АРМАН...

Мен, өмірді шексіз сүйемін... Мен өзгелер сияқты бір сарындағы өмір жетегінде емес, толқыған өмір теңізінің толқынындай, жағаға бір ұрылып, басылып, қайта толқып, дамыл таппай, ағысқа қарсы жүзген жанмын. Тағдырым талайға мәлім. Тулаған тағдырымның ішінде қуаныш та, өкініш те, жұбаныш та бәрі бар.
Жалындаған жастық шағымның 20-сында үлкен өмірге аяқ басып, отбасы болып, шағын мемлекет құрып, өмірлік серігім, тағдыр қосқан қосағыммен өзгелер секілді өмірдің ащысы мен тұшысын бірге көріп, ел қатарлы өмір бастадық. Мен екі жыл Алматы қаласында оқу оқыдым. Ол Байқоңырда жұмыс істеді. Отбасылық өмір тек менің каникулымда ғана сезілетін. Араға уақыт салып, ата-ана атандық. Алла аманат етіп Аяулым есімді ару қызды сыйлады. Мен оқуымды аяқтап, құшағымда қуыршақтай қызыммен жүріп, диплом алып, ауылға жұмысқа орналастым. Өзім білім алған қарашаңырақтың ұстазы атанып, сол жылы кең үйді де, көңілдегі көлікті де алдық. Жалпы армандар орындалды.
Қызымның қылығын қызықтап, өскенін де байқамай қалдық. Жолдасым отбасында жалғыз ұл еді. «Ұл» туралы әңгіме көбейді. Алла бізді бұл жолы да құр қылмай, құрсағыма ұл берді. Жүктілік ауыр өтті. Бірақ, оңашада қиялдап, Аяулымға ұқсатып, есімін Арман деп қоямыз дейтін едік. Сол қиял қиындықтың бәрін жеңуге кішкене де болса, қараңғыда сәуле секілді үміт еді. Уақыт зулап, декреттік демалыстың уақыты да таяп, тексеруден өткенімде дәрігерлер көңілге қонар ештеңе айтпады. Сары уайымға салынып, емханадан көз ашпай, шаршап жүргенімде түс көрдім. Түсімде бір іс көрдім. Түсім екен, тұрып жатқан үйіміздің ауласына еңселі, қаһары суық, тау тұлға бір батыр секілді ақ сақалы бар аттылы ата келді. Ол келгенде дауыл тұрып, найзағай соғып, дала алай-дүлей болды да қолыма күрек ұстатты. Күректі ала беріп едім, күрек қақ ортадан шорт сынды. Мен аң-таңмын. Әлгі кісі артына қарап, еріп келген адам қарасы көп-ау шамасы, күбірлеп, артындағы адамдардан алып, екі күрек берді де көзден ғайып болды. Шошып ояндым да сәуегей құсап өзім жорып, ішім бір жамандықты сезіп, не болса да төзейін, артының қайыры болар деп, әдетімше дәрігерге тағы бардым. Айтқаным айдай келді. Дәрігер «Ауруханаға жатасың, дереу босануың керек, өз өміріңе қауіп басым» деп, жедел дәрігерлер жиын жасап, Жосалыға жіберіп, қолдан толғақ шақырып, босандырып алды. Ол кездегі жанымның ауырғаны, жасалған ем-домның ауырлығын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес еді. Тек мен ертеңімді ойлап, кішкентай қызымды ойлап, сол үшін аман қалайыншы деп шыдап бақтым. Дәрігерлер жансыз баламды маған көрсетпей алып кетіп «үйіңдегілерге айт орайтын ақтық әкелсін, атын қойып жерлесін» деді. Көзімнен аққан жас көлдей болды. Жаным шығып кетердей, соңғы демім шығар деп құр сүлде жата бердім. Жолдасым болса, көз жасын көрсетпей «бізде бәрі жақсы болады, атын Арман деп қоямыз» деп қана, сәбиін сәндеп, әндетіп шығарып алудың орнына ақтыққа орап, бауыр еті баласын құшағына қысып кете барды. Ауруханада аңырап мен қалдым. Ол Арманын жерлеуге ауылға асығып қайтып кетті.
Біршама өмірмен қоштастым да қарағы ойдың түбіне де кеттім. Ертеңгі күні бір ақкөңіл мейірбике келіп «кеше сенің балаңды жуындырдым. Аппақ, әдемі екен. Ұйықтап жатқан кәдімгі бала сияқты» демесі бар ма? Жүрегім тоқтап қалды. Түні бойы жоғарыдан перзентханадан жылаған баланың дауысы құлағыма келіп, аналық сезім қойсын ба шіркін, көзімнің жасы тыйылмай, көкіректен шыққан сүт, өз сәбиін аңсаған жас анаға ес жиғызбай, ұйқысыз таң атырып, болмаған соң, ауруханадан бас тартып шығып кеттім. Бұл жағдай үйге келген соң да басылмады. Қызымды құшақтап, тәтті қылықтарына қарап, неше түрлі ойдың жетегінде жүріп, 40 күнге жуық демалып, емделіп, жұмысқа қосылып кеттім. Содан кейін нәзік жүректе қорғасындай қатты, ауыр қасиет пайда болды. Көңілімде орны жазылмастай жара қалды. Мені Алла сынағанда да осылай сынады.
