» » АУЫЛЫ АРДАҚТАҒАН АБЗАЛ АНА

АУЫЛЫ АРДАҚТАҒАН АБЗАЛ АНА

Қызылорда қаласындағы фельдшерлер даярлайтын арнаулы мектепті 3 жыл 10 ай оқып, 1953 жылы тәмамдаған талдырмаш кәріс қызына оқу орнының басшылығы жоғарғы медициналық білім алу жөнінде ұсыныс жасаған. Оқуға ынталы, дәрігерлік мамандыққа икемі жоғары шәкіртке сол кезде зейнет жасына жақындаған егде тартқан ұстазының бірі: «Сен оқу бітіріп келгенше жүріп, орнымды саған ғана босатып берем» деп те қойғаны бар. Мұның өзі оқуға алғыр, іске қабілетті шәкірттің болашағынан үміт күткен ұстаздардың ыстық ықыласынан туған ниеті еді. Ал бұл болса жасы ұлғайған ата-анасының бар екенін, алыс қалаға барып оқуын жалғастыруға қолдың қысқалығын айтып, мамандығы бойынша еңбекке арала суды жөн көрген.
Алайда сол кездің талабы бойынша қалада қала алмай, оқу орнының жолдамасымен Қармақшы ауданындағы Сталин атындағы колхоздан бір-ақ шықты. Аудан басшыларынан тапсырма болған болуы керек, шағын ауылдағы қам кесектен тұрғызылып, түстікке қарай созыла салынған іркіс-тіркіс жатаған тамдар дың шеткі үйіне жапсарластыра салынған бір бөлмені бұған дайындаған болыпты. Дәрігерлік пункт аталған бұл емдеу орны әлі ресми құжаттармен белгіленбеген, санитарлық талапқа сай келе қоймайтын, жалғыз баласы соғыстан оралмай, қызының қолына кеткен бір кемпірдің босаған үйі еді.
Жастайынан жағдай талап етіп, ешкімге алақан жаюды білмей өскен жас фельдшер өзімен бірге ала келген ине қайнататын қобдишасы мен емдеу құралдарын, азын-аулақ дәрі-дәрмегін пеш жанындағы текшеге орналастырды да бөлме ішін тазалап, өзі тұратын жай етіп, бір бұрышын науқас қабылдайтын жағдайға бейімдеуге кірісті.
«Көш жүре түзеледі» дегендей, ауыл адам дары көмектесіп, ортасынан емдеу пункті ашылды дегеніміз болмаса, алғашқы күндерде оның есігін ашып, емделу үшін бас сұққан ешкім болмады. Құдды бір, бас-аяғы 30-40 үйдей болатын ауыл тұрғындарында басы ауырып, балтыры сыздап жатқан ешкім жоқ сияқты.
Дегенмен ауырған бала, дерті дендеген қариялар ауыл ішінде болмай тұрмайды ғой. 18-ге енді толған жас дәрігер ақ халатын киіп, тыңдауышын мойнына асып алып қашанғы отырсын, бір күні үйді-үйді аралап, ауыл адамдарының көңіл күйін, үйлердің санитарлық тазалығын көруге бел байлады. Бірнеше үйден кейін-ақ ыстығы көтеріліп, «барып-келіп» жатқан келіншектің үстінен түсті. Тар қолтыққа шыққан іріңді жараның тұла бойға дендей бастаған түрі байқалады. Уақыт оздырмай, дереу ем-домды бастаған дәрігер әп сәтте жараны тіліп, іріңінен арылтқаннан кейін тазалап таңып тастап еді, апта бойы төсектен бас көтере алмай жатқан келіншек тұла бойы жеңілдеп, бірер күнде үй шаруасына араласатын халге келді.
Сол сол-ақ екен, кеше ғана айтылып жүрген «Аузынан сүті кеппеген жас бала екен», «Оқып келе береді ғой, не біле қояр дейсің» деген сияқты көпе көрнеу қомсыныспен айтылған сөздер «Ауылға келген дәрігер қыздың қолы шипалы екен», «Өзі облыстағы білімді дәрігерлердің бірі көрінеді», «Жыртық үйдің құдайы бар дегендейі бізге осындай биязы мінезді білікті дәрігерді жеткергенін айтсайшы» деген сияқты ілтипат пен ризалыққа толы лебіздермен ауысып, жас маманның атағы желдей есіп, жан-жаққа тарап кетті.
Көршілес жатқан «Өндіріс» колхозы мен аржағындағы Ленин атындағы колхоздан, Сайарық, Көктөбе жерінен де келіп, көрініп кететіндер аз болған жоқ.
