» » Көше атауы берілді

Көше атауы берілді

qarmaqshy-tany.kz АУДАННЫҢ ДАМУЫНА СҮБЕЛІ ҮЛЕСІН ҚОСҚАН АПТАЛ АЗАМАТТАР ЖЕТЕРЛІК. СОЛАРДЫҢ БІРІ – ҚАРМАҚШЫ АУДАНЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ НАЖМАДИН ЫСҚАҚОВТЫҢ АТЫНА КӨШЕ АТАУЫ БЕРІЛДІ.
Есімі елімізге белгілі жас айтыскер ақын Сырым Әділбековтің арнау өлеңімен басталған көшенің ашылу салтанатында аудан әкімі Жандос Еркінбек жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беруде еселі еңбегімен танылған Нажмадин Ысқақовтай тұғырлы тұлғаның өмірі аудан тұрғындарына үлгі-өнеге екенін айтты.
– Қазақ халқы қашанда үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсеткен ел. Өткенін бағалай, қазіргісін саралай білетін халық. Саналы ғұмырын халықтың әл-ауқатын жақсартуға арнап, туған жерінің өркендеуіне қайталанбас қолтаңба қалдырған Нажмадин Ысқақовтай нар тұлғаның есімі мен оның өнегеге толы өткен өмірі уақыт өткен сайын ел есінде сақталып, биіктей береді. Еңбектің ерен үлгісін көрсетіп, артына үлгі қалдырған ардақты азаматтың есімі қай кезде де ұмытылмақ емес, ағамыздың есімі халық құрметімен мәңгі жаңғыра береді, – деді аудан басшысы.
Содан соң сөз алған мемлекет және қоғам қайраткері Бекмырза Еламанов пен еңбек ардагері Исағали Жұмағұлов осындай тағылымы мол, тәрбиелік мәні зор өнегелі іске бастамашы болған азаматтарға ағалық алғаусыз алғысын айтып, асыл азаматтың өнегеге толы өмірі мен еңбек жолынан естелік, жүрекжарды жылы лебізін жеткізді.
Шара барысында көшенің лентасын қию рәсімі тамашаланды. Еңбек ардагері, Қармақшы ауданының Құрметті азаматы Жақсылық Жалғасбаев ағалық батасын беріп, ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді.
Осы жерде айта кететін жайт, бар саналы өмірін аудан экономикасын нығайтуға, өңір тұрғындарының әлеуетін арттыруға арнаған ардагердің өмірі мен еңбек жолына тоқталсақ.
Ол 1934 жылы Ақжар ауылында өмірге келіп, ауылдағы орта мектепті тәмамдаған соң еңбек жолын қарапайым жұмысшы болып бастаған. Жылдар өте Жалағаш, Қармақшы аудандарында бас зоотехник, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы, аудандық кеңесі атқару комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған. Сондай-ақ, облыстық ауыл шаруашылығы өнімдері сапасын тексеру инспекциясының басшысы, аудандық тұрмыс қажетін өтеу комбинатының директоры қызметтерін абыроймен атқарып, құрметке бөленген. 1994 жылы республикалық дәрежедегі зейнеткерлік демалысқа шыққан соң аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін атқарған.
Ел алдындағы елеулі еңбектері үшін «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, ҚазКСР Құрмет грамотасымен, «Халық шаруашылығын дамытудағы үздік жетістіктері үшін», «КСРО азаматтық қорғанысының үздігі» медальдарымен, «Еңбек ардагері» төсбелгісімен марапатталған.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ
04 сәуір 2023 ж. 396 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№38 (10303)

14 мамыр 2024 ж.

№37 (10302)

11 мамыр 2024 ж.

№36 (10301)

07 мамыр 2024 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру!

Хабарландыру!

29 сәуір 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031