» » ҰЛТТЫҚ ОЮДЫҢ ҰЛАҒАТЫ немесе ОЮ МӘНІН ҚАЛАЙ ТҮСІНІП ЖҮРМІЗ?

ҰЛТТЫҚ ОЮДЫҢ ҰЛАҒАТЫ немесе ОЮ МӘНІН ҚАЛАЙ ТҮСІНІП ЖҮРМІЗ?

Соңғы уақытта ұлттық құндылықтарға құрметіміз күшейіп, қазақы ою-өрнек қолданысқа көптеп еніп келеді. Бұл – қуанарлық жайт. Тіпті биыл жаңажылдық шыршаның төбесіндегі жұлдыздың орнына қазақы ою қойылды. Сонымен қатар кентіміздегі орталық алаңдағы кіреберіс арканың қазақы нақышта жаңартылуы көптің көңіліне қуаныш сыйлады. Одан кейін Наурыз мерекесінде баршамыз ұлттық киім кидік. Сол сәтте байқаған дүниеміздің бірі – жұрт көңіліндегі жылылық.
Жадыраған көпшіліктен ұлттық құндылыққа деген ерекше сағынышты аңғарғандаймыз. Бұлай дейтініміз, біз өмірі оюмен өрнектелген, құндылыққа құрметпен қараған ұлттың ұрпағымыз ғой. Бір уақыттарда саясаттың салдарынан құндылықтан қол үзіп, арамыз алшақтап кеткен-ді. Бойымыздағы бір құдірет осы ұлттық нақышты аңсайтын секілді. Қанша заманауи боламыз десек те, біздің рух, біздің болмыс ұлттық діңімізге қарай ойыса бермек. Біздің оюға құмартуымыздың сыры осында болса керек. Ендігі мәселе, оюдың мәнін түсініп, мағынасымен қолдана білуде. Тақырыпты толығырақ тарқатып, саралап көрсек.
БАБА ДӘСТҮРІНІҢ БӨЛШЕГІ
Ұлт мәдениетінің эстетикалық мәнін айшықтайтын қазақтың ою-өрнегі. Қанша ғасыр өтсе де ұлттық санамызбен біте қайнасып кеткен нақышты ою-өрнектер баба дәстүрінің балталаса бұзылмайтын бөлшегі.
Ою-өрнек – әлемдегі барлық халықтың ішкі мәдениетін көрсететін элементтердің жиынтығы. Көне замандарда қалыптасып, бүгінге дейін өз қасиетін жоғалтпай жеткен ірі мәдениет үлгісі. Халық арасындағы шеберлер сәулетті ғимараттар мен киімкешектерді, қару-жарақты, тағы басқа толып жатқан тұрмыста тұтынатын бұйымдарды зерлеп, әшекейлеп отырған. Төзімділік пен сұлулықты қажет ететін бұл саланың даму барысында әр дәуірдің өз таңбасы бар. Оның үлгісінде әр халықтың ерекшелігі, тарихи келбеті айқын танылады. Ол қазақ халқының ауыз әдебиеті секілді мәдени шежіре.
Ою-өрнектің мыңжылдықтар қойнауында жатуының сырын көне әшекей бұйымдардың сан мыңдаған түрлерінен көруге болады. Әрбір өрнектің өзіндік атауы мен мәнмағынасы болғанын да үлкендеріміздің аузынан жиі естіп қалатынымыз бар. Міне, біздің ұлылығымыз осындайдан аңғарылады.
Кешегі кимешек киген әжелердің, орамал таққан аналар мен келіндердің қолынан шыққан ою-өрнектер қиялдың ұшқырлығын байқатады. Бір ғана оюдан қазақтың тарихын сезінуге болады. Ұлт болашағын ойлаған әрбір ана қыздарына жас күнінен қолына ине-жібін, тоқыма бізін ұстатып, шеберлік сабағын өткізген. Міне, қыз тәрбиелеудегі басты қағида осыдан бастау алған. Бұл – бүгінгі қыздың ертеңгі ибалы келін, асыл жар, аяулы ана атану жолындағы үлкен мектеп. Қолдан жасаған бұйымдары арқылы қыз баланың мінезі аңғарылып тұрады деген пікір де өте орынды айтылған. Себебі, қолөнер бұйымдарының қайқайсысын алып қарасақ та, арнайы өлшеммен пішіліп, бұрыштарының бірдей болуы тікелей ананың еңбегі екенін аңғаруға болады. Өткен заманда қазіргідей сызғыш, қарындаш сынды құралдарды пайдаланбаған. Осы тұстан біз математикалық-геометриялық ойжелісімізді де терең білгендігімізге көз жеткізе аламыз. Жалпы, ою-өрнек математика сабағы сияқты. Дәлдік, есеп, теңдік, теңеу амалдарын меңгерген абзал. Оған сән мен көркемдікті қосыңыз. Адамды икемділікке тәрбиелеп, дәлдікке баулиды. Әрине, бұл ойдың да өзіндік астарлы мәні бар. Бір оюға қарап отырып, оған неше түрлі теңеу тауып, бірнеше ой қосуға болады. Қазақтың ою-өрнегі бейнелеу өнерінің сәндік үлгісі ғана емес, ол философиялық терең мағынаға негізделген.
