» » Қазыналы қария

Қазыналы қария

qarmaqshy-tany.kz КӨП ЖАСАҒАН ҚАРИЯ – САРҚЫЛМАЙТЫН ДАРИЯ. АУДАНЫМЫЗДА ЖАСЫ 90-ДЫ ТОЛТЫРЫП, 100-ГЕ ЖАҚЫНДАҒАН ТЫЛ АРДАГЕРЛЕРІ КӨП ЕМЕС. ӘЛБЕТТЕ ЖАСЫ ҮЛКЕН КІСІЛЕРДІ СЫЙЛАП, ОЛАРДЫ ҚЫМБАТ ҚАЗЫНАҒА ТЕҢЕП ЖАТАМЫЗ. КӨКТЕМНІҢ ШУАҚТЫ МЕРЕКЕСІНДЕ ҚАРТТАРЫМЫЗДЫҢ ҚАДІРІН ЕСЕЛЕЙ ТҮСІП, ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА ҚАРТ ӘЖЕ-АПАЛАРЫМЫЗБЕН СӨЙЛЕСІП, ДИДАРЛАСҚАН ЕДІК.
Әулетінің саялы бәйтерегі, береке-бірлігінің ұйытқысы болып отырған Арзанкүл Мырзалиева 1930 жылдың 10 қыркүйегінде Майлыбас стансасында дүниеге келген. Молотов атындағы мектепте 8 жылдық білім алады. Өмір жолында аудандық ОРС-НОД 12 мекемесінде дүкенші, одан кейін нан жіберуші болып еңбек етеді. Өзі тыл ардагері. Соғыс жылдары тылда жүргендер де майданмен үндесіп еңбек еткені белгілі ғой. Әжей де қарапайым дүкеншіліктен бастап қойма меңгерушісі, әріден соң наубайхана меңгерушісі болады. Осы қызметті зейнеткерлікке шыққанша алып жүреді.
Айберген есімді азаматпен қол ұстасып, отбасылық өмірге қадам басады. Жолдасы ұзақ жылдар электр стансасында еңбек етіп, 2001 жылы өмірден озады. Бүгінде Арзанкүл әжеміздің жасы 93-те. Әлі де болса тың. Құлағы сақ, көзі де жақсы көреді. Теледидар мен газеттегі жаңалықтарды қалдырмай оқып, қарап отырады. Әжеміздің ойы анық, сөзі жітік.
– Біз еңбекке ерте араластық. Соғыс жылдарын да көрдік. Қазір бәрі ертегідей, тарих болып өткен күндердің еншісінде қалды. 2 қыз, 1 ұл өсірдік. Үлкен қызым Гүлшат былтырға дейін аудандық емханада медбике болып еңбек етті. Қазір зейнеткерлік демалыста. Одан кейінгі қызым Шәмшат Қызылорда облысы әкімдігінде аудармашы қызметінде. Ал қолымдағы ұлым Асқар аудандық прокуратурада күзетші болып еңбек етуде. Келінім аудандық емханада №9 аймақтың балалар медбикесі. Осы екі қыз бен бір ұлдан тараған 8 немере мен 10 шөберенің ортасында солардың амандығын тілеп отырамын, – дейді әжей.
Арзанкүл әже өткен өміріне үңіліп, ғұмырын еңбекпен өрнектегеніне шүкіршілік етеді. Қазіргі бейбіт өмірге әжейдің көңілі тоқ. Иә, бүгін біз бейбіт елде өмір сүріп жатырмыз.
«Қарты бар үйдің қазынасы бар» дейді дана халқымыз. Қариясы бар шаңырақтың ырысы артық, несібесі мол, қарт кісілердің отырған үйінде береке-бірлік болады. Үлкен кісі бар үйде жас балалар зерек, ақыл-ойға да қанық өседі. Қарттарын құрмет тұтып, ақсақалдарын ардақтай білген елдің баласы өткенді бағалауға, бүгінін саралауға құмар болады. Әжейден тараған ұрпақтар да сондай болып ер жетіп келеді.
Қадірлі қария атану да үлкен бақыт. Қарттықтың шуақты сәтін сезініп, айтулы асыл қасиеттерін бойына сіңірген ата-әжелеріміздің қоғамдағы рөлі қашанда зор болып қала бермек.
Ақнұр ЕРДҮЙСЕНҚЫЗЫ
25 наурыз 2023 ж. 488 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 363

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 442

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930