Тыл ардагерлерін мерекемен құттықтады
qarmaqshy-tany.kz Бүгінгі күннің батыры кім десе, ойланбастан Ұлы Отан соғысының ардагерлері дер едік. Ел басына қара бұлт үйірілген қиын-қыстау заманда қолына қару алып, болашақ ұрпақ үшін қан майданда от кешкен арыстардың алдында мәңгілік қарыздармыз. Біз оларға қаншалықты қамқорлық көрсетсек те аздық ететіні белгілі. Ардагерлерді ардақтап, қарттарды құрметтеу – қанымызға сіңген үрдіс.
9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні мерекесі қарсаңында аудан әкімі Жандос Еркінбек тыл ардагерлері Жақайым Ақболтаев, Молдабек Көбеев, Манат Сейдахметовалардың отбасында болып, айтулы мерекемен құттықтады.
Тыл ардагерлерінің шаңырағында болған аудан әкімі «Жеңіс символы» лентасын ардагерлер омырауына тағып, құттықтау хат беріп, сый-сияпат табыстады.
Сұрапыл соғыс жылдары тылда қызмет еткен еңбеккерлердің еңбегі мен жеңісті жақындатуға қосқан үлесі аз емес. Олар майданға аттанған әскерлердің ас-суын, киім-кешегін уақытылы жеткізумен қатар, ауылда қалған үлкен кісілер мен шиеттей балашағаның қамын қоса арқалап, тылда толассыз еңбек етті. Олар осы уақытқа дейін «соғыс жылдарында еңбек еттік, жоқшылық көрдік, жан азабын тарттық» деп кеудемсоқтанып, ешкімге міндетсінбейді. Керісінше, қара жұмысқа жегілсе де, саналы ғұмырын бүгінгі толқынның болашағына сарп еткеніне еш өкінбейді.
Мерекеде сый-құрметке бөленген қарияларымыз аудан әкіміне және бірге құттықтап келген азаматтарға шынайы алғысын білдіріп, қызметтеріне абырой тілеп, ақ баталарын берді.
Ақнұр ЕРДҮЙСЕНҚЫЗЫ