» » Ысырапшылдықтан қалай арыламыз?

Ысырапшылдықтан қалай арыламыз?

«Нанды баспа, нан қиқымын шашпа, асты қорлама, әр нәрсенің бағасын біл, судың да сұрауы бар» деген қазақ бүгінгі қоғамда байырғы тиянақтылық үрдісінен жаңылып, астың да, заттың да қадірін біліп жүрмеген сыңайлы. Тоқсаныншы жылдардың ортасында тоқырау кезеңі басталғанда көптеген жанұя ішер ас, киер киімге жарымай, аш құрсақ болғандарын қазір ұмытып кеткендей. Бүгінде бәрі бар, тоқшылық заман десек те тоңып секіріп жүргендерден тойып секіріп жүргендер көп.

Ысырапшылдық – тірнектеп жиған дүниені орынсыз шашып, бардың бағасын білдірмейтін қауіпті кесел. Иә, қазірде той-томалақ, іс-шара өткізгенде бай, кедей екеніне қарамастан, барынша шашылу, ас та төк ысырапшылдыққа жол беру басымдық алып барады. Дәулетті болса, бірнеше миллионды сарп ету, ал кедей болса, несие алып, ұлан-асыр той өткізуге тыраштану жазылмаған заңдылыққа айналғандай. Мұндай төгілудің артында адамдардың қаңқу сөзінен қорқу, «пәленшеден кем болмауым керек» деген сияқты жалған намыс та бар. Демек барлығы рияшылдық, мақтанышқа негізделген іс-әрекеттер.

Осы орайда жуырда аудандық мәдениет үйінде «Ысырапшылдық – қоғам дерті» тақырыбында діни-танымдық конференция өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Жарқын Омаров, облыстың бас имамы Дастан Құрманбаев, кент және ауылдық округтердегі ардагерлер мен әйелдер кеңесінің төрайымдары қатысты.

 Конференция барысында «Ысырапшылдықтың үкімі» тақырыбында облыстың бас имамы Дастан Құрманбаев, «Жаназа, жерлеу және ас беру рәсімдеріндегі теріс түсініктер мен ысырапшылдық» туралы ауданның бас имамы Рахат Қожанов баяндама жасады. Сондай-ақ аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков аудан жұртшылығына арнап «Ысырапшылдық – Алла сүймейтін іс» атты үндеуді жолдады.

– Кейінгі уақыттарда түрлі деңгейдегі жиын мен құдайы ас, жаназа кезінде ысырапшылдыққа орын беріліп жатады. Қазақ мақалында «Жан қайғысы болған үйде мал қайғысы болмасын» деген сөз бар. Жасыратыны жоқ, өлікті жөнелтудің өзі бәсекеге айналып бара жатқаны рас. Сондықтан да әр нәрсені өзіндік нормаларымен атқарған дұрыс болады. Құдайы ас беремін деп, қарызға қаржы алып жасайтындар жоқ емес. Кейін оның қаржысын өтеу үшін қанша әбігерге түседі. Бұл – әрине, үлкен қателік. Осы ретте қармақшылықтарға садақа мен құдайы ас өткізу, жаназа шығару кезінде артық ысырапқа жол берілмесе деген ұсыныстілек білдіреміз, – деді Асқар Мереков.

Жиын соңында аудан әкімінің орынбасары Жарқын Омаров халық тарапынан қойылған ұсыныс-пікірлер мен сұрақтарға жауап беріп, конференцияны қорытындылады.

Ақнұр САҒЫНТАЙ
13 ақпан 2024 ж. 330 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 384

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 463

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930