Өмір жалғасты. Сол кездегі түсім айна қатесіз келді-ау. Өмірге артынша Даниялым, араға 6 жыл салып Димашым келді. Аллаға шүкір, жан жарасын жазсын деп Алла дүниемен де алдап қояды, мен де алданып қала саламын. Күйбең тіршілік көз алдымызда сырғып жатыр. Кейде балаларды үлкен атаәжесінің қабіріне зиярат етіп, Құран оқуға алып барамыз. Сол кезде кішкентай қабірді көріп, қызымның көңілі босап, көрмесе де кішкентай бауырының қабіріне барып, жылап қалады. Әкесі екеуміз де көз жасымызды көрсетпей, теріс қарап, сүртіп аламыз. Екі ұл әлі кішкентай ғой, олар ештеңені түсінбейді. Сол Арманым аман болғанда 10 жастан асқан ойын баласы болар еді... Амал қанша, үлкен ата-әжесінің қасында кішкентай төмпешік болып қана жатыр. Бәлкім сезер, бәлкім сезбес, періштем менің қасымда жүрген шығар... Аналық жүрегім оны бір сәтке де ұмытқан емес, жүректе бәрі сайрап тұр...
Білуімше жас шетінеген сәби ата-анасының жұмаққа баруына жол болады дейді. Кейбір кітаптарда сәбиі шетінеген анадан қияметте сұрақ-жауап алуға ұяламын, себебі, бұл ана үшін ең ауыр сынақ деп те жазылған. Кейде жаным қиналғанда осы өмірімнің соңы шығар, бүйткен өмірің құрысын деп пендешілікке салып, өмірмен қоштасып, мен кетсем, әкесі өзі балаларына қарайды, Аллаға аманат етемін де, ел бар, жұрт бар, ағайын бар, туыс бар өлмес, қалғанын анау ауылда жатып, өзім реттермін. Артымда аман қалса болар. Ал мен жанымды қинамай, Арманымды қолыма алып, сол бір аналық махаббатымды көрсетіп, сағынышымды басып, жердің астында жатайын деп, Қожа сияқты «өлген адам сөйлемейді» дегендей, құр қиялға ерік беріп, жолсыз, жөнсіз кететінім бар. Қайтейін, жұмыр басты пендемін ғой мен де... Бірақ мен осынша қиындықтарға қарамай, қасқайып қарсы жүріп келе жатқаныма өзім таң қаламын. Бұл сынақтар мені керісінше, ақылды, мықты, дана етті. Жалпы жеке тұлға болып қалыптасуыма көмектесті. Мүмкін, мұндай жағдай басқа да жанның басында да болған шығар, болатын шығар. Бірақ, мен бұл сынақтың ешбір әйел затының басына бермеуін тілер едім.
«Көре-көре көсем боласың, сөйлей-сөйлей шешен боласың» дегендей, мен оқи-оқи ғұлама болуға айналдым. Сәуегейлігім ұстап, кейде жұртқа ақыл айтамын. Бір түйгенім, өмір соңында барлық пенде «Махшар» алаңында кездеседі. Мен сол кезде кішкентай Арманымды бар махаббатыммен құшақтап, аналық сағынышымды басамын. Біз бір-бірімізді көрген жоқпыз, дегенмен аналық жүрегім оны алыстан танитынына сенімдімін... Ал қазір, өмір жалғасуда. Жалғанның жаныма сыйлар тағы қандай тосынсыйлары бар екенін кім білсін? Өмір сүру керек. Бәрі де өтпелі, бәрі де уақытша... Бұл өмірдің емтиханын дұрыс тапсырмай, ол өмірден өтуге болмайды. Сондықтан әр күнімді әсемдеп, әр сәтінен қуат алып, бүгініме шүкір деп, ертеңіме еркелеп қарап, алдағы өмірімді Аллаға аманат еттім...
Гүлнұр БЕКТҰРАРҚЫЗЫ
18 сәуір 2025 ж. 328 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№28 (10396)

19 сәуір 2025 ж.

№27 (10395)

15 сәуір 2025 ж.

№26 (10394)

12 сәуір 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 617
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930