» » ӨНЕГЕ ІЗІ ӨРГЕ БАСТАЙДЫ

ӨНЕГЕ ІЗІ ӨРГЕ БАСТАЙДЫ

Әсілінде, адамның жақсы тәлім-тәрбиесі адамгершілікке жетелесе, ақ-адал еңбегі абыройға жол салады. Тағдыры қиын-қыстау уақытқа сай келсе де маңдай тер, табан ет ақысымен өмір желкенін алға керген жандар өңірімізде де аз болмаған. Сондай еңбекпен абырой биігіне көтеріліп, сый-құрметке бөленген жерлесіміздің бірі – Нұртай Штатбаев ағамыз.
Әлқиссамызды әріден бекерге бастамадық. Өткеніміз жас ұрпаққа тарих секілді көрінгенімен, онда ата-бабаларымыздың сан тарау жолы сайрайды. Оның ішінде адамзатқа алапат шығын әкелген соғыс жылдарында майдан даласымен қатар, тылда да қызу еңбек жүріп, жеңісті күндерді жақындатқаны белгілі. Ағамыздың балалық шағы осы аты зілман тартатын соғыс жылдарымен тұспа-тұс келді. Ол сол кезеңде ауыртпалығы зор еңбек санаты саналатын теміржол саласына өзі сұранып келгенде, жасы небәрі 14-те екен. Бұл соғыстың жан алысып, жан беріскен 1944 жылы. Жасөспірім өзінің табанды мінезімен, өршіл қағидаларымен үлкен өмірге қадам басқанда да, осы тұғырынан таймады. Одан соңғы еңбек үдерістері теміржолдың «ПЧ-12» бөлімшесінде тексеруші, бригадир қызметтерімен астасып отырды.
Теміржолдың жауапкершілігі сырт көзге елеусіздеу көрінгенімен, сол саладағы мамандар мұндағы жұмысты жақсы біледі. Қателесуге, мүлт кетуге болмайды. Темір тәртіп, қатал талап. Бірде ол жұмыс барысында бастан кешкен оқиғасын замандастарына баяндап бергені бар.
«Қиын кезең болды, жауапкершілік одан да көп болды, рельстердегі байқалмайтын, тіпті шамалы жарықшақты да жіберіп алмау керек еді. Бір күні мен рельстерде жарықшақты көрдім және дер кезінде хабарладым. Арнайы бригада рельстерді ауыстырып үлгерді. Тағы бірде, біз теміржол ақауларын қарап жүріп, салмағы шамамен 70-80 келі тартатын оқ жасауға арналған үлкен дөңгелек қорғасын тауып алдым, әскери пойыздан түсіп қалған болар деп ойладым. Сол қорғасынды І разъезд аумағынан рельстің үстімен домалатып жеткізіп, Жосалы депосына тапсырдым» дейді.
Ағамыз заман талабына сай білім алуды естен шығармай, Ақтөбе теміржол көлігі техникумы жанындағы техникалық мектебінде білім алды. Енді жас азаматтың еңбекке деген қызығушылығы бұрынғыдан да арта түсіп, Орынбор теміржолының (Жосалы бөлімшесі) Ордазы каръеріне баратын жолында теміржол бригадирі, тепловоз машинисі болып жұмыстар істеді. Осы тұста еңбектегі екінші тынысы ашылып, 1954 жылы Орынбор теміржолының Ордазы балласты каръерінің экскаватор жүргізушісінің арнайы курсында оқып, экскаватор машинисі мамандығын алып шығады. Түрлі техниканың тілін меңгерудің шебері 1955-1961 жылдары Чкалов облысына қарасты Павлов ауданы Қарғалы машина-трактор стансасында, кейін Жосалы стансасының Ордазы каръерінде орналасқан No01086 әскери бөлімінде экскаватор жүргізушісі болып еңбек майданын қыздыра түседі. Қай жерде болсын білікті маманға сұраныс күн тәртібінен түсіп көрген бе?! Әріптестерінің арасында беделі мықты маманға басшылық тарапы сенім артып, 1961 жылы «Қызылордасуқұрылыс» тресіне қарайтын No30 жылжымалы механикаландырылған колоннасы (ПМК-30) Қармақшы экскаватор бөлімшесінің аға экскаваторшысы етіп жоғарылатады. Ол бұл сенімді табаны күректей 30 жыл бойы ақтап, 1991 жылы дербес зейнеткерлік демалысына шыққанға дейін адал атқарып келді.
Бір айта кетерлігі, «ПМК-30» аудан шаруашылықтарына су жолдарын дайындау және егістік жерлерді тегістеу үшін құрылған механикаландырылған құрылыс колоннасы болды. Дәл сол уақытта құрылыста экскаватор, бульдозер, скрепер техникасының тілін білетін маман болмады. Осы бір шақта жаңа техниканың тетігін меңгерген Н.Штатбаев көмекке келді. Жаңашылдықтың аты – жаңашылдық. Іс бастап кету де жеңіл емес. Соған қарамастан ол күріш алқаптары мен жайылымдарды, сонымен қатар шабындықтарды игеру – маңызды екенін түсінді. Онымен бірге еңбек бастағалы тұрғандар ауа райының ыстық-суығына қарамайтынын, уақытпен санасуға болмайтынын білді.
Нұртай ағамыз жұмыстың ауқымына қарап, құрамы 5 адамнан тұратын бригада құрып, ізбасарларын техниканың сырын меңгеруге баулыды. Жұмыс тәжірибесінде көрсетіп те, тыс кезде әңгімелеп беріп те қызықтырып отырды. Болашағын техникаға байлаған Өтеш Құдайбергенов, Қазақбай Қорғанбаев, Батыр Тоқманбетов, Балабек Штатбаев, Алтынбек Жүсіпов сынды шәкірттері өз алдына бригадалар құрды. Экскаваторшының шәкірттері ұжымның мақтанышына айналды, халыққа танылды. Нұртай Штатбаевтың ұлдары Ақылбек пен Бердібек әке жолын қуып, жемісті еңбек етті.