Сәл шегініс жасасақ, біз сөз етіп отырған бұл кісі – белгілі дәрігер Ким Пон Гмы 1935 жылы Қиыр Шығыста, дәлірек айтсақ, При морск өлкесінде Ким Син Ин мен Пак Гым Сен деген корей отбасында дүниеге келген еді. Қармақшылықтардың құрмет тұтып: «Ким Люба» атап кеткен кісісі де осы. Кеңес үкіметі кезіндегі тоталитарлық жүйенің диірменіне түсіп, шыр айналған дүниеде қай бағытқа домалап бара жатқанын білмеген Корей халқының бір бөлігімен кең байтақ Қазақстанның Жосалы аталған стансасынан түскенде 2-ақ жаста болатын. Кейін әкешешесінің айтуы бойынша, паровозға тіркелген бір эшалондағы адамның аштан қырыл ғаны бар, аурудан өлгені бар, жол бойындағы өзге стансалардан да түсіп қалғандары болуы керек, жиырма шақты отбасы болатын 50-60 адамды қыстақ орталығына және ауылауылдарға таратқан көрінеді.
Бұларды отбасымен Энгельс атындағы колхоздың қарапайым колхозшысы – Бідан бай ақсақалдың үйіне бөліп, «осыларға қарай ласыңдар» деп орналастырып кетті. Сол кезде колхоз басқармасының бастығы – Түйімбетов Шәді деген кісі еді де, колхоз Үдербаев деген кісінің басқаруындағы «Бозарқаш» ауылдық советіне қарайтын. Айта кетейік, Энгельс атындағы колхоз осы күнгі «жем-шөп дайындау алаңының» тура шығыс бетінде 5 шақырым жерде орналасқан болатын.
Ал Біданбай қарттың үш ұлы – Нәби, Нұри, Қази деген кісілер өздері шиттей бала-шағамен отырса да қазақтың қонақжай әдетімен бұларды шетке теппей, қамқорлығына алды. Көшпелі өмір салтынан ажырай қоймаған қазақы тіршіліктің негізі – мал шаруашылығы еді. Шаруақор жігіттер Ким Син Инді мал бағуға, өздерінің құс мылтығымен аң аулауға үйретті. Аурушаң қарт әкесі бар, 1932 жылы туған Полина, 1935 жылы туған Люба атты қыздары бар кәріс отбасы ес жиып, жергілікті тұрғындармен араласа бастады. Тіпті 1938 жылға қарай екі қыздан кейін дүниеге бір ұл келіп, үйдің шырайы кіре бастағандай да болып еді.
Алайда қазақы тамақ түрлерін қабылдай алмай, ата мекенінде шөп түрлерінен жасалып, тұз сіңген өзгеше иісті тамаққа үйренген ана баласын жарыта алмай аурушаң болды да, келесі жылға жетпей жасқа толып қалған ұл жер қойнына тапсырылды. Мұның өзі Ким әулеті отбасына ауыр соққы болды да, байғұс ананың халі күн сайын нашарлай бастады. Өлген баланы қайғырып, бейіт басына күнде бару, ол жерде сары ала таңнан күн батқанша отырудың өзі оның құр сүлдерін қалдырып, жүруге жарамсыз етіп тастады. Айтқандай, 1937 жылдардағы ауыр өтіп жатқан күндердің бірінде қарт әкесі де дүние салған еді.
Уақыт бәріне де емші ғой, арада бес-алты ай өтіп ес жинағаннан кейін қамкөңіл ананың көңіл кірін тазартуға себеп бола ма деп отағасы жаңа қонысқа көшуді ойластыра бастады. Машина түгіл ат арбаның да пышақтыға тие бермейтін кезінде екеуі екі қызды арқалап отырып, табан тіреген жері – Жалағаш ауданына қарасты «Красный Октябрь» колхозы, осы күнгі Бұқарбай ауылы маңы еді.
Ким әулетінің ұзағырақ тұрақтаған жері де осы ауыл болды. Осында Люба қыз 8 жасында мектепке барып, 7 сыныпты үздік бітіреді. Үлкен қыз Полина болса оқуға онша ықыласы болмағанмен ауылдағы той-жиынның гүлі болып, ақкөңілдігі мен ажарлылығынан бөлек ел көзіне сонша бір пысық, әр іске ұсынақты қыз көрініп өсіп келе жатты. «Қыздарымды қалай да оқытуым керек» деген әке бұдан кейін Қызылорда қаласына көшті.
