» » Баға бағынбай тұр: Үйді қашан алған тиімді?

Баға бағынбай тұр: Үйді қашан алған тиімді?

Зейнетақы жинағын алу бағдарламасы іске қосылғалы еліміздегі тұрғын үй нарығындағы сауда қыза түскендей. Ал баспанаға сұраныстың артуы – бағаның шарықтауына себеп болуда. Иә, карантиндік шектеу шарасы күшейтілгелі ірілі-ұсақты бизнес өкілдеріне мемлекеттік жеңілдіктер ұсыныла бастағаны белгілі. Ең бастысы – шағын кәсіпорындар үш жылға дейін салықтан босатылған болатын. Бұл кәсіпкерлерге өнім бағасын шарықтатпай бұрынғы деңгейде саудалауына мүмкіндік беруде. Мұндай жеңілдікке инерциялық шикізат, құрылыс материалын өндірушілер де ие болды. Демек, құрылысқа қажетті заттар былтырғы деңгейде. Жұмысшы қолы мен оның бағасы да бірқалыпты. Сонда бағаның өсу себебі неде?
Соңғы жылдары елде тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жаңа технология мен заманауи құрылыс шикізаттарын пайдалана отырып, көпқабатты үйлерді жарты жыл ішінде тұрғызатын дәрежеге жеттік. Әдетте құрылыс жұмысы осы көктем мезгілінде басталып, қысқа дейін жалғасады.
Әсілінде бағаның көтерілуіне еш негіз жоқ. Тұрғын үй бағасының көтерілуіне ең алдымен, құрылыс нысанының орналасқан жері, ауданы ескеріледі. Кейінгі кезекте құрылыс материалдарының бағасы назарға алынады. Мәселен, 8-9 млн теңгеге шығындалып тұрғызылған баспана Қызылордада 15-18 млн теңгеге саудаланса, дәл сол үйді Нұр-Сұлтан немесе Алматыда 30-35 млн теңгеге сатуға болады. Көрдіңіз бе? Тұрғын үйідің орналасқан қаласына қарай баға да өзгеріп отырады. Демек, бұл арада жылжымайтын нысанның тұрған жерінің басты рөл атқаратынын айта кеткен жөн.
Иә, елімізде пәтер бағасы 15 процентке дейін қымбаттап кетті. Бұл соңғы бір жылдағы көрсеткіш. Ел бойынша Қарағанды мен Павлодарда үй бағасы ерекше қарқынмен өсіп жатыр. Ал ең қымбат қалалар қатарында әлі де Нұр-Сұлтан мен Алматы шаһары көш бастап тұр. Сарапшылар бұл жағдайды дәл осы зейнетақы жинағын мақсатты пайдалану бағдарламасымен байланыстырып отыр. Ал биыл қалай? Қаңтар айында Алматы қаласында тұрғын үйдің 1 шаршы метрі 468 400 теңге болса, ақпан айында 479 425 теңге болды. Сондай-ақ Нұр-Сұлтанда қаңтар айында 1 шаршы метр 357 125 теңге болса, ақпанда 362 850 теңге болды. Ал Қызылорда қаласында қаңтар айында 156 625 теңге болса, ақпанда 162 925 теңге. Өсім бар. Баспанаға сұраныс артқан сайын баға да әлі де тұрақтанбауда.
Сарапшылар тұрғын үй бағасының тұрақтылығын қадағалайтын арнайы орган, яки мемлекеттік мекеме болуы керек деп санайды. Республикадағы маңызы бар 3 мегаполистен бөлек, өзге өңірлерде де пәтер құны шарықтап тұр. Ал оны сатып алуға қарапайым халықтың хал-ауқаты жетпейді. Қаншама құрылыс алаңдары құрылып, тұрғын үйлер жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаса да, баспана кезегі кемір емес. Жаңа үйдің жетіспеушілігі – ескі үйге деген сұранысты арттыруда. Сұраушылар көбейген соң сатушылар да бағаны себепсіз көтеріп отыр. Баспана бағасын аспандатпаудың бірден-бір жолы – дүрбелеңге дүбір қоспай, әліптің ақырын күту. Мамыр, маусым – нағыз, асықпай, арбамен қоян алар кез. Демек қалаған баспанаңызды қолдағы қаржыңызға сатып алуыңызға болады.


Ақнұр САҒЫНТАЙ
02 наурыз 2021 ж. 380 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 312

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 411

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930