– Ағамыздың туған жері – Ақтөбе облысының Ырғыз ауданы. Мен ол кісіні «Жер-Ананың инженері» деп атайтын едім. Егер Нұрекеңнің өмір тарихын образдап жеткізер болсақ, нағыз еңбек адамы деуге болады. Ол қоғамдық жұмыста да, еңбекте де айтар ой-пікірі бар, өзінің адал да тәртіпке бағынғандығымен ерекшеленетін. Сонысымен елге өнеге бола білді. Қиын- қыстау уақыт оның басынан сипамады. Соғыс кезінде теміржолға өзі сұранып жұмыс істеді. Белі қатпаған баланың балалық шағы қиын кезеңдерден өтті. Дегенмен, оған мойымай, өміріне жауапкершілік алды. Ол қай салада жұмыс істесе де адалдығының арқасында абыройға кенелді. Алғашында теміржолда, кейіннен ауыл шаруашылығы саласында жұмыстар жасады. Соғыстан кейінгі ауылшаруашылығын дамыту жұмыстарында ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсарту басты орынға қойылғаны белгілі. Оның ішінде егін шаруашылығын жүргізу арнайы техникаларсыз елестету мүмкін емес-ті. Осындай сәтте Нұрекеңнің ұйымдастырушылық қабілеті, еңбекке деген ерік-жігері ұжымдағы әріптестері мен жастарға серпін беріп, жоғары жетістіктерге жетеледі. Техниканың тілін жетік білетін білікті маман күріш алқаптарын суару үшін арналармен қамтамасыз етуде қажыр- қайрат көрсетті. Экскаватор машинисі болып 30 жылдан аса жұмыс істеген азамат аймағымыздың, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық да- муына өлшеусіз үлесін қосты, күріш алқаптарын суару және аумағын ұлғайтуда жол-канал салу арқылы ауыл шаруашылығы дақылдарынан тұрақты өнім алуға мүмкіндік жасады. Оның кадр дайындаудағы еңбегі бір төбе. Арал, Жаңақорған, Шиелі аудандарында да еңбек ете жүріп, ауыр техниканың сыры мен қырын үйреткен шәкірттері аз емес. Туған бауыры және екі баласын да техникаға үйретіп, соңынан ілестірді. Олар Жер-Ананың бауырын игеруде сағатпен санаспай еңбек етіп, шаршауды білмеді. Озат маманның еңбек жолы, кәсібіне деген сүйіспеншілігі мен ізденістері, әріптестері мен туыстарына деген қамқорлығы – оның жаратылысынан үлкен адамгершілік иесі екенін танытады, – деп еске алады Қармақшы ауданының құрметті азаматы Жақсыбай Малбағарұлы.
Нұртай Штатбаев еліміздің әлеуметтік- экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар жоғары марапатқа ие болды. Атап айтсақ, 1954 жылы жол шаруашылығы және жол көлігі саласындағы елеулі еңбегі үшін Қатынас жолдары министрлігінің «Үздік теміржолшы» төсбелгісімен марапатталса, 1975 жылы «Құрмет белгісі» орденімен, 1970 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен мадақталды. Сондай-ақ 1966 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасы табысталса, 1969 және 1974 жылдары 2 мәрте КСРО Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің қола және күміс медальдерін жеңіп алды. Одан бөлек, 4 мәрте Социалистік жарыстың жеңімпазы, 3 мәрте «Бесжылдықтар үздігі» деп танылды. Ал 1980 жылы «КСРО Су шаруашылығы министрлігінің үздігі» белгісін кеудесіне тақты. 1969 жылы «Облыстың үздік құрылысшысы» атағын алып, аудан мерейін үстем етті. 1985 жылы «Еңбек ардагері» медаліне ие болды. Ұзақ жылдар ел әлеуетінің нығаюына үлес қосқан азамат 1991 жылы дербес зейнеткерлік демалысына шықты.
Биылғы жыл Мемлекет басшысының бастамасымен «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланды. Бұл бастаманың астарында қарапайым еңбек адамдарына, жұмысшыларға деген құрмет жатқаны сөзсіз. Саналы ғұмырын еңбекке арнаған адамның өмірден бақыт табатынының айқын көрінісі деп ағамыздың еңбек жолын анық атай аламыз.
«Өмірдің қуанышы мен қайғысы қатар жүреді» демекші, өкінішке қарай ағамыз 1992 жылы дүниеден озып кете барды. Ол саналы ғұмырында жан жары, адал серігі болған Жібек Кәриқызымен өмірге 5 бала әкеліп, оларға ұлағатты тәрбие берді. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырды. Бүгінде ерлі-зайыптының өңірінен тараған ұрпақтары сан салада қызмет етіп, мемлекетіміздің гүлденіп-көркеюіне атсалысып жүрген мамандар. Бір сөзбен айтқанда, ағамыздың әулеті бір қауым елге айналған. «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» дегендей, олар әркез ата-аналарының өнегелі өмір жолын өздеріне үлгі тұтады.
Сәрсенкүл АҚКІСІ
12 сәуір 2025 ж. 332 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№26 (10394)

12 сәуір 2025 ж.

№25 (10393)

08 сәуір 2025 ж.

№24 (10392)

05 сәуір 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 598
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930