» » ОРМАНТАЕВ ФЕНОМЕНІ

ОРМАНТАЕВ ФЕНОМЕНІ

Мамандықтың жаманы жоқ. Оның әрбірінің сыры мен қыры, қуанышы мен қиындығы бар. Алайда, сол мамандықтың ішінен біреуін екшеп айтуымыз заңдылық. Ол – дәрігерлік. Қарапайым ауыл баласының медицинаны бағындырып, дүние жүзіне танылуы – сирек болса да құбылыс. Сондай феноменнің бірі – жерлесіміз Камал Ормантаев.
Ағамыз 1936 жылы Иіркөл ауылында дүниеге келген. Ол елімізге Қазақстандағы балалар хирургиясының негізін қалаушы ретінде белгілі. Ғибратты ғұмырында К.Сәруарұлы отандық медицинаға ұшан-теңіз еңбек сіңіре жүріп, көптеген мапаратқа ие болды. Оның ғылымға қосқан өлшеусіз қызметі медицина ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері сынды абырой-атақпен бағаланды.
Ғалым-дәрігердің өмір жолына тоқтар болсақ, болашақ сала маманы Алматы Мемлекеттік Медицина институтын бітірген. Мұнан соң Қазақ Ұлттық Медицина университетінде ассистент, кафедра меңгерушісі, сондай-ақ 1980-1985 және 1993-2001 жылдары Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының директоры лауазымын атқарған. Саналы өмірін балалар хирургиясына арнаған ғалым әлемдік тұрғыдағы жетістікке қол жеткізді. Атап айтсақ, ол бала бассүйегі мен миы зақымданғанда жүргізілетін емдеу әдісін одан әрі жетілдіріп, жан-жақты зерттеулер жүргізді. Бассүйек пен миға жасалатын отаның тың әдісін ойлап та­уып, сауығуы аса ауыр болып табылатын – өңеш күйігін емдеуде де өз үлесін қосты. Хирург – Қазақстанда педиаторлардың, балалар хирургтарының, анестезиолог-реаниматологтардың, ортопед-травма­тологтардың ғылыми мектебінің іргесін қалаған тұлға. 40-тан аса авторлық куәлік пен патент иеленген. Оның Қазақстан медицинасына сіңірген ерен еңбегі Қа­зақстанның Мемлекеттік сыйлығымен өлшенсе, сол секілді жыл дәрігері номинациясы бойынша екі мәрте «Алтын адам» сыйлығының және «Парасат» орденінің иегері.
Аты аңызға айналған Камал Сәруар­ұлы 14 мыңға жуық баланың өкпе, өңеш, көкірек, құрсау қуысы, бас сүйегі мен бүйрекке күрделі ота жасап, олардың өмірін сақтап қалған.
Педагог-дәрігер КСРО МҒА Педиа­трия ғылыми-зерттеу институтына қа­рас­ты докторантураны бітіріп, диссертация қорғайды. Бұл – 1971 жыл еді. Білім мен тәжірибені қатар ұйыстырған ғалым-хирург Мәскеуде КСРО Педиатрия ғылыми-зерттеу институтының профессоры Анатолий Пугачев жетекшілік ететін балалар хирургиясы клиникасында докторантурада оқиды. Айтулы клиникада докторлық диссертацияны ойдағыдай қорғаған К.Ормантаев профессор атағын алып, небәрі 35 жасында еліміздегі ең алғашқы балалар хирургиясы бойынша ғылым докторы, сондай-ақ ең жас профессор атанады. 32 жасында жерлесіміз Алматы мемлекеттік медицина институтының балалар хирургиясы кафедрасына басшылық етеді. Мінекей, ол 1968 жылдан бастап 2012 жылға дейін аталған кафедраны басқарып, 43 жыл шәкірт тәрбиеледі. Бір жарым мыңнан аса жас маманды үлкен өмірге қанаттандырды. Олардың дені балалар хирургиясы бойынша еліміздің білікті маманы атанып, ұлттық орталықтарда жетекші қызмет етеді. Академик Камал Ормантаев еліміздегі хирургтердің кәсіби білімін жетілдіруде, медицина ғылымының халықаралық деңгейге көтерілуіне көп көңіл бөлді. Студент жастарды тәрбиелей жүріп, Алматы медицина институтының педиатрия бөлімінің деканы қызметін де атқарған болатын.
Бала хирургі ҚР Ұлттық ака­де­миясының толық корреспондент мүшесі, Қазақстанның алдын алу медицина академиясының вице-президенті болып та сайланса, ал 1999 жылы К.Ормантаев «Балалардың травмотология және ортопедиялық ауруларды емдеудің жаңа технологиясы» тақырыбындағы ғылыми еңбегі үшін ҚР ғылым, техника және білім саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанады. Көп ұзамай кеудесіне «Парасат» орденін тағып, тәуелсіз жалпыұлттық «Тарлан-2004» сыйлығын иеленеді. Академик 320-дан астам ғылыми жұмыстың, балалар хирургиясы бойынша 9 монографияның авторы. Оның «Балалар травматологиясы» тақырыбындағы монографиясы әл-Фараби сыйлығымен марапатталған. Бірегей дәрігердің редакциясымен 13 ғылыми еңбек пен материал жинағы, 8 әдістемелік жұмыс ұсынылса, өзі баулыған бірқатар шәкіртімен 22 өнертабыс дүниеге келген. Сол айтпақшы, Камал ағамыз түркітілдес мемлекеттердің педиаторлар ассоциациясының және Қазақстан педиаторлар ассоциациясының президенті. Орта Азия елдері мен Түркия педиаторлар Конгресінің президенті болып тағайындалған.
Академик еліміздің де, өзі туып-өскен туған жерінің де қоғамдық өмірінен тыс қалмайды. Осыдан 3 жыл бұрын аңыз-адамның туған жері – Жосалы кентінде 80 жылдық мерейтойы мәдениет үйінде аталып өтті.
К.Сәруарұлы – Қазақстанның медицина ғылымындағы білім мен білікті, зор ізденіс пен ғылыми жетістіктің жаңа дәуірі. Ол ұлтының адал ұлы, парасатты перзенті. Өмір үшін арпалысқа түскен мыңдаған баланың құтқарушысы. Еңбек пен ерліктің тізгінін қатар ұстаған Академик Камал Ормантаев біздің ортақ мақтанышымыз.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК,
«Қармақшы таңы».
03 мамыр 2019 ж. 1 394 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 000

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031