» » ЫСЫРАПШЫЛДЫҚ ЫРЫС ӘКЕЛМЕЙДІ

ЫСЫРАПШЫЛДЫҚ ЫРЫС ӘКЕЛМЕЙДІ

Кейінгі уақытта тұрғындардың бәсекелестікке бой алдырып, түрлі дәстүрімізге жат кәделер мен дәстүрлерді ұстанып, шариғаттан асып кетіп жатқан тұстары жиі орын алуда. Соның ішінде жаназадағы ысырапшылдық қоғамда ең өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Қазақтың «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген сөзіне сүйенгендер қазаның дастарқанын тойдікімен шатастырып жүргендей. Құдайы ас беремін деп қарызға қаржы алып жасағандар, артынан қарызын өтеу үшін мехнат шегуде. Бұл, әрине үлкен қателік.
Жасыратыны жоқ, бүгінде қазаға қабырғасы қайысып отырған отбасы көңіл айта келген көпшілікке аста-төк дастарқан жайып, бәйек болады. Бұл шығын онсыз да қара жамылып отырғандарға оңай түспесі айтпаса да түсінікті. Жеміс-жидек, түрлі тәттілер ағыл-тегіл қойылатын дастарқан ысырапшылдықтың көрінісі. Ал ислам дінінде ысырапшылдыққа жол бермеу дәріптеледі.
Жақында Жосалы кенті әкімшілігінің мәжіліс залында кенттің ақсақалдары, имамдар бас қосты. Онда негізгі мәселе жаназа кезінде белең алатын ысырапшылдық жайы кеңінен талқыға түсті. Асыл дінімізде адамы қайтыс болған үйге салмақ салуға болмайтыны баса айтылған. Тіпті үш күнге дейін ол шаңырақтан ас ішілмесін деп те міндет қояды. Бірақ біздің қазақ қоғамы бұл жайға әлі де атүсті қарайтындай.
Жиынды кент ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Ұзақбаев жүргізіп, осы мәселе төңірегінде қатысушылардың пікірін тыңдады. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков тұрғындар арасында жаназадағы ысырапшылдық тыйылмай, керісінше үдеп бара жатқанын тілге тиек етті.
– Жаназадағы ысырапшылдық төңірегінде халыққа аз насихат айтылып жүрген жоқ. Бұған дейін де басылым беттеріне шығып, көпшілік ас-жиындарда да түсіндіріліп келеді. Алайда тұрғындар бұған бей-жай қарауда. Бүгінде бәсеке дегеннің беделі жүріп, халық соған мойынсынып барады. Мәселен, кей үйлерде марқұмның жылдық асын беруге жайылған дастарқаннан құстың сүтінен басқаның бәрін табуға болады. Қазан-қазан ет асып, келім-кетімді жайғау дәстүрімізге дендеп енген. Пәленшенің үйінде жайылған дастарқандай болмасын деген секілді тойға арнап жасағандай бар тәттіні әкеп қояды. Қарап тұрсаңыз бұл нағыз ысырапшылдық. Ендігі кезекте бұл жағдайды тоқтатуымыз керек. Осыны әр рудың үлкендері өз ағайын-туыстарына айтып түсіндіруі қажет. Марқұм «Тірісінде жақсылық көре алмады, енді о дүниеге дұрыстап шығарып салайық» деген пендешілік сөз. Өлген адамның жерлеу рәсімін осылай аста-төк өткізгеннен оған пайда жоқ. Керісінше ол адамға сауап жазылатын істерді көбірек жасағанымыз дұрыс, – деді ол.
Өткенде фейсбук әлеуметтік желісіне осы тақырып төңірегінде бір пост шықты. Бірақ астындағы пікірлерге қарап көңіліміз жайланбады. Көпшілік имамдардың бұл айтқанын дұрыс көрмей, халықты тым шектегендік деп пікір жазған. Мысалы, бір пікірде: «Бізді ата-анамыз өсіріп, бағып-қақты. Ал енді сол жандар ертең о дүниелік болғанда рухына арнап үлкен ас бере алмасақ, соған лайық дастарқан жаймасақ, жұрт бізді сынап әңгіме етпесіне кім кепіл? Ұяттың көкесі сол кезде болады» деп жазған. Иә, өлімнен ұят күшті демекші, қазіргі жұрттың ой санасы осыған келіп тіреледі. Бәсекенің басы «ұят боладыдан» басталып, елдің қарызға кіріп, шығындалатыны содан.
