Болмысы бөлек өр тұлға – Жарболсын Құндақбаев
Ұлттық архив қорын тарихи маңызды жеке тектік құжаттармен толықтыру мақсатында Ұлы Отан Соғысы ардагерлерінің, Қоғам қайраткерлерінің, Еңбек ардагерлерінің, «Қармақшы ауданының құрметті» азаматтарының, Ақын жазушыларының, Спорт майталмандарының жеке тектік құжаттары сақталуда. Үстіміздегі жылдың жоспарына сай еңбек ардагері, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, КСРО спорт шебері Құндақбаев Жарболсын Әбсатұлының 1966-2019 жылдар аралығындағы құжаттары архив қорына қабылданды.
Жарболсын Құндақбаев 1939 жылы 2 сәуірде Қармақшы ауданы, Жосалы қыстағында дүниеге келген.
1947 жылы аудандағы №26 мектепке барып, 1957 жылы мектепті бітіреді. Мектеп бітірісімен шілде айынан бастап аудандық комсомол комитетінің жолдамасымен Жосалы механикалық зауытына уйренуші токарь болып жұмысқа орналасады. Токарь болып жұмыс істей жүріп шоферлық курс бітіріп алып, зауыттың машинасын айдайды. 1956-1957 жылдары қазақша күрес, еркін күрес, классикалық күрес бойынша бапкер, спорт методисі болып еңбек жолын бастайды. 1966 жылы Ашхабад педагогикалық училищесін дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдаған. 1968 жылы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде бапкер, басшы болып қызмет атқарады. Қармақшы Жалағаш аудандары бойынша спорт комитетінің төрағасы, №183 мектепте мектеп директорының дене тәрбиесі жөніндегі орынбасары, Қармақшы аудандық оқу бөлімінде дене тәрбиесінің әдіскері қызметтерінде болған. Сол уақыттарда 12 спорт шеберін, 33 спорт шеберлігіне үміткерлерді және 114 І-дәрежелі, 280 ІІ-ІІІ дәрежелі палуандарды тәрбиелеп шығарды.
1994 жылы еңбек демалысына шығып, спорттан қол үзбей гір тасын көтеруді қолға алып үлкен нәтижелер көрсетеді.
Атап айтқанда гір тасын көтеруден спорт шеберлерінің халықаралық конфедерациясының ұйымдастыруымен өткізілген әлем ардагерлері арасындағы жарыстарда - әлемдік чемпионаттың 14 рет, Еуропа чемпионатының 3 рет, Азия чемпионатының 1 рет, Беларуссия чемпионатының 3 рет, Ресей чемпионатының 4 рет, Витебск қаласы губернаторының арнайы кубогын 1 рет, Ломоносов атындағы халықаралық турнирдің 1 рет жеңімпазы атанды. Есімі Гиннес рекордтары кітабына енген.
Зейнеткерлік шағында да спорттан қол үзбей Өмірін спортпен ұштастырған – Жарболсын Құндақбаевқа облысқа, ауданға сіңірген елеулі еңбегі үшін Қазақстан Республикасы туризм және спорт министрлігінің спорт комитетінің, Облыс, Аудан әкімдерінің және Нұр Отан париясының медаль, құрмет грамоталарымен және алғыс хаттарымен марапатталған.
Жарболсын Құндақбаев «Құрмет белгісі» орденімен, «Еңбек ардагері», «Халық ағарту ісінің үздігі», «Алтын жұлдыз» медалдарымен, «Білім саласына еңбегі сіңген қайраткер», «КСРО спорт шебері», «Ғасыр спорт тарланы» атақтарымен марапатталған.
Архив қорына өмірі және қызметі жайлы құжаттары қабылданып, келешек ұрпаққа, зерттеушілерге, мектеп оқушыларына насихаттау мақсатында мәліметтер беріліп, тақырыптық көрмелер өткізіліп отырылады.
Жоспарға сәйкес үстіміздегі жылы да көрермендерге Қазақстан Республикасының Спорт күніне орай «Өмірін спортпен ұштастырған – Жарболсын Құндақбаев» тақырыбында көрме өткізілді.
Еңбек ардагері, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, КСРО-спорт шебері - Жарболсын Құндақбаев - 2019 жылы 14 шілдеде дүниеден озды, артынан жас ұрпаққа өнегелі өмірімен өшпес із қалдырды.
Аяғанов Нұржан Ғазизбекұлы
"Қызылорда облысының мемлекеттік архиві" кмм-нің
Қармақшы аудандық филиалының архивисті