ЕСЕЛІ ЕҢБЕК ЖЕМІСІ
Асыл мұра – өткен күнді айғақтайтын құжаттарды жинақтау, сақтау және жариялау архив қызметінде әрқашан да маңызды істің бірі. Өткенімізді білуді, оның анық-қанығына көз жеткізуді тек архив құжаттары ғана айғақтайды.
Қармақшы аудандық архивінде Ұлттық архив қорын тарихи маңызды жеке тектік құжаттармен толықтыру мақсатында еңбек ардагері, ІІ, ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордендерінің иегері, Қазақ КСР Жоғарғы Советінің депутаты, Қазақстан Компартиясы ХVІ съезінің делегаты, күрішші-механизатор Бибігүл Әбішеваның құжаттары архив қорында сақталуда.
Бибігүл Әбішева 1951 жылы 18 қаңтарда Қармақшы ауданы, «Төрткүл» ауылдық советінде дүниеге келген. 1958-1968 жылдар аралығында Жалағаш ауданындағы No123 орта мектепті бітіргеннен кейін, 1969 жылы Жалағаш кентіндегі No150 селолық кәсіптік-техникалық оқу орнында оқып, тракторист-машинист мамандығы бойынша білім алып, алғашқы еңбек жолын Жалағаш ауданы, «Коммунизм» совхозында тракторист болып бастаған.
1970-1975 жылдары ауданымызға қарасты Энгельс атындағы колхозда механизатор болып еңбек етті. 1975-1977 жылдар аралығында «Шұбартау» ауданының жастары көтерген бастамаға ілесіп, колхозда «Шалқар» комсомол жастар бригадасын құрып, шопандарға жетекшілік жасады.
Өмірлік жары Кариман Сыдықовпен бірге жас малшылар бригадасында қой бағып, жаз айларында «Нұра» жайлауында, ал қыс мезгілінде ауыл іргесіндегі, яғни Сырдария өзені бойындағы қыстауға көшіп келіп, ауданда қой шаруашылығын өркендетуге атсалысады.
Еңбекте тындырымды, тапсырылған іске сергек қарайтын жас маман Бибігүл Әбішеваның еңбегін ерекше бағалаған аудандық партия комитеті көп кешікпей осы коммунистік партия қатарына қабылдады. 13 желтоқсан 1972 жылы «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медалімен марапатталды.
Жас шопан 1976 жылы Мәскеу қаласында өткен Кеңестер Одағы Коммунистік партиясы ХХV съезіне көптеген қазақстандық еңбек озаттарымен бірге делегат болып қатысты.
«Еңбек ерлікке жеткізер, ерлік елдікке жеткізер» демекші, 1977 жылы Бибігүл апа өзінің сүйікті мамандығы механизаторлықты қайта қолға алып, ұжшардағы шаруашылықта трактор тізгінін ұстады. Бұл салада да ол ауданда озаттар көшінен орын алып, көптеген құрметке бөленді.
Нақтырақ айтқанда, озат тракторшы 24 желтоқсан 1976 жылы ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталды.
Сонымен бірге ауыл басшылары міндеттеген қандай да болсын тапсырмаларды абыроймен орындап, өзге әріптестеріне үлгі көрсетті. 1977 жылы тракторшылық кәсіппен бірге егіншілікті қоса игерген Бибігүл Әбішева бірнеше рет өзіне бекітілген күріштік алқаптан жоғары өнім алып, мерейі үстем болды. 20 желтоқсан 1978 жылы «Социалистік жарыстың жеңімпазы – 1977 жыл» төсбелгісімен марапатталды.
Осындай елеулі еңбектердің жемісі ретінде ол бірнеше рет ауылдық, аудандық, облыстық Кеңестердің, ал 1980-1985 жылдар аралығында КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланып, өңір әлеуетінің өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосты.
«Еңбек түбі – береке» дегендей, сала майталманы Бибігүл Әбішеваның ұзақ жылдарғы еселі еңбектері үкімет тарапынан жоғары бағаланып, ол 5 наурыз 1982 жылы ІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденін омырауына тақса, 1986 жылы Қазақстан Коммунистік партиясы ХVІ съезіне Сыр бойы халқының атынан делегат болып қатысты.
Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінде болып, 1982, 1985 жылдары «КСРО Халық шаруашылығын дамытудағы жетістіктері үшін» екі күміс, бір қола, 2013 жылы «Цай Ден Хак – 100 жыл», 2021 жылы «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медальдарымен және 11 желтоқсан 2020 жылы «Қармақшы ауданының Құрметті азаматы» атағымен марапатталды.
2000 жылы зейнеткерлік демалысқа шықты. Осындай еңбек адамдарының өмір жолын зерттеп, ұлағатты істерін кейінгі өскелең ұрпаққа жеткізу – біздің міндетіміз.
Гүлжанат АБИЕВА,
«Қармақшы аудандық архиві» филиалының архивисті