Жоғарыда айтқанымыздай, Люба дәрігерлік училищеде оқып, оны жақсы бітірді. Полина болса тігін шеберханасында жұмыс істеп, ұжымдастар арасында абыройы артып, отбасы тіршіліктері оңала бастаған.
Алайда Полина кейінірек, 1955 жылы 23 жасында сүзек ауруына шалдығып, ауыр науқасты көтере алмай небәрі 17 күнде көз жұмады. Әрине, бұл отбасын есеңгіретіп кеткен ауыр қайғы еді. Тап осы жылы алыс ауылдағы екі жылдық қызмет мерзімі аяқ талған соң, әрі мына қайғылы жағдайдан кейін Люба Қызылорда қаласындағы әкешешесінің қолына келген. Облыстық балалар ауруханасына мейірбике болып орналасты.
Я, дәрігерлік қызметіндегі еңбек жолын шалғай ауылда, бейтаныс жерде бастаған алғашқы екі жыл жас қыз үшін қанша қиын болғанымен халыққа өзін іскер маман, білікті дәрігер ретінде көрсете алған жемісті жыл дары болды. Өзіне жарасымды жұп болған өмірлік серігін де осы ауылдан тауып еді. Ол – сол жылдары Қызылорда агротехникалық училищесінен гидротехник-мелиоратор мамандығын алып шыққан, бүгінгі ел ағасы Жәкең – Жақсылық аға Жалғасбаев болатын.
Бірақ ол кездегі ел ішіндегі қалыптасып қалған қағида жас жігіттің басқа ұлт өкілімен көңіл жарастырып, жұптасып өмір кешуін құптамайтын. Оның үстіне: «Әскерден келген бойдан құлынымды аяқтандырамын» – деп Жақыш әжеміз бір тәуір жермен құда да болып қойған жайын айтпай-ақ қойсақ та болады. Осы жағдайды толық сезіне тұра Жәкең өзі ынтызар болған, жібектей мінезі мен әрбір жасаған ісі көңіліне қонып, өмірлік серігім болады деген берік байламға келген сүйікті Любасынан бас тарта алмады. «Ағайындарым алдымен ашуланар, артынан түсінісерміз» деген толық сенімде болды. Ал бұл кезде Люба қыз әскерге кеткен сүйіктісін 3 жыл сарыла күткен.
Сөйтіп, 1957 жылдың сәтін салған күзінде әскерден қайтқан жас жігіт өз жүрек қалауына жүгініп, өзін күткен қызбен бас қосты да, Қызылорда қаласында тұрып жатты. Мұны есіткен ауылдағы туысқандар астан-кестеңі шығып ол жатыр. Отау құрған жастар болса сырғи жылжыған уақыттың әр кезеңінен үміттеніп, арындаған ашу мен қайнаған намыстың саябыр тартар кезін күтіп жүрді. Бастысы – екеуінің де жұмысы бар. Келіншегі дәрігер болса, Жәкең өз мамандығы бойынша су шаруашылығымен айналысып, қалаға жақын жерлерден артезиан құдықтар қаздырып жүретін.
1958 жылы тұңғыштары Зинаида дүниеге келіп, нағашы ата-әжесінің қолында тәтті қылықтарымен жүректі елжірете бастады. Сөйтіп жүргенде жеңгеміз екінші баланы көтеріп, сыртқы жұртқа біліне бастағанда, ендігі жүрістің мәні жоқ екенін түсінген Жәкең келіншегіне: «Артымнан келерсің» деп жұмыстан шығып ауылға тартты.
Осындай жағдайдың түбі бір келетінін алдын ала болжап жүрген жеңгеміз өкпе мен ашуды салиқалы сабырға жеңдіріп, «көзге көрінген қыз бен іштегі баланы жетім өсірмеймін, өз тегіне қосамын» деген шешімін айтқанда анасы: «Қазақтар сені қабыл дамайды. Жазым болып жүрерсің. Қанша тапсаң да балаларыңды өзім бағамын, өзім өсіремін» – деп жылай бастап еді, әкесі: «Өзің құрған отбасың. Өз таңдауың. Шешімін де өзің табатыныңа сенемін» – деп батасын берді. Осыдан кейін қарт адамдардың қалада тұра алмайтынын білген қызы азын аулақ жиған ақшасына Шиелі ауданына қарасты жерден бау-бақшасы бар үй алып, әке-шешесін сонда қалдырды да, өзі еңбек жолын бастаған ыстық ауылға екінші рет бет алды.
