Жаңа оқу жылы. Баға бағынар емес
qarmaqshy-tany.kz Иә, қыркүйек айы келіп, күз түскенде оқушылар асқақ арман, үкілі үмітпен білім алу мақсатында алтын ұяға беттейді. Баланы мектепке дайындау барысындағы қарбалас басталып та кетті. Жылдағы әдетінен жаңылмай биыл да баға біршама шарықтап шыға келді. Әр оқу жылы жақындаған сайын баға жоғарыламаса, төмендеп көрген емес. Бұл тіпті дәстүрге айналғандай. Амалы құрыған ата-ана қолындағы азын-аулақ тиынын ары-бері тартқыштап әлек. Біріне тартса, біріне жетпейтін қу дүние осылайша көптеген ата-аналарды діңкелетіп тұрғаны жасырын емес.
Қыркүйек айы жақындағаннанақ асау аттай басына құрық салдырмай кететін бағаның бұл «қылығын» білетіндер ерте бастан қамданып қояды. Бірақ елдің бәрі бірдей пысық емес қой, басым бөлігі уақыт жақындап, тықыр таянғанда қимылдайды. Жазғы демалыстан кейінгі қаржының түсуін күтетіндер де бар. Осыны білетін саудагерлер «науқанды» ұтымды пайдалану үшін барын салады. Адамнан қулық артылған ба? Кәсіпкерлер ренжи қоймас, оқушыға ең қажет делінетін дәптердің бағасын арзан бағада жазып қояды да, арзанды іздеп әлек болып жүрген тұтынушыны өзіне қарай тартады. Бір «байланған» соң басқа тауарының қымбаттығына қарамай барлық керек-жарақты бір жерден алып, саудасын қалай қыздырып шыға келгеніңізді аңдамай қаласыз. Иә, жалпы бұл саудагерлер жиі қолданатын маркетингтік бір тәсіл ғана. Сатушылар «сезонды» пайдаланып, барлық өтімді тауарларға үстеме баға қойып, бір қарқ болып қалуды ойлайды. Себебі, бұл мезгілде кез келген ата-ананың балаларына қажетін алып беруден басқа амалы қалмайды.
Дәл қазір базардағы баға қалай құбылып тұрғанын бағамдау қиын емес. Десек те, «сезондағы» сауданың қызығын көзбен көру үшін тіршілігі қыз-қыз қайнаған сауда орталықтарына бас сұқтық. Дәптер-қаламның саудасы қызып тұрғанын кіреберістен байқауға болады. Көзімізге мектеп жасындағы балаларға арналған бірыңғай форма оттай басылды. Бастауышқа баратын балалардың костюмі мен шалбарының бағасы 5-6 мың теңгеден басталады. Ал, жейдесі 3500 теңгеден жоғары. Аяқ киімнің бағасы 5 мың теңгеден әрі. Спорттық киімдердің бағалары да сапасына қарай әртүрлі. Мәселен, Түркиядан шығарылған спорттық киімдер сәл қымбаттау тұрады, яғни 10-13 мың теңге көлемінде. Одан арзан бағада кемі 7-8 мың теңгеден басталады. Ер балаларға арналған сөмке 4 мыңнан жоғарылай түседі. Енді осыған сабаққа қажетті қалам-қағазын қосып қойыңыз. Оның өзі кем дегенде 10 мың теңгені шамалайды. Қыз балалардың да киім-кешегі мен мектепке қажетті керек-жарақтарының жалпы бағасы осыған саяды. Бұл ең арзан деген тауарды алдым дегеннің өзінде. Осыдан-ақ біле беріңіз. Біз есептеп отырған орташа қаржы көлемі жағдайы төмен отбасылар үшін тым қиындық тудырады. Елді-мекендерде әлеуметтік жағдайы тым төмен отбасылар бар. Қалталары көтермесе де, балаларының бүтін киінгенін тәуір көреді.
Тағы бір айта кетерлігі, қазіргі киімдердің сапасы да сын көтермейді. «Бұрын біз әпкемізден, ағамыздан қалған киімді киюші едік. Жаңа киім алуды білмейтінбіз» дейді үлкендер жағы. Алайда киімнің қазіргі сапасы бұрынғымен салыстыруға әсте келмейді. Бір жылда бірнеше бәтеңке тоздырып, бірнеше сөмке ауыстыратын оқушылардың шығынын айтып шырылдап жүргендер аз емес. Өздері шығаратын тауарға деген сұраныс көп болсын дейді ме, әйтеуір алған сөмкеңнің ә дегеннен сырмасы кетеді. Арадан апта өтпей жатып бес мың теңгені тағы да сол арзанқол сөмке үшін «құрбан» етесің. Қымбатырағын, сапалысын алайын десең, 10-15 мыңнан ары қарай сұрайды. Бір үйден төрт бала сабаққа баратын болса, олардың тек сөмкесінің өзіне бір айлығыңды әрең жеткізесің. Бастанаяқ киімі мен оқу құралдары тағы бар. Орта есеппен бір бала мектепке бару үшін ең кемі 90-100 мың теңге керек. Оны орта есеппен төртке көбейтсеңіз, әрбір үйге жаңа оқу жылына дайындалу үшін жарты миллионға жуық ақша кетеді. Жыл он екі айда жарты миллион табыс таба алмай отырған отбасылар бар. Сонда олар замана көшінен қалып қоймауы үшін қайтпек керек?
Ел арасында «қыркүйек жақындағанда саудагерден ұят кетеді» деген қағытпа сөздер де жиі айтылады. Ойнап айтылған сөз болса да, астарында шындықтың бары рас. Осы ретте кәсіпкерлер «бәрібір алады ғой» деген оймен өз қамын жасап қоймай, қара халықтың да шама-шарқына қарасса...
Иә, мемлекет тарапынан жыл сайын дәстүрлі түрде берілетін жәрдемақылар, ақциялар, еріктілер ұйымдастыратын қайырымдылық шаралары бар. Алайда ол мұқтаж жанның барлығын қамти қоймайды. Бар бақытын баласының қызығынан іздейтін ата-ананы бағаны аспандатып, сағын сындырып қоймайықшы. Барлық ата-ана баласының жарқырап жүргенін қалайды, әрине. Жарқыратайын десе базардағы баға бағынбай барады. Бір кем, әрі ойланарлық дүние.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА