» » ТІГІНШІНІҢ АЗЫҒЫ – ИНЕСІНДЕ

ТІГІНШІНІҢ АЗЫҒЫ – ИНЕСІНДЕ

Оспан ағайдың үйінде жаңа түскен келін бар. Ол кір жуып, киім үтіктегенде сабақталған ине-жібін қасында алып отырады екен. Жыртығы болса жамап, тесігі болса бітейді. Бұл жаңа түскен келіннің ұқыпты екенін көрсетпей ме?! Үлгі аларлық іс. Ал қазір ше? Қазір мүлде басқаша. Тігісінен кеткен киім болмаса қалпына келтіруді ойлап бас ауыртпаймыз. Рас, бүгінгі киімнің тозығы жетсе қоқыс жәшігіне тастап, болмаса өртеп, көзін құртуға асығамыз. Оны қайта тігіп, түзетіп пайдануды ойламаймыз. Жаңасын аламыз. Бітті. Инені түртуге икем келмеген соң тігін шеберханасына бас сұғамыз. Болмаса базарға тартып тұрамыз. Ол жақтың да заңы қатал. Арзанын алсаң қанша дегенмен «арзанқол» деген аты бар. Сапасы да сын көтермейді. Керісінше, қымбатын алсаң ұзағырақ киесің. Сапасы да көңіл қуантады.
Ертеректе қыз баланы кесте тігуге, тігіншілік өнерге үйреткен. Әрбір қыз бала үйдегі матадан өзіне қалағандай етіп көйлек тігіп кәдеге жаратқан. Қазақ қолөнерінің бір саласы – тігіншілік. Бұл көз майын тауысатын шығармашылық еңбек. Қадым заманнан бүгінге дейін өзінің өміршеңдігін жоймаған осы өнерді тұтынушы талғамы мен заман талабын ұштастырып нарыққа ұсынады. «Көп еңбек еткенге бақыт басын иеді» деп ата-бабаларымыз текке айтпаса керек-ті. Жоғарыда айтқандай, базардағы киімнің бағасының бірі – арзан, бірі – қымбат. Осындайда талғамыңа сай келетін әрі бағасы да қолжетімді тігінші көмегіне жүгінген әлдеқайда дұрыс па деген ойда қаласыз.
Арамызда өзінің бақытын дәл осы еңбектен тауып, ортасына сыйлы жандардың біріне айналып отырған қыз-келіншектер қаншама? Соның бірі – Оразкүл Базарбаева. – Бала күннен апамыздың жыртылған киімді тігіп, жамап-жасқап отырғанын көріп өстік. Тіпті үстімізге киетін көйлекті де қолдан тігіп киетінбіз. Алғашқыда өзіме әдемі етіп көйлек тігіп алғым келді. Ол кездері 7-8 сынып оқимын. Көйлекті тігіп алдым. Кейін осы тігіншілікке қызығып, Қызылорда қаласындағы 1 жылдық тігіншілік курсын аяқтадым. Содан бері осы кәсіппен айналысып келемін, – дейді кейіпкеріміз.
Оразкүл Ысқаққызы – іс­мер тігінші, өз ісіне аса жауап­кер­­шілікпен қарайды. Әр түрлі маталарды пішу, оны қонымды етіп тіге білу ізденісі мол жанның ғана қолынан келеді. Бұрынғы тұрмыстық қажетті өте­й­­тін камбинатта (дом БТА) еңбек жолын бастаған оның осы тігіншілік өнермен айналысқанына биыл 38 жыл болады екен. Бұл аз уақыт емес, әрине.
Бізде қазір не көп? Той көп. Бәсекелестікке ұласқан тойда әу­лет мүшелерінің бірдей киінуі де сәнге айналып келеді. Елден ерекше болғысы келетіндердің қатары көбейді бұл күнде. Бұл біздің аудан тұрғындарына да келіп жетті. Анасы мен қызы, енесі мен келіні тойда бірдей киініп жүретінді шығарды. Бұл әрине, арнайы тапсырыспен тігіледі. Бірдей үлгідегі көйлек не болмаса матасы бір әртүрлі мо­дель­дегі көйлектерді тіктіріп жатады.
Оразкүл апайдың айтуынша, ұлттық киімге деген сұраныспен бірге талғам да жоғары. Сонымен бірге көбіне қыз-келіншектер той көйлектеріне тапсырыс береді. Жас­тар көйлектің етегіне ою салып беруін сұрайды. Сырға салу, ұзату тойына арналған көйлекті де тапсырыспен тіктіреді.
Әрбір істің өзіндік қызығы мен қиындығы болады. Ең бастысы тігінші үшін нәзіктік, төзімділік, жауапкершілік пен тиянақтылық болса жеткілікті.
Түйін.
«Көк иненің түбінен түрте алмайды». Бұл жақсы атақ емес, әрине. Шыққан тегіңіз бен тәрбиеге кір келтірмеймін десеңіз, ине-жіп ұстап, жыртық жамауға бейімделгеніңіз жөн.

Ақнұр САҒЫНТАЙ,
«Қармақшы таңы»

09 сәуір 2019 ж. 2 060 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 039

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031