Дала тылсымын танып, табиғатпен етене үндескен бабаларымыз жазусызу ды танымай тұрып-ақ, ою-өрнекті хат, қарым-қатынас құралы ретінде пайдаланған. «Өткірдің жүзі, кестенің бізі – өрнегін сендей сала алмас» деп жырлаған Абай сөзінің мәні өте терең. Білген адамға әр ою-өрнектің айтары, мәні, ұғымы тасқа жазған хаттай айқын. Ұлттық нақыштағы оюлы киім сол ұлттың қанымен біте қайнасып кеткендіктен киген бойда рухыңды оятып, ұлттық болмысыңды айқындап тұрады. Кейбір елдердің Президентіне дейін өз ұлтының киімін үнемі киіп жүретіні де сол.
Шетелдік ғалымдардың «Қазақтар ою-өрнек әлемінде тұрады» деп баға беруі бекер емес. Тіршілігі төрт түлікпен тікелей байланысты көшпелі халқымыздың мал – кисе киімі, ішсе тағамы, мінсе көлігі болған. Олар мал жүнін иіріп киіз үй жасауларын, киімдерін тоқыған, ал сүйегінен, мүйізінен немесе терісін илеп күнделікті тұрмысқа қажетті заттарын дайындаған. Тіпті, малмен байланысты ұғым-түсініктерін ою-өрнектер арқылы бейнелеп отырған.
Ою-өрнектің сырын жазбай таныған халқымыз қыздың қолындағы білезікте бедерленген өрнегіне қа рап, оған құда түскен-түспегенін біл ген. Сондай-ақ ұзатылған қыз жасауына ою-өрнекті көрпе, жастық, текемет, сырмақ беруі де тегін емес. Ұзатылған қыз төркініне ою-өрнек салып тұскиіз, құрақ көрпе арқылы сәлемдеме жіберіп, өзінің хал-ахуалын білдіретін болған. Тұскиіздің оюы қоңыржай түспен шым-шытырық, құрақ көрпе өте ұсақ болып құралса, «қыздың тұрмысы мәз емес, қиналып жүр» деп ұғады. Ою-өрнектері көкке өрлеп, ашық түсті ақжарқын болса, «теңін тауып бақытты ғұмыр сүріп жатыр екен» деп қуанатын болған. Алыс жолға, аңға, жаугершілікте жүрген азаматтар да орамалға өрнек салу арқылы жағдайын жеткізіп отырған. Орамал сыйлау ғұрпының мәні де бірін-бірі орамалдағы кестелі өрнек арқылы түсініскен.
ТҮРЛЕРІНЕ ТОҚТАЛСАҚ
Ою-өрнектердің түрлері, түстері мен бояулары тым ерте заманнан бастап-ақ қолөнердің барлық түрінің негізі болып келеді. Қазақ оюлары мазмұны жағынан үш түрлі ұғымды бейнелейді. Бірінші – мал шаруашылығы, аңшылық. Екінші – жер-су, табиғат, көшіп-қону көріністері. Үшінші – күнделікті тұрмыста, өмірде кездесетін түрлі заттардың бейнесі. Қазақ ою-өрнекті кез келген адамға «мәні жоғалады» деп ойғызбаған. Оюшы шеберлер іске беріліп, жұмыс әдісіне төселе келе өздерінің көрген ою-үлгілерін өзгелерге жасап, оюға өз бетімен жаңа түрлер енгізу арқылы халық арасында «оюшы» атанған. Әрбір елде, әрбір руда атағы шыққан таңдаулылар болған. Ою ойған адам әр саладан хабары бар шебер болуы керек. Ондайлар өз өнерінің тамаша үлгісін өзінің руына, маңайындағы елдерге таратып, әртүрлі ою-өрнектерде, киімдер мен кілемдерде, сырмақтар мен кестелерде: «арғын үлгісі», «керей үлгісі», «ұлы жүз үлгісі», «орта жүз үлгісі», «кіші жүз үлгісі» деген мәнерлер жасаған.
Қазақтың оюлары үш пішінде салы нады: шеңбер, үшбұрыш, шаршы.
