Үкілі кәмшат, бүрмелі көйлек...
Базарға бара қалсаңыз, әрісі қытай мен түріктің, берісі қырғыздың киім-кешегінен көз тұнады. Бағасы да арзан емес. Түркиядан жеткізілген бір көйлек 25000 теңгеден басталады. Оны қымбатсынғандар өзгелердің тауарынан шертіп жүріп керегін алады. Өйткені, таңдау бар. Бағасы да, сапасы да әртүрлі. Бастысы – сұранысқа ие. Ал, отандық өнім ше?
Бізде де өзіндік брендін танытып үлгерген дизайнерлер аз емес. Өкініштісі сол, атағынан ат үркердей болғанмен, бағасы да сондай. Соған қарағанда, олар ұлттық патриотизм, отандық өнім ұғымдары арқылы елде жаппай танылудан гөрі, бірден мол табысқа кенелуді көбірек ойлайтын секілді. Не ойы бары белгісіз. Өздері бағаның қымбаттығын сапасының жоғарылығымен түсіндіруге тырысады. Дегенмен, «сапалы» дегеннің де ғұмыры бір маусымнан аса қоймайды. Жасыратыны жоқ, қазір талғам өзгеріп, қыз-келіншектер қазақша үлгіде киінуді құп көреді. Байқасаңыз, түрлі салтанатты жиындарда ұлттық киім киіп жүргендер көптеп кездеседі. Осыдан 15-20 жыл бұрын қыз ұзатуға кешкі көйлек киетін еді. Қазір барлығы дерлік қазақы көйлек киеді. Ал тойға думандатып келгендердің киім үлгісі түгелдей ұлттық нақышта болмаса да, әйтеуір қазақи ою-өрнектің нышанын көресіз. Оған қоса, әртүрлі зергерлік бұйымдар, яғни шекелік, сақина, шашбау, өңіржиек, сырғаларды заманауи киіммен үйлестіріп кию үрдісі жастар арасында кең таралған. Этностильдегі киім мен кез келген қазақы бұйым да соңғы кезде сұранысқа ие. Жастар күнделікті өмірде әшекеймен өрнектелген тақияны кәдімгі джинсымен жарастырып, қазақы сырғамен көркемдеп киіп, ерекшеленіп жүр. Ұлттық өнердің заманға сай қайта жаңғыруы мен жандануының бұл да бір көрінісі іспетті. Себебі, бүрмелі көйлек сахналық образдар болған соң күн сайын киюге келмейді.
Талғамға талас жоқ дейміз. Десе де, неше түрлі брендтің бәрі базарда тұрса да ұлттық нақыштағы киімді кигісі келетіндердің көбейгені қуантады. Тойға барсақ, қазақы көйлек пен кәжекейін киіп, шашақты орамал тағынған жеңгейлер ортаның ажарын ашады. Тіпті кезекті бір тойда асабаның «Бұрын қызы қайсы, келіні қайсысы білмеуші едік, келіндердің қазақы киінуі тамаша екен. Әрі әдемі, әрі ұяты мен ибасы жарасқан әулеттің келіні екенін біле қоямыз» дегені бар. Ал қазір келіндердің жаппай ұлттық үлгіде киінуі әдемі үрдіске айналып келе жатыр.
Осындай қазақы үлгіде киінуді құп көретін кент тұрғынының бірі – Арайлым Сабырханқызы. Ол – үлкен әулеттің келіні, үш перзент тәрбиелеп отырған ардақты ана, аяулы жар.
– Мен бұрыннан өзгелерден ерекше әрі қарапайым киінгенді ұнатамын. Қатты жылтыр киімдерге де құмар емеспін. Қазіргі сәнге айналған отандық шапандар маған қатты ұнайды. Бірақ олардың бағасы қалтаны қағатыны рас. Сондықтан қалтамызға қарай көсіліп, қырғыздар ұсынған өнімді сатып аламын. Әулетіміздің той жиындарында көйлек пен қамзолымды әдемі етіп орамалмен үйлестіре киіп жүремін. Ал төркін жағыма барғанда киімдерді қазақы дүниелермен ерекшелегім келеді. Мүмкіндігінше күнделікті өмірде де қазақы нақыштағы киімдерді киіп жүргенді құп көремін. Ою-өрнегі келіскен киімдер көздің жауын алады емес пе? – дейді кейіпкеріміз.
Сондай-ақ ол ұлттық киімді заманауи үлгімен үйлестіріп киюді де ойлайды. Өйткені, заманауи киім мен этностильді үндестіру арқылы ұлттық құндылықтар мен мәдениетті дамытуға мүмкіндік барын ол жақсы түсінеді.
Әлбетте, ұлттық киім қымбат, оны ешкім де жоққа шығара алмайды. Мысалы, оюлы тақияның бағасы – 10 мың теңгеден жоғары, мұны екінің бірі сатып ала алмайтыны анық. Сол себепті кез-келген ұнатқан киімді сатып алып, оған қазақы өрнек пен әшекейді үйлестіріп, қалауыңызша қолдан тігіп алуға да мүмкіндік бар. Өзі маржан, әрі арзан. Оның үстіне бүгінде ұлттық нақыштағы киімге тек қыз-келіншектер емес, ерлердің де сұранысы артып барады. Шынында, ұлттық нақыштағы жарасымды киімді де арзан бағамен киюге болады. Бірақ бәрі де сіздің тапқырлығыңыз бен талғамыңызға байланысты. Бұл ретте қырғыздар озып-ақ тұр. Олар ұлттық орнамент салынған киімді қолжетімді бағада ұсынып отыр. Ханымдар жарыса киіп жүрген хит шапандар мен ерлердің костюмдері осы көршілес елдікі. Біздің отандық тігіншілер де осыдан үлгі алса дейміз. Себебі қазақы киім ұлттық мерекелерде ғана емес, күнделікті өмірде сәнге айналса, ұлттық құндылығымыздың мерейі де асқақ болары сөзсіз.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА