ТУҒАН ЖЕР ПЕРЗЕНТІ
Емшілер де ел үшін еңбек етіп жүрген жандар. Халық денсаулығына қызмет етуде олардың да еңбектері ерен. Кейде емдеу нәтижелерін көргенде таң қаласыз. Әрқайсысының емдеу тәсілі әр бөлек. Барлығы да қайталанбас ерекше қасиет иелері десек, қате емес. Еліміздегі «Шапағат» халық емшілері мекемесі, кәсіби халық емшілерінің республикалық ассоциациясы, кәсіби халық емшілері мен мен дәрігерлерінің дүниежүзілік ассоциациясының президенті болып еңбек еткен тұлға әрі жерлесіміз – Бауыржан Нұржанов еді.
Адам өмірі оның жүрген жолы, жасаған жасымен емес, атқарған еңбегімен өлшенсе керек. Бүгінгі мақаламыз көптің ықыласына бөленген, халық денсаулығын түзеуге еңбегі сіңген емші жайлы болмақ. Ол ел қадірлеген, туған халқының денсаулығын нығайтуға саналы өмірін арнаған, құрмет төрінен көрінген жан.
Б.Әбілдаұлы 1967 жылы Қармақшы ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Ата-анасы Әбілда Нұржанов есепші, Әлия Ұзақбаева мектепте кіші қызметкер болып жұмыс істеді. Отбасында 8 баланың 5-шісі болды. Үш жүздің пірі болған Сыр өңіріндегі атақты Марал ишанның ұрпағы. Нағашы атасы Ұзақбай мен әжесі Бибі ананың қолында тәрбие алған Бауыржанның бала күнінен естігені Құран, көргені мен тыңдағаны діни уағыздар болған. Ишан әулетінде тәрбие алған оның бала күннен-ақ бойында бір қасиеттің бар екенін атасы мен әжесі байқаған. Үлкен кісілер ес білгеннен тазалыққа, адалдыққа үйретіп отырған.
5 жасынан ән салып, ауыл клубы мен мектеп өнерпаздары ұйымының белсенді мүшесі болады. Бауыржанның болашағын құрдастары мен ауылдастары сахна төрінен көретіндерін жасырмайтын. No113 Қаракөл орта мектебін 1984 жылы жақсыға аяқтап, сол жылы Алматы облысына қарасты Қаскелең ауданындағы мәдени-ағарту училищесіне оқуға түсіп, «Режиссер-қоюшы» мамандығын алып шықты.
Баукең «Атам бала күнімде «ата-бабаларымыздың ізін сен жалғастыратын боласың» деп айтып отыратын. Десе де, мектепті бітіргеннен кейін балалық арманмен өнер жолына түстім. Кейбір кісілер сияқты бейіт жағалап, қашып-пыстым дегенді айтудан аулақ болдым. 3 рет түс көрдім. Онда жиырма бес жаста едім. Түстің мағынасынан, жорылуынан Алла Тағала менің халыққа ән арқылы емес, ем арқылы көмек көрсететініме жол нұсқағанын түсіндім» деп ағынан жарылып отыратын.
1992 жылдан бастап шығыс медицинасы бойынша білім алуды бастайды. 1998 жылдан халық медицинасының (емшілік) қара шаңырағы болған орталықтан дәріс алып, 5 мемлекеттің академиясының толық мүшесі, академик атағы бар емшісі болды. Сол жылы Алматыдағы халық емшілері мекемесінің табалдырығын аттап, алғашқы құжатын алды. Мәскеуде өткен «Элита» және І дәрежелі «Гиппократ» алтын медальдарының, емші-космоэнергет, 2005 жылы «І Әлем емшісі» атағының, сондай-ақ «Кәсіби шеберлігі үшін» марапаттарының иегері атанды.
Бірнеше жыл бұрын Қазақстанға іс-сапармен келген араб азаматын тұла бойын алып кеткен псориаз жарасынан екі күнде ешбір дәрі-дәрмексіз, тек қана сумен емдеп жазған. Еліміздің аймақтары мен туған жері – Қармақшы ауылында «Туған жерге тағзым», «Ел ішінде емші жүр» акцияларымен келіп, тегін ем жүргізіп өзінің перзенттік парызын, туған жерге деген құрметін көрсеткен-ді.
1992 жылы құрылған «КХЕРА» ҚБ-нің іргетасын қалаған тұңғыш президенті Әділхан қажы 2008 жылы кезекті семинарда шәкірті Бауыржанға бірлестіктің мөрі мен жарғысын көпшіліктің көзінше тапсырып, батасын беріп, ақ жол тілеген еді.
Ол «Кәсіби халық емшілерінің республикалық ассоциациясы» қоғамдық бірлестігінің президенті қызметін абыроймен атқарды. Үлкен ұжымды басқара жүріп талай таланттың ашылуына үлесін қосып, ұйытқы болды. Мекемеде өзгерістер мен жаңалықтар жасады. Бірлестіктің республикалық мәртебеге ие болуының өзі – оның үздіксіз еңбегінің жемісі болатын. Бірлестіктің 17 қалада филиалдарының ашылып, заңды жұмыс істеуіне де тікелей ықпал еткен өзі еді.
Халық емшісінің ұзақ жылдарғы еңбегі елеусіз қалмады. Ерекше қабілетімен әлемге танылумен қатар, М.Нострадамус атындағы тылсым сыр және Медициналық экология академиясының толық мүшелігіне өтті. Әр жылдарда халықаралық Сократ сыйлығының, ХХІ ғасыр көшбасшысы бағдарламасының «Ұлт зиялысы» аталымы бойынша лауреаттары болды. No1 «Әлем емшісі», «Қазақстанның ғасыр емшісі» және басқа да бірқатар республикалық, халықаралық деңгейдегі атақтарға лайық деп танылды.
Баукең жүрген жерінде тек жақсылық пен қайырымдылық жасауға, адамдарға көмектесуге, денсаулығын жақсартуға уақыты мен ықылас-пейілін жұмсады. Алланың бойына дарытқан, қасиет қондырған аялы алақаны мен оқыған дұғасының қабыл болуымен қоршаған ортасына өлшеусіз үлесін қосты. Азамат ретінде де біраз тұлғалы, үлгі боларлық істер тындырды. Тек бір өкініштісі, осындай абзал жанның арамызда жоқтығы жанға батады.
Гүлнар МЫРЗАХАНҚЫЗЫ