Оюдан, көбінесе, үш пішінді жиі кездестіреміз. Шеңбер дегеніміз – күн, жер. Шаршы – төрт құбыла. Қазақта «Төрт қабырғасы тең болсын», «Төрт құбыласы тең» деген сөз бар. Жер бетінде бәрі тең. Онда бос кеңістік болмайды. Шексіздік – өмір мен өлім, күн мен түн, жақсы мен жаман, ер мен әйел бір-бірін толықтырып, тұтастықты құрайды. Өмірдің ақ пен қарасындай бірінен-бірі ажырай алмайтын егіз ұғым. Сол сияқты шаршы өрнегі дүниедегі жамандық пен жақсылықтың жеңісін, күн мен түннің теңелуін, жаз бен қыстың алмасуын білдіреді. Осының бәрін қазақ оюынан кездестіре аласыз. Қазақ ою-өрнегі қошқармүйіз түрінен бастау алатындықтан қандай ою түрін жасағанда да осы ою түрі басты көрініс табуы қажет. Ою атасы – қошқармүйіз бастаған өрнек түрлері бір-біріне үйлесе сән бере бірігіп, жымдасып, байланыс пен сәндік тауып ою түрін әрлендіре түседі. Ата-бабаларымыз осындай өнер түрін өзінің шырқау шыңына жеткізе білген.
ОЮДЫ ОРНЫМЕН ҚОЛДАНСАҚ
Кейінгі жылдары ұлттық киім кию үрдісі кеңінен етек жайғанымен оюдың мәнін, қолданатын орнын түсінбей жүрген секілдіміз. Ұлттық киімді заман талабына сай тігуге ұмтылған дизайнерлер оюдың мән-мағынасына үңілместен, оңдысолды орынсыз қолданып жүргені жасырын емес. Текеметке, қоржынға, сырмаққа салынатын оюлар ды үстімізге жап сырсақ да мәзбіз. Бастысы ұлттық оюды қолданысқа енгізіп жатыр ғой деп өзімізді ақтап алғымыз келеді-ау. Алайда ұлтқа деген құрмет бұл нем құрайлықты көтермейді.
Ұлттық ою-өрнектердің әр иірімі нің өз орны бар. Мәселен, бас киімге арналған оюды аяқ астына салынатын текеметке ешқашан қолданбаған. «Су өрнегі», «ирексу» немесе «ирек» түрінде келетін ою түрін әйелдер көбінесе киімнің шет тұстарына, бас киімнің жиегіне, бешпет, камзолдардың жағалары мен жиектеріне пайдаланған. Бас киімге, камзолға, шапанға салынатын оюларды балаққа немесе етікке салуға болмайды, абыройы аяқ асты болады деп сенген. Ата-бабаларымыз «итқұйрық» деп аталатын ою түрін ешқашан бас киімдерге қолданбаған. Себебі мұндай өрнекті бас киімге пайдаланса, дұшпан басқа шығады деп жорыған. Мұның астарында «дұшпаның кеудеңнен жоғары өрлемесін» деген ырым жатыр. Итқұйрық «дұшпаның төмен болсын» деген ниетпен, көбінесе ер адамдардың шалбарының жырық балағына өрнектелген. Сонымен бірге халқымыз итті жеті қазынаның бірі деп есептегендіктен, оны ұзақ сапарға, жолға шыққан адамдардың киімінің етегіне «серік болсын» деген мағынада өрнектеген.
Сондай-ақ балаларға арналған оюлар, ерлер мен әйелдерге тән оюлар бар. Қыз балалардың бешпетіне, көйлегіне гүл тәрізді немесе қанатты қарлығаш секілді өрнектерді бейнелеген. Ер баланың киіміне найзаның ұшы, бүркіт, қошқармүйіз секілді өрнек терді батыр, алғыр болсын деген ырыммен салған. О дүниені белгілейтін оюды тірі адамға, ердікін әйелге, әйелдерге тән оюды ерлерге салу ою-өрнек тілін танымағандық. Қазақ халқы ертеден келе жатқан сәндік-қолданбалы өнерін о баста ырымдап пайдаланған. Сондықтан ою пайдаланатын әрбір жан оның ішкі мәніне үңілсе деген ой бар.
ТҮЙІН Ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан оюларымыз әрдайым табиғи үйлесім қалпын сақтауы керек. Қазақтың оюлары сақ, ғұн замандарынан бері әбден қалыптасып, жүйеге түскен. Оларды орынсыз қолданып, оюларды өзгерту салт-дәстүріңді, әдет-ғұрпыңды, ұлттық болмысыңды өзгерткенмен бірдей. Біздің бүгінгі бір дұрыс емес әрекетіміз ұлт ұстынын ұрпаққа жеткізуде кедергі келтіретіні анық. Сондықтан оюдың мәнін түсініп, оны пайдаланғанда ойлы болайық, оқырман.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ

11 сәуір 2025 ж. 142 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№26 (10394)

12 сәуір 2025 ж.

№25 (10393)

08 сәуір 2025 ж.

№24 (10392)

05 сәуір 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 602
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930