Есімі – ерекше жан
qarmaqshy-tany.kz ҚАҺАРЛЫ ҚЫСТЫҢ ДА ҚАЙРАТЫ ҚАЙТЫП, ӘЛЕМ КӨГІНДЕ ШУАҒЫ МЕН НҰРЫН ТӨККЕН КҮННЕН ЖЫЛЫ НӘР АЛҒАН ЖЕР-АНА БЕТІ БУСАНЫП, БАРША АДАМЗАТ КӨКТЕМГІ ТІРШІЛІК ҚАМЫНА КІРІСУДЕ. ҚАЗАҚ ХАЛҚЫ АТА-САЛТЫН ҚАТАҢ САҚТАҒАН ҚАСИЕТТІ ҰЛТ. АТА-БАБАМЫЗДАН АМАНАТТАЛЫП КЕЛЕ ЖАТҚАН ҚҰНДЫЛЫҒЫМЫЗ ҰРПАҚТАРЫМЕН ЖАЛҒАСУДА. СОНДАЙ ӘДЕП-ҒҰРЫПТЫҢ БІРІ – ДҮНИЕГЕ КЕЛГЕН СӘБИГЕ АТ ҚОЮ.
Атам қазақ балаларына қойған есімдерді жақсылыққа балап, оның болашағына әсерін тигізетіндей және туған күнін айғақтайтындай етіп таңдап қойған. Сондай есімнің бірі – Наурызбай. Ол бүгінде аудандық емханада ІІ санатты жалпы тәжірибелі дәрігері және онколог болып қызмет етіп жатқан жайы бар.
2007 жылы Омар Шораяқұлы атындағы №30 орта мектепті тәмамдаған Наурызбай Қаршығаұлы 2007 жылы Батыс Қазақстан Мемлекеттік медицина университетіне түсіп, оны 2015 жылы жалпы медицина дәрігері мамандығы бойынша бітіріп шығады.
Алғашқы еңбек жолын аудандық ауруханада бастаған ол бүгінде өзі таңдаған мамандығы бойынша аудан тұрғындарының денсаулығын жақсартуда абыройлы еңбек етіп жүр. Жас та болса ел алдындағы елеулі еңбектері үшін басшылық тарапынан біршама алғыс пен құрметке ие болуда. Наруызбай өзіне міндеттелген жұмысынан бөлек, ұжымның қоғамдық жұмыстарына да белсенділік танытып жүрген азамат.
«Мен дүние дидарын ашқанда есімімді өңірге танымал дәрігер, үш жүзге пір болған Марал ишан бабамыздың ұрпағы Әбілда Абдулхамитұлы Омаров атамыз Наурыз айындай жарқырап, айналасына шуағын шашып жүретін, Наурызбай батырдай қажырлы, қайсар батыр, елге жаны ашитын, қолдау көрсететін азамат болсын деп азан шақырып қойыпты. Міне, менің де биыл өмір есігін ашқаныма 32 жыл толды. Жас та болса осы аралықта әке-шешемнің арқасында орта, жоғары білім алып, бүгінде өміріме серік, бала кезден арман болған мамандығым бойынша елге қызмет етіп жүрмін. Емхана деген үлкен ұжымда өзімнің орнымды сайладым. Сондай-ақ, жас та болса мен қызмет ететін емдеу орнының есігін бірге ашқан Қасқыр Ермаханов қазіргі таңда реаниматолог, жансақтау бөлімінің меңгерушісі, Гүлзира Ержанова емхананың күндізгі бөлімінің дәрігері болып аудан тұрғындарына қалтқысыз медициналық қызмет көрсетіп, абырой биігінен көрініп жүр. Сонымен қатар, өмірлік серігім, Тереңөзектің тумасы Жансаямен 2 қыз тәрбиелеп отырмын», – дейді еселі қызметімен аудан тұрғындарының ықыласына бөленген дәрігер.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