Бір баласын ертіп, екінші баласын ішінде көтеріп келген келінді кім сыртқа тепсін, әлде қашан сабасына түскен ашулар мен айтылған басулар туралы ендігі жерде әңгіме етіп керегі де болмас, ағайын-туыстар қуанысып, той жасалып, елдің батасы алынды.
Бұл – бұрынғы майда колхоздар бірік тіріліп, «Ақжар» кеңшары құрылған кез еді. Жас келін 1950 жылы «Ақжар МТС-і» кезінде ашылған ауылдық ауруханаға медбике болып орналасты.
Ол уақыт жоғары білімді дәрігерлердің қат кезі. Медбике дегеніміз болмаса фельдшер мамандығы бар және оны еңбек тәжірибесімен мығымдаған жеңгеміз аурухананың абы ройлы дәрігерлерінің бірі болды. Кезінде бұл ашқан медпунктке бас сұқпайтындар ауруханаға келіп біраз ем-домнан кейін науқасынан құлан таза айыққан соң: «Әуелі Құдай, Люба келінге денсаулық берсін» дейтінді шығарды.
Я, осылай басталған еңбек жолында атқарып жүрген жұмысына тиянақтылығы, білімділігі мен өзі қалаған мамандығына деген сүйіспеншілігі кейіпкерімізді ұжымдас тар арасында үлкен беделге ие етсе, ағайын арасында алакөздік тудыра жаздап басталған өмір жолы кейінгі тағдырында ауыл халқының үлкен сый-құрметіне бөледі.
Ал енді бар ма?! Осының бәріне қол жеткізген тек өзінің ерік күші мен жасымас жігері дер едік.
Алдымен, 90 жылдық өміріндегі 70 жылға жуық уақытты бірге өткізген жары – Жәкеңмен арадағы үлкен махаббат, сарқылмаған сыйластық. Екінші ағайынды айтқанына көндіріп, ыммен басқарып отырған Жақыш әжеміз сияқты ененің алдында қарағайша шортсын бай, еменше иіле білуі. Содан кейін енді, келген жерінің өмір-тіршілігіне тез бейімделіп, жаңа жұртының тілін тез меңгеруі, салт-дәстүріне құрметпен қарауы, «ағайын тату болса – ас көп, абысын тату болса – ат көп» екенін білуі, еңбекшілдігі сияқты көптеген факторлар оны есіктен имене енген келіннен – ағайын-туысқа, абысын-ажынға айтары бар абыройлы ана деңгейіне дейін көтерді.
Осылай жинақталған өмірлік тәжірибесі отағасысы – Жәкеңнің қызмет бабымен көр шілес Чапаев атындағы колхозға партия ұйымының хатшысы болып ауысуына байланысты 1976-1978 жылдары сондағы медициналық пунктке меңгеруші болып келгенде де, Жосалы совхозына директоры болғанда 1978-1984 жылдар арасында өзі зейнетке шыққанша сол ауылдағы медпунктті басқарған кезде де ұжымдастары арасында абыройлы болып, атқарып жүрген қызметінде жақсы нәтижелерге қол жеткізуіне негіз болды.
Ел үшін еткен еңбегі үкімет тарапынан да еленбей қалған жоқ. Одақтық органдардан алынатын «Социалистік жарыстың жеңімпазы», түрлі деңгейдегі лауазым иелерінің қолынан алған Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары, «Еңбек Ардагері» медалі, тағы басқа көптеген мерекелік медальдер оның елге сіңірген еңбегінің бағасы болса, көп бала өсіріп тәрбиелегені үшін берілетін «Күміс алқа», «Алтын алқа» – отбасындағы, бала тәрбиесіндегі жемісті жылдарының көрсеткіші.
Шегебай ҚҰНДАҚБАЙҰЛЫ,
Қармақшы ауданының құрметті азаматы
20 сәуір 2025 ж. 330 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№28 (10396)

19 сәуір 2025 ж.

№27 (10395)

15 сәуір 2025 ж.

№26 (10394)

12 сәуір 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 618
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930