кіреді. Сол арадан оны Брянск майданына ауыстырады. Қанша рет жаралы болса да, жеңіске деген талпынысы оны аға сержант, рота старшинасы деген атаққа жеткізеді.
Майдангер Ленинград үшін күресте қоршауда қалған халықты құтқарып, ерен ерлік көрсете білді. Сол ерлігі бағаланып, көптеген медальмен марапатталады. Атап айтқанда, оған «Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 25, 30, 40, 50 жылдығы» медальдары тапсырылса, Жеңістің 55 жылдық құрметіне «Соғыс ардагері» белгісі табыс етілді. Сондай-ақ атамыз Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 60, 70 жылдық, «Германияны азат ету кезіндегі ерлігі үшін», «Германиядағы жеңісі үшін» медальдарымен және Кеңес Одағының Маршалы Жуков атындағы медалімен марапатталған.
Соғыстан кейін де елге оралып, абыройлы еңбек етті. Әртүрлі салада қызмет етіп, №30 механикалық колоннадан зейнет демалысына шықты. Зейнетке шықса да, теміржол саласында қажырлы жұмыс жасады.
Атамыздың өзінің отбасында 4 перзент болған – Шынаркүл, Мариямкүл, Ыбырай. Жан жары, анамыз Орнаш (Шөкей) екеуі 7 қыз, 2 ұл тәрбиелеп өсірді. Балаларының бәрі түрлі салада қызмет атқарған. Бибігүл, Аршагүл мен Жанары медбике болса, Баршагүл, Анар мен Аккеніші тұтынушылар одағында сатушы, экономист қызметін атқарды. Сүт кенжесі Ақнұр жеке кәсіппен айналысады. Әлішері 30 жасында, 1986 жылы өмірден өтсе, Мұхамбеті жүргізуші болып жұмыс істеген. Анамыз ауыр науқастан 1985 жылы 63 жасында дүниеден өтті.
Бүгінде атамыз арамызда жоқ. Дегенмен, ол ағайын-туыс, замандастары мен әріптестеріне, жақын жекжатына бар болмысымен, ісімен үлгі бола білді. Алысты жақынындай, жақынды туғанындай сезінетін ақкөңіл, бәрін бірдей көретін көпшіл, елгезек мінезімен танылған жүрегі жомарт, қолда барын аямайтын дарқан көңілді кісі еді. Өзі 2006 жылы 87 жасында бақилық болды.
«Орнында бар оңалар» дегендей, Аллаға шүкір шаңырақта ұлы Мұхан бар.
Әр жылда 9 мамыр – Жеңіс күні балалары мен немерелері жиналып, атамызға Құран оқытып, дұға бағыштаймыз. Жазбамның соңын ақынның мына өлең жолдарымен қорытсам деймін.
«Оралып аман, майданға сонда барғандар,
Жеңіспен келіп, жалғасып жатты армандар.
Халық жүрегін, қуаныш кернеп кетті онда,
Көп еді бірақ, хабарсыз қайтпай қалғандар.
Ұмытар ма адам, соғыстың сол бір зардабын,
Қажымай халық көтерді ауыр салмағын.
Ол күндердің, ерлердің даңқы мәңгі өшпес,
Ей, жас ұрпақ, ақтаңдар әке арманын...».
Раш ЖӨНЕЙТОВА,
келіні
10 мамыр 2025 ж. 437 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№35 (10403)

13 мамыр 2025 ж.

№34 (10402)

10 мамыр 2025 ж.

№33 (10401)

06 мамыр 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 747
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031