» » Балаңыз мектепке дайын ба?

Балаңыз мектепке дайын ба?

Жадыраған жаз да аяқталуға таяды. Көзді ашып-жұмғанша балалардың демалыс маусымы да зырылдап өте шықты. Жаңа оқу жылының басталуына санаулы ғана күндер қалды. Әрбір ата-ананың қазіргі қамы баласын мектепке дайындау. Яғни, киім-кешек, аяқ киім, сөмке, мектепке қажетті құрал-жабдықтары, тағы басқа керек-жарағын сатып алулары қажет. Тамыз айы туа бастағаннан-ақ кезекті оқу жылына баласын қамдайтын ата-анадан маза кетеді. Соңғы бір ай киім-кешек, мектепке қажетті құралдарды сатып алуға арналады. Әйтеуір, қатардан кем қылмайын деп әуреленген ата-ана мүмкіндігінше баласына тәуір киім әперуге тырысады.
Республикамызда мектеп формасы 2003 жылдан бастап енгiзiлген. Соңғы жылдары мектеп формасын енгiзген мектеп саны бiршама артты. Ата-аналар мен педагогикалық қоғамның басым бөлiгi мектеп формасын қолдап келедi. Айта кету керек, 2016-2017 оқу жылында білім беру жаңа мемлекеттік стандарт бойынша жүргізіліп, міндетті мектеп формасы енгізілді. Яғни, Білім және ғылым министрінің бұйрығымен оқушылар арасындағы әлеуметтік теңсіздік пен басқа да ерекшеленуді болдырмау мақсатында мектеп формасын енгізу талабы қойылды. Бұл талап бойынша, мектеп формасы зайырлық сипатта, классикалық үлгіде, бірыңғай түсті болуы керек. Үш түстен артық және тым ашық түстердің болмауы қажет. Бұл реформалаудан көз ашпаған білім беру саласындағы соңғы жылдары қабылданған дұрыс шешімдердің бірі болды. Әйтпесе, кейбір оқушылар қымбат киініп, қолы қысқалар қарапайымдылықты қанағат тұтқан кездер де өтті. Алайда біркелкі мектеп формасының бағасын жер-жерде жүз құбылтып, шама-шарқынша бизнеске айналдырған пысықайлар көбейіп-ақ тұр.
Жасыратын несі бар, жыл сайын сапалы мектеп формасын іздеп шарқ ұратындар көп. Кейбір фирманың мектеп формасының бір оқу жылына жетпей қалғанын ескеріп, сапасына ден қойдық. Алайда ақшасына қарамай алған мектеп формасының өңі тозып, костюмнің жағасы ағарып, шалбарының тізесі бозарып шыға келді.
Иә, әркім көрпесіне қарай көсіледі. Бастысы – мектеп формасының түсі талапқа сай болуы керек. Мақаланы жазу барысында тұтынушылар көптеп барып жатқан кент орталығындағы сауда үйлеріне бас сұқтық. Көздің жауын алатын мектеп формаларының түр-түрі көз алдыңызда тізіліп-ақ тұр. Әрбірінің бағасын қарап, ойша саралап шықтық. Бір оқушының киім-кешегі мен керек-жарағына кем дегенде 50-60 мың теңге кетеді екен. Оған оқуға қажетті дәптерлер мен канцелярия тауарларын қоссаңыз, әрбір баланың жаңа оқу жылына жұмсағаны 70 мың теңгеден кем түспейді. Азық-түлік бағасы онсыз да ұшып тұрған қазіргі жағдайда ата-ана үшін екі-үш немесе одан да көп баланы мектепке әзірлеу үлкен ауыртпалық әкеледі. Ал көпбалалы отбасының мемлекет көмегінсіз бұл тығырықтан шыға алмайтындығы анық.
– Мектеп формасын 20 мың теңгеге алдым. Оған костюм мен шалбар ғана кірді. Жейдесі, аяқ киімі, сөмкесі, галстук, тағы басқа ұсақ-түйектің бәріне 50 мың теңге кетті. Тағы ауыстыратын бір шалбар, бір жейде алуым керек. Ал мектеп формасының сапасы да анау айтқандай мықты емес. Биыл мектеп жасында бір ғана балам қалды. Ал мектепте төрт балам оқыған кезде біріне алсам, екіншісіне жеткізе алмай қиналушы едім. Қазіргі ахуал көпбалалы отбасыларға қиындық тудырып отырғаны жасырын емес, – дейді дүкенде кездескен кент тұрғыны А.Айтбаева.
Ал енді бір тұрғын балаларының бәріне бірдей жаңа киім алып бере алмайтынына қынжылды.
– Мен бес баланың анасымын. Үшеуі мектепке барады. Тамыз бен қыркүйектің аралығы біз үшін қашанда қарбалас. Мысалға, биыл үш балаға қажетті дүниенің бәріне 100 мыңнан аса қаржы кетті. Әлі үлкен ұлға форма алмадым. Неге бұлай десеңіз, жыл сайын қымбаттап жатыр. Бірақ сапасы өзгерген жоқ. Әсіресе, аяқ киімдері қымбат. Күзде алған аяқ киімнің көктемгі мезгілге жарамай қалатын да кездері болады. Біздің бала кезімізде әпкемізден қалған киімдерді кисек, сол жаңа киімдей болатын. Қазір де қысқарған киімдерін бауырларына кигіземін. Бірақ көп жағдайда киімдер бір баладан ауыспай-ақ, тез тозып қалып жатады. Осындай жаңа оқу жылында барлығына бірдей жаңа киім әпергім-ақ келеді. Бірақ қолдың қысқалығы мен бағаның қымбаттығы қолбайлау болып отыр, – дейді Р.Байназарова.
Ал кәсіпкерлер дүкеннің өзіне киімдердің жыл сайын қымбат бағамен келетінін айтады. «Біз халықтың жағдайын көріп жүрміз. Бағаны әдейі қымбат қоймаймыз. Өзімізге де сол бағадан сәл ғана төмен келеді. Сондықтан бағаның өсуіне тек дүкен иесін кінәлай беруге болмайды» дейді олар.
Иә, кәсіпкерлер мектеп науқанында бірнеше отбасыға тегін киім де беріп жатады. Бұл жөнінде сұрағанымызда кәсіпкерлер жасаған қайырымдылықты жария еткісі келмейтіндерін алға тартты.
Қалай десек те, баланы мектепке дайындау ата-ананың міндеті. Соңғы ақшасын жұмсаса да баланың көңілін тауып, бәйек болатыны да сондықтан. Кім баласының жарқырап жүргенін қаламайды дейсіз. Тек осындайда мектеп формасының ата-ананың қалтасын қақпайтын, бағасы қолжетімді болғаны қажет-ақ. Әрине, киімнің сапасына мән беру де ұмыт қалмауы қажет. Түптеп келгенде, мәселе–киімде ғана емес, баланың зейінін ашатын мектеп пен мұғалімнің сапалы білім беруінде екенін де ескерген жөн.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
14 тамыз 2022 ж. 743 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 258

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 358

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930