Бүгінде Қазақстан Мұсылмандар Діни басқармасы жаназа дастарқанына қойылатын тағам түрлерін әлдеқашан ұсынған-ды. Олар тамақ (ет немесе палау), нан (бауырсақ, шелпек), қаймақ, жент, майсөк, шай, құрма, қант, кәмпит, су немесе шұбат. Міне, осы тағамдарды қоюға рұқсат етілген.
Мұнан соң басқосуда аудандық «Қармақшы ата» мешітінің бас имамы Нұрболат Рахметуллаев жаназа, жерлеу және ас беру рәсіміндегі теріс түсініктер мен ысырапшылдық туралы шариғат шеңберінде түсінік берді.
– Еліміз тәуелсіздік алғалы, асыл дінімізге еркіндік болып, мешіт, медреселер жұмыс жасай бастады. Әбден діндегі бұрмаланған түсініктермен ұғымдарды қазіргі таңда қазақ ғалымдары орнына қоюда. Тілге тиек ететін кейбір діни ритуал болып қалыптасқан, дегенмен өзінің асылын сәл жоғалтқан көбінесе Құдайға емес, адамдарға ұнау үшін, сөз келмеу үшін жасалынатын ысырапшылдыққа бой алдырған амалдар мен теріс түсініктер қоғамымызда жетерлік. Мәселен, шариғатымыз өлікті ұстап тұруға тыйым салған. Хадис шәрифте: «Ей Әли, үш нәрсені кешіктірме! Намазды уақыты кірген кезде дереу оқы, жаназа намазын дереу оқы! Жесірді немесе қызды лайықтысы сұрап келгенде дереу тұрмысқа бер!» деген. Одан кейін қаралы үйде үш күнге дейін қазан асылмауы тиіс. Шариғат бойынша қазалы үйге келген жақындарына көрші-көлемдері тамақ асып берген. Біреулер қайғырып жатқанда табақ таңдап, шай сораптап отырған мұсылмандық бейнеге де сын болып табылады. Негізінде қайтқан кісінің жақындарына мал сойып ас беру міндет емес, жаназа рәсімдерін орындау міндет болып табылады. Сонымен қатар жаназа уақытында митинг жасау да орынсыз. Жалпы жаназа – кісінің әлеуметтік мәртебесін, статусын жариялайтын жер емес. Оны арнайы жиындарда, жылдық астарда айтқан жөн болады. Негізінде мұсылмандарға мәйітті бұзып алмай жуындырғаннан кейін кебінін ластап алмай жаназасын шығарып жерлеуге асығу – парыз амал. Пайғамбардың тіпті 5 уақыт намазда жамағатты шаршататын ұзақ сүре оқуды қайтарғанын ескерсек, жиналған қауымды ыстықта күннің астына қақтап, суықта ұзақ уақыт тоңдыру шариғаттың құптайтын амалынан емес, – деді бас имам.
Жиынға қатысқан кент ақсақалдары жаназа мәселесіне қатысты ойларын айтып, имамдарға сұрақтарын қойды. Аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Әбдірахман Құлдүйсенов жиында түйткіл болған мәселеге қатысты тұжырымын айтты.
– Өмірден өткен аруақты ақ жауып, арулап қою – парыз. Оны сүйектес жақындары атқарады. Ол қызмет көрсетудің ерекше қасиетті түрі. Сондай-ақ қайтқан кісінің ең бағалы киімдері мен заттарын ырым қылып тәбәрік ретінде таратқан. Өкінішке орай қазір базардан шапан, мата, орамал сатып алынып үлестірілуде. Алайда оны пайдаланып жатқан ешкім жоқ. Құр ысырапшылдық. Сондықтан мәйітті жуындырған адамға пайдасыз киімнің орнына ақшалай берсе, шариғаттың оған қарсы тыйымы жоқ. Мұнан бөлек, бұрынғыдай әйелдердің пакетпен мата әкеліп, әкетуі тоқтатылған еді. Алайда қайтқан үйден базардың жамылғыш көрпелерін алып шығу секілді көріністерді көз көріп жүр. Бұл қазалы үйге салмақ болмақ. Осындай жөнсіз жоралғыны тоқтатсақ, өзгелерге ғибратты іс болар еді, – деді кеңес төрағасы.
Келелі мәселе сөз болды. Айтушы бар, бастысы тыңдаушысы болса. Қазақ – сөзге тоқтаған ел. Сөз құнын түсірмеген халық. Айтылған сөзден нәтиже шығару сіз бен бізге қалмақ.
Ерсін СӘДУҰЛЫ
10 наурыз 2025 ж. 313 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№27 (10395)

15 сәуір 2025 ж.

№26 (10394)

12 сәуір 2025 ж.

№25 (10393)

08 сәуір 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 611
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930