» » » Дәстүрдің озығына ойыссақ...

Дәстүрдің озығына ойыссақ...

Фото ашық дереккөз
Осы жылдың 2 желтоқсанындағы «Қармақшы таңы» газетінің №95 санында аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы ағамыз Әбдірахман Құлдүйсеновтің «Сіз не дейсіз, ағайын?» деген мақаласы жарық көрді. Көптің ойында жүрген өзекті мәселені дәлме-дәл, өте орынды көтеріпті. Бірақ бұл тек газет бетінде жазылып қалып қоймаса екен. Ары қарай қолдап әкетіп, жүрген жерде айта жүрсек, өзіміз әрекет етіп үлгі көрсетсек, деген оймен қолға қалам алуды жөн санап отырмын.

Рас, қазіргі қоғамда қайғының қара бұлты төнген кезде жақындары қайтқан адамды жоқтаудың орнына ала сөмке арқалап, базар жағалап кететіні рас. Ерлер жағы соятын семіз жылқы іздеп зыр жүгірсе, әйелдер жыртыс жыртып, жеміс-жидек, өрік-мейіз әкеліп, аста-төк дастархан дайындап әлекке түседі. Иә, бұл – ысырапшылдыққа бастайтын жол. Оған шектеу қою керектігі жайында осы уақытқа дейін біраз ой ортаға салынып-ақ жүр.

«Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол» демей ме?! Ал бізде жаназа шығарып салу рәсімі аяқталмай жатып, ақшұнақ аяз бен аптап ыстыққа қарамастан қайғы жамылып жоқтаудың орнына қонақ күтемін деп сарсаңға түседі. «Қазалы үйге алты кісі жылап келсе, алпыс кісі сынап келеді» демей, ысырапшылдыққа, бекер мал шашуға жол беруге болмайды. Мұндай келеңсіздікке тосқауыл қоятын уақыт жетті. Мұны бірізділікке салып, ұрпағымызға жақсы тәлім-тәрбие беруіміз керек. Салт-дәстүрімізді қуанышта көрсетейік. Ал енді қайғы құшқан отбасына келгенде сынамайық. Кісі қайтқан үйге тек қазаға қайырлы болсын айтып, жабырқаған отбасыға көңілін демеп, басу айтсақ жеткілікті. Сыртта қатарда тұрғандармен көрісіп, армасын айтып, ішке кірмей шығып кетуге өзімнің қатарластарымды шақырамын. Онсыз да қайғы жамылып отырған әйелдер қауымының қолын алып, одан әрі жылатудың қажеті жоқ секілді. Тағы бір айта кететін жайт, алыстағы ағайын-туыс жаназаға үлгермей қалса, бірінші бейшенбілігіне кіріп көңіл айтып шығуына болады. Ал қалған уақытта болатын бейшенбіліктерден бас тартып, оның орнына қырық күндік құдайжолына дайындалса, артық шығындалмай бейіттің басын қарайтуға қамданса, деген ойым бар.
Жаратушы баршамыздың да басымызға іс түсірмей-ақ қойсын, аманшылығын берсін. Әйтсе де, жаман айтпай, жақсы жоқ дейді ғой халқымыз. Ендігі жерде де айналамызға қарап бой түзесек, бірауыздан бастама көтеріп, оған халық қолдау білдіріп атсалысса, бәсекесіз, ысырапсыз, салт-дәстүрдің озығына ойысып, тозығынан теріс айналатын өмір салтын қалыптастырып, осы өмір салтын саналы түрде жалғастыратын ұрпақтың өсіп-өніп, өркен жайып, көктеп, көгеріп, көбеюіне күш салса да кеш болмас еді.

Соңғы уақытта көршілес Арал ауданында, Қазалы, Төретам кенттерінде мәйіт жөнелту мәселесінде ысырапқа жол бермеу туралы көпшілік бірауызды пәтуаға тоқтам жасап және оның дін өкілдері, ақсақалдармен қадағалана бастағанын, сол жақтағы ағайынның ас-садақасына барып келген адамдар үлгі қылып айтып жүр. Бізде де сол дүниені жасауға болады. Қазақта «Тамшы тас теседі» деген мәтел бар. Міне, осылайша сіз болып, біз болып жүрген ортада, қатарлас достарға айта жүріп, бас көтеріп қолдасақ. Қолданысқа енгізудің қиындығы жоқ секілді. Ал, сіз қолдайсыз ба?!

ҚазбекТАЙБАҒАРОВ,
ардагер
16 желтоқсан 2023 ж. 345 